Kyzylorda-news.kz Кейбір адамдар кредиттің қолжетімді екеніне қуанса, енді біреулер артық төлем мен жоғары пайыздар үшін оны мүлдем ұнатпайды, алайда сіз кредит жайлы қалай ойласаңыз да – ол жай ғана қаржы құралы. Және осы құралды сауатты пайдалануды үйренген жөн.
Fingramota.kz өзіңіздің нақты мүмкіндіктеріңізді қалай дұрыс бағалауға және қалтаңызға салмақ тудырмайтын етіп ресімдеу керектігі туралы айтып береді.
Мақсат және нақты мүмкіндіктер
Кредит – сіздің өміріңізді тез арада жақсартуға, мысалы, қандай да бір қажетті техника, автокөлік немесе тіпті пәтер сатып алуға мүмкіндік беретін өнім. Және ең бастысы, сіз алдағы уақытта кредитті өтеу үшін төлейтін ақша сіздің өміріңізді қиындатып жібермеуі керек.
Кредит ресімдейтін уақытта оның мақсатын түсіну өте маңызды. Яғни, біз қарыз қаражатын не үшін алып жатқанымызды және оны қайда жұмсайтынымызды түсінуіміз қажет. Сіздің нақты не сатып алатыныңызға қарай мақсаттар қысқа мерзімді, орта мерзімді, ұзақ мерзімді болады. Сондай-ақ, мақсаттар орынды, демек қаржылық тұрғыдан сауатты және асығыс шешім қабылданған, яғни орынсыз болады. Бірақ ең бастысы, мақсатсыз кредит – бұл қиын салдарларға әкеп соқтыратын қарыз.
Мысалы, ақша қажет болып, сіз бір миллион теңге сұрадыңыз делік, ал банк сізге екі миллион бере алатыны хабарлайды! Әрине, сіз қосымша бір миллионды қайда жұмсауға болатынын табасыз. Алайда, егер сіз асығыс шешім қабылдап, осы ақшаны бірден алып алатын болсаңыз, бұл әрекетіңіз мүлдем тиімсіз болады.
Ал егер сізге қосымша қаражаты расымен де қажет болып қалса, қаржы ұйымына қайтадан жүгінгеніңіз жөн болады. Әдетте, сізге белгілі бір соманы алдын ала мақұлдаған болса, оны кейінірек пайдалана аласыз. Оған дейін барлығын мұқият жоспарлап алуға уақытыңыз болады!
Әсіресе жастар арасында ең көп тараған мақсат – соңғы үлгідегі смартфон сатып алу. Трендтен қалмау жиі жағдайда қаржылық жағдайға теріс әсер етеді. Бұл жерде мәселе тіпті кредит сатып алу фактісінде де емес, мәселе адамдардың басым көпшілігінің соңғы модельдегі смартфондар мүмкіндігінің тек 30%-ын ғана пайдалануында. Бұл кез келген техникаға да қатысты: компьютерлер мен ноутбуктер, камералар және тіпті тұрмыстық техника. Егер сіз оны қолдансаңыз және ол сізге көмектесіп, өміріңізді жеңілдететін, жақсырақ, тиімдірек ететін болса ғана мұндай затты кредитке алу ақылға сыйымды. Егер сіз мәртебе үшін, бренд қуып, айналаңызды мойындату үшін болса – бұл, әрине, біреулер үшін өте маңызды. Бірақ мұндай заттарды кредитке алмаған абзал.
Келесі талданатын нәрсе – өз мүмкіндіктеріңіз. Біріншіден, заң бойынша сіз барлық кредит бойынша ай сайынғы табысыңыздың 50%-дан аспайтын бөлігін ғана беруге құқылысыз. Егер сіздің кредит жүктемеңіз өте жоғары және кірісіңіздің жартысына жақын болса, кредиторлар, қаржы ұйымдары сізге жаңа кредит бермеуі керек.
Екіншіден, сіз қандай да бір қажеттілікті кредитпен өтеген кезде, біраз уақытқа дейін басқа бір нәрседен бас тартуға тура келетінін есте ұстаған жөн. Бұл сіздің әл-ауқатыңызға әсер етпеуі үшін, сіз отырып, жеке немесе отбасылық бюджетті есепке алуыңыз қажет, әрине онда ай сайынғы кредит төлемі міндетті түрде ескерілуі керек. Ең бастысы –кредиттің не үшін төленетінін, яғни неден бас тартатыныңызды түсіну. Бұл жерде қосымша, әсіресе тұрақты келіп түспейтін кірісті кредитті өтейтін ақша ретінде қарастырудың қажеті жоқ. Ол кенеттен жоғалып кететін жағдайды елестетіп, жоспарды ең жағымсыз сценарийге сүйене отырып жасаңыз. Содан кейін, егер бәрі жақсы болса, кенеттен жоспарланбаған қиындықтар туындайтын жағдайға қарағанда, сізге әлдеқайда оңай болады.
Кредиттің мақсаты туралы тағы бір ереже бар. Ешбір жағдайда қарыз қаражатын тысқары жобаларға, бағалы қағаздарға, криптовалюталарға инвестициялауға болмайды. Ондай құралдар жоғары кіріс түсіреді деп уәде еткенмен, оған кепілдік бермейді. Қарыз қаражаты тәуекелге ұшырамауы керек. Яғни, «қазір кредит алып, инвестицияға саламын, 2 есе пайда табамын» деген жағдай жұмыс істемейді. Егер кредит бизнесті дамыту үшін алынса, ол сіздің бизнесіңіз болуы керек және алған ақшаның сізге одан да көп ақша әкелетінін және оның қалай болатынын нақты түсінуіңіз керек.
Кредитті қалай таңдауға болады?
Fingramota.kz әрқашан зерттеу жүргізуді және бірінші кездескен кредитті ала салмауды ұсынады. Әр түрлі нұсқаларды зерттеп, қайсысы сізге сәйкес келетінін біліп алыңыз. Мұны істеу оп-оңай. Егер сіз кәсіпкер болсаңыз, онда сізге арналған жалақы жобасы немесе дара кәсіпкерге арналған жобасы бар өз Банкіңізге барыңыз. Менеджерден сізге мысал ретінде 1 миллион теңгені есептеп беруді сұраңыз. Алдымен 12, 15 және 18 айға есептеу жасаңыз. Нәтижесінде, бұл мерзімдердің әрқайсысының шарттары мүлдем басқа болып шығады. Айтпақшы, сіз аннуитет кестесін жасауды өтіне аласыз – бұл ай сайын тең төлемдер мен сараланған төлемдер жасау дегенді білдіреді, бұл ретте сіз алдымен сәл көп, содан кейін аз төлейсіз. Біріншісі қысқа мерзімге, екіншісі – ұзақ мерзімге алғанда тиімді болады. Қалай болғанда да, екі тәсілді де зерттеп алғаныңыз жөн.
Дәл осыны тағы басқа екі банкте жасап көріңіз. Сонымен сізде 1 млн теңге мөлшеріндегі бірдей сомаға кредит алудың жиырмаға жуық түрлі нұсқалары болады. Және олардың ішінен ең тиімдісін таңдауға болады. Кейбір нұсқа сізге тиімсіз, себебі артық төлемі көп, оны алып тастаймыз. Екіншісінде ай сайынғы төлем өте үлкен, ол да сәйкес келмейді.
Нәтижесінде алып тастау әдісімен сіз бірнеше қолайлы нұсқаларды таңдай аласыз. Кредиттің төлеуге ыңғайлы, қауіпсіз және тиімді болуы маңызды – ақша алу немесе ақша салу не банктер арасында аударымдар жасау, комиссияларды төлеу үшін кассаға барудың қажеті болмағаны жақсы. Қысқасы, талдау жасаңыз және бірінші нұсқаны емес, ең жақсысын таңдаңыз.
Бұл ретте ең шешуші фактор – жалпы артық төлем. Бұл көп жағдайда кредиттің мерзіміне байланысты, өйткені сіз кредит берушіге ақшаны пайдалану уақыты үшін төлейсіз. Ақшаны неғұрлым ұзақ пайдалансаңыз, соғұрлым артық төлейсіз. Әрине, мөлшерлеме де әсер етеді, кредит мерзімі ұзақ болған сайын, артық төлемді көбірек төлеуге тура келеді. Дәл сол миллион теңгені номиналды мөлшерлеме бойынша 30 немесе 32 пайызбен алсаңыз, айырмасы шамалы болады. Бірақ бір жылға емес, екі жылға алсаңыз, артық төлем әлдеқайда көбірек болады. Екінші жағынан, мерзім неғұрлым қысқа болса, ай сайынғы төлем соғұрлым көп болады. Сондықтан зерттеу жүргізіп, бір жағынан көп төлегіңіз келмейтінін, ал екінші жағынан ай сайын көп төлегіңіз келмейтінін түсінуіңіз керек. Қай жағынан да қолайлы шарттарды табу маңызды.
Айтпақшы, мынадай лайфхак бар. Бірден кредит алудың қажеті жоқ. Көптеген елдерде қағидалар бойынша кредит өтінім берілген күні берілмейді. Қарыз алушы осы уақыт аралығында өз ойына талдау жүргізіп, барлық жағдайды әбден зерделеп, кредит алу қажеттілігінің қаншалықты маңызды екенін саралайды. Өз ойының дұрыс екеніне әбден көзі жеткен соң ғана шартқа қол қояды.
Маңызды! Бөліп төлеу – бұл да кредит!
Бөліп төлеу, кредиттік карталар, ипотека, автокредит те, тіпті 3-4 айға өнімдерден бастап билеттерге дейін кез келген нәрсені бөліп алуға мүмкіндік беретін банктік өнімдер де - бәрі кредит ретінде есептеледі. Айтпақшы, олар да кредиттік тарихына әсер етеді. Ал, олар міндетті түрде БЖК есептеу кезінде, яғни борыш жүктемесі кезінде ескеріледі.
Егер Сіздің атыңызда бірнеше бөліп төлеу болса, мысалы, сізге ипотека немесе ақшалай кредит берілмеуі мүмкін. Айтпақшы, мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Әсіресе жастардың кіріс көзі болғанымен, ипотека бағдарламаларына қатыса алмау жағдайлары жиі кездесіп отырады, себебі олар әртүрлі техникаларға (әдетте смартфондар мен компьютерлерге) бөліп төлеуді өз аттарына ресімдеген болып шығады, осыдан оларда кредиттік жүктеме орын алады. Бөліп төлеуді жауып, келесі кезекті күтуге тура келді. Бұл факторларды да ескеру қажет.
Кредиттік шартқа қол қоймас бұрын нені тексеру керек?
Қосымша факторлар - әр түрлі комиссиялар, тараптардың құқықтары мен міндеттері, мерзімінен бұрын өтеу мүмкіндігі және бұл ретте комиссияның болуы.
Төлем күні. Оны жалақы алғаннан кейін екі-үш күннен кейін қоюға тырысыңыз. Сіз осы уақыт аралығында ақша табуға мүмкіндігіңіз болатындай және техникалық іркілістер болған жағдайда төлем жасап үлгеретіндей болуыңыз керек. Айтпақшы, төлем күнін өзіңіз белгілей аласы, бірақ, әдетте, бұл шартқа қол қойылғанға дейін жасалуы керек, себебі келешекте банктер мен МҚҰ төлем күнін өзгертуге байланысты өтініміңізді бірден орындай қоймайды.
Тараптардың құқықтары мен міндеттері. Олар шартқа қол қойылғанға дейін оны оқып, танысып алғаны жөн. Шартқа қол қою, оның барлық шарттарымен келісетініңізді білдіреді.
Fingramota.kz-пен бірге қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз!
Фото: fingramota.kz