Kyzylorda-news.kz Бүгінде екінің бірінде несие бар. Қарызсыз өмір сүріп жатқандар қатары санаулы. Себебі айлық табыс аз, азық-түлік күн сайын шарықтап барады. Халық күн көріп, бала-шағаны асырау үшін несие алуда. Оған бір ғана мысал, қазір ред арқылы азық-түлік, киім-кешек алушылар қатары артты. Несиені жаңа несиемен жабатындар да жеткілікті. Мәселен, ай сайынғы айлығы 180-200 мың. Десе де қолында миллонның айфоны, астында 5 миллионның көлігі, ипотекаға алған үйі тағы бар. Қазіргі халықтың жағдай осы. Қалтасында артық ақша жоқ, сонда да несие алуға асық. «Қарыз күліп келеді, жылап шығады» деген осы шығар... 

    Бүгінге дейін несие алып, оны жаба алмай, қара тізімге кіріп кеткендер көп. Олардың қарызды қандай жағдайда алса да, келісімшарт арқылы қайтару керек. Дегенмен де несие төлеуге мімкіндігі болмайды, жұмыс болса тағы жоқ. Бизнес бастап, ол ойындағыдай шықпай, несиені төлей алмайтын жағдайлар көп кездеседі. Несиесін төлей алмай жүргендер үшін банкроттық қарастырылады. Ол үшін белгілі бір талабы, заңы, тәртібі бар. Мәселен, сізде табыс көзіңіз болмауы, еш жерде жұмыс істемеуіңіз керек. Егер шартында көрсетілген нұсқаға кіретін болсаңыз, өтініш беруге болады. Бірақ банкроттық жарияланғаннан кейін 5 жыл қайтара несие рәсімдей алмайсыз. Шет елге де шығуға рұқсат жоқ. Науқастанып, емделу үшін онда да дәрігердің анықтамасымен ғана баруға рұқсат етілген.  Жасыратыны жоқ, бүгінде банкроттыққа өтініш бергендер көбеюде. 

   Банкроттыққа өтінішті Е-өтініш қосымшасы арқылы беруге болады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев берешегі бар азаматтардың банк алдындағы несиелері бойынша берешегін есептеп шығару, оларды соттан тыс және сот тәртібімен банкрот деп тану және төлем қабілетін арттыру арқылы көмек көрсетуге бағытталған заңға қол қойды. Осылайша борышкерге ешкімнің көмегінсіз өтініш беруге жағдай жасалды. 

Облыс бойынша 1697 жеке тұлға банкрот деп танылды

    Шынында, банкрот болған адамның бүкіл қарызы кешіріледі ме? Бұл сұрақтың жауабын білу үшін ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ғани Амановқа хат жолдап, төмендегідей жауап алдық. 

Банкроттыққа қатысты қанша өтініш түсті? Облыс бойынша банкрот деп танылғандар бар ма? Олардың қарыз берешегі қандай? 

– 2022 жылдың 30 желтоқсанында «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Аталған заң 2023 жылдың наурыз айынан бастап заңды күшіне еніп, сол уақыттан бастап азаматтардың өтініштері қабылдана бастады. 

Бүгінде облыс бойынша (31.03.2025 жылғы жағдайға) соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы жеке тұлғалардан 14202 арыз түсті (Қызылорда – 7841, Арал – 823, Қазалы – 702, Қармақшы – 1522, Жалағаш – 583, Сырдария – 507, Шиелі – 1064, Жаңақорған – 1160)Оның ішінде 1697 жеке тұлға банкрот деп танылды. Оның ішінде 10300 арыз қанағаттандырусыз қалдырылған, 490 арыз қаралуда.

Борышкердің атына тіркелген мүліктердің болуы (жылжымайтын мүлік, жер телімі (бірлескен (совместное) меншікті қоса алғанда) және көлік құралдары); қарыздың өтеу мерзімі 1 жылдан аспауы; екінші деңгейлі банктермен және микроқаржы ұйымдарынан берешекті реттеу туралы құжаттарының болмауы – арызды қайтаруға негіз.

Сонымен қатар, (31.03.2025 жылғы жағдайға) 22 жеке тұлғаға қатысты сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы сот шешімдері шықты, оның ішінде 7 борышкер бойынша сот арқылы банкроттық рәсімі аяқталды, сондай-ақ 25 жеке тұлғаға қатысты төлем қабілеттігін қалпына келтіру рәсімін қолдану туралы сот шешімдері шықты.

– Банкроттықтың неше түрі бар? Олардың айырмашылығы қандай?

– Заңда  рәсімнің 3 түрі бар. Бірінші – соттан тыс банкроттық рәсім. Ол борышкер соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы арызды «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы, «электрондық үкiмет» веб-порталы және (немесе) арнаулы мобильдік қосымша арқылы белгіленген нысан бойынша береді. Қарыз 1600 айлық есептік көрсеткіштен аспаған және соңғы 12 айда өтелмеген болуы тиіс (төлем жасалмаған). Мемлекеттік тіркеуге жататын мүлік тіркелмеуі (жылжымайтын мүлік, жер, көлік құралдары, ірі қара мал және т.б.). Банкпен, микроқаржы ұйымымен борышты реттеу туралы құжаттың болуы (коллекторлар бойынша талап етілмейді). Сондай-ақ, 6 ай бойы атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алушылар үшін  – борышты өтемеу кезеңінің бөлігінде 1-шарт ескерілмейді (соңғы 12 айда төлем жасалмауы тиіс (өтелмеуі)). Егер қарыз 5 жылдан артық өтелмесе  – жоғарыда аталған барлық шарттар ескерілмейді.

Ал екіншісі, сот банкроттығы – кредиторлардың талаптарын борышкердің мүліктік массасы есебінен қанағаттандыру мақсатында борышкерге қатысты сот тәртібімен жүзеге асырылатын рәсімОл сотпен қарастырылады. Сот банкроттығы барысында борышкердің мүлкі сауда-саттықта сатылады. Егер жалғыз тұрғын үй кепіл нысанасы болып табылса, онда кредитор оны сот банкроттығы барысында алып қоюға құқылыЕгер жалғыз тұрғын үй кепіл болып табылмаса, ол мүліктік массаға енгізілмейдіҚаржы басқарушысы тағайындаладыҚаржы басқарушысының қызметтеріне сыйақы төлеу борышкердің мүлкі есебінен жүргізіледі (айына 1 ең төменгі жалақы көлемінде). Банкроттықты жүргізу мерзімі  6 айға ұзарту мүмкіндігімен 6 ай жүргізіледі.

Үшіншісі,  төлем қабілеттілігін қалпына келтіру – сот тәртібімен қолданылатын рәсім, оның шеңберінде борышкерге борышкердің төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге бағытталған қаржылық, құқықтық және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де іс-шаралар қолданылады.

Заңнаманы түсіндіру мақсатында үнемі түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, атап айтқанда  бұқаралық ақпарат құралдарына мақалалар жарияланып, телеарналарға сұхбаттар берілді, сондай-ақ Департаменттің интернет-ресурсында видеороликтер жарияланып, әлеуметтік желілерінде материалдар орналастырылды.

– Банкрот деп танылған адамға қандай талап қойылады?

– Банктерден және микроқаржы ұйымдарынан бес жыл қарыз алуға тыйым салынады. Қайта банкроттық 7 жылдан кейін мүмкін болады. Банкроттықтан кейін 3 жыл ішінде мүлікті сатып алуды бақылау (мониторинг) жүзеге асырылады.

– Банкрот деп танылғаннан кейін жалақысы жоғары жұмысқа орналасу мүмкін бе? Ол кезде қарызды өтеу керек деген талап қойылмай ма? 

   – Банкрот деп танылған адам жұмыс орнына орналасып, табысы көбейген болса, кешірілген несиесін төлету заңнамада көрсетілмеген. Бірақ банкрот деп танылғаннан кейін азамат үш жыл бойы мемлекет бақылауында болады. 

Мақсат Халық: Ешкім жайдан-жай банкрот болмайды

   Сарапшының пікірінше, банкрот деп танылған адамға арнайы шот ашылып, бар тапқан табысы соған аударылады. Түскен кірістің бір бөлігі отбасының қажетіне берілсе, қалған бөлігі банкке түседі. 

 –  Адамдар аяқ-асты жұмыссыз қалады, еңбекке жарамсыз болады. Сондай сәтте оны коллекторлар, сот орындаушылары жан-жақтан қысады. Жағдайы мүшкіл адамды одан сайын қинайды. Ол да біздің қоғамның бір мүшесі ғой. Неге біз одан теріс айналуымыз керек? Сол себепті біздің елге бұл заңның керек екені сөзсіз. Заң қабылданса, ешкім борышкердің жалғыз үйін тартып алмайды. Белгілі бір шектеулер қойылады, әрине. Мысалы, шетелге шығуға тыйым салуы мүмкін. Бірақ бұл пәтерді алып қоюға қарағанда анағұрлым жеңіл жаза ғой, – дейді.

  Несиесін төлей алмайтын азаматтар үшін жағдай, қолдау білдіру өзге мемлекеттерде бұрыннан бар. Мәселен Ресейде азаматтардың банкроттығы туралы заң 2015 жылдан бері бар. Несиесін үш ай бойы төлемеген және банк алдындағы борышы 500 мың рубль, бізше 3 миллион теңге болса, жеке тұлға банкрот атанады. Алайда банкроттық алу оңай емес. Ол үшін қарызды төлей алмайтыныңды дәлелдейтін көптеген дәлел қажет екен. Ал Канадада адам берешегінен құтылу үшін бар мүлкін банкроттық туралы істі басқарушыға тапсырады. Статистикаға көз жүгіртсек, Ресейде – 5 жылда 1 рет, АҚШ-та – 8 жылда, Испания, Литва және Латвияда – 10 жылда 1 рет, Финляндияда өмірінде тек 1 рет осы рәсімді қолдануға рұқсат етіледі. Ал Қазақстанда азаматтар банкроттықты 7 жылдан кейін қайта пайдалануға құқылы болады деп белгіленбек.

  «Қарызсыз қоғам»: Мамандар не дейді...

      Елімізде «Қарызсыз қоғам» жобасы өз жұмысын басталған. Мақсат – халықтың қаржылық мәдениетін, яғни сауаттылығын арттыру. Ең бастысы несие алуын алып, қайтара алмай жүрген азаматтарға көмектесу. «Қарызсыз қоғам» жобасының Қызылорда облысы бойынша қаржы сарапшысы Балдырған Мәмен жоба жайында кенінен танылды. 

    –  Жобаға қатысқан азаматтарға қаржылық сауаттылықты үйретудің бірнеше бағыты бар. Соның ішінде бюджетті қалай жүргізу керек, жоспарды қалай құру керек? Жалпы халық табысының деңгейі қандай? Егер отбасына тапқан табыс жетпейтін болса, себебі неде? Оның экономикаға тікелей қандай байланысы бар? Осы бағыттарды зерттеп, түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі уақытта несие алу кезінде алаяқтық өршіп тұр. Алаяқтарға алданып қалмау жолдарын көрсетеміз. Сонымен қатар банкроттыққа қалай өтініш беруге болатынын жіті түсіндіреміз. Одан бөлек, қаржылық капиталды қалай инвестиция­ға айналдыруға бола­тынын, кәсіпкерлікпен айналысу үшін демеу болар бағдарламалар туралы ақпарат береміз. Жоба аясында мемлекеттік бағдаламаларды да түсіндіреміз. Құжат жинауға көмектесеміз. «Қарызсыз қоғам» жобасы үш жылдан бері жүзеге асып келеді. 2023 жылы пилоттық жоба ретінде өткізілді. 2024 жылы барлық облысты қамтыды. Оның ішінде  Қызылорда облысы бар. Былтыр 8 мың адамды оқытамыз деп жоспарладық. Артығымен орындап 11 200 адамға  сертификат табыстадық. Бұрын жобаға кез келген ниетті азамат қатыса алатын. Биылдан бастап өзгеріс енгізілді. Яғни несиесін 90 күннен кешіктіріп, төлей алмай жүрген, банкроттыққа өтініш бере алатындар да қатысады. Бұл мәселе қайдан туындады? Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің берген ақпараты бойынша 8 миллион 400 мыңнан астам Қазақстандық азаматтың несие қарызы бар екен. Үкіметті және тиісті сала мамандарын алаңдатып отырған мәселе 1 миллион 500 мыңға жуық азамттың 90 күннен аса кешірілген несиесі бар. Биыл осыған орай – жоба аясында осы азаматтарды оқытып, оларға құқықтық көмек көрсетуді негізге алдық. Басты мақсат –  осы. Білім алушылар сертификат алған соң заңгер көмегіне жүгіне алады. Заңгер сот арқылы, соттан тыс банкроттықты жүзеге асыруға тегін көмектеседі. Кестесін қайта жасатуға, банкроттық жариялауға да көмектеспек. Осы қызметтерді көрсету үшін құжаттарын жинақтап, Астанадағы заңгерлерге сайт арқылы жолдаймыз. Әрі қарай заңгерлер хабарласып, сол мәселе бойынша жұмыс істейді. Қазіргі таңда банкроттыққа тапсырып жатқандар да бар. Қайта құрылымдауды сұрап жатқандар да кездеседі, – дейді Балдырған Мәмен. 

 P.S. Жоғарыда атап өткендей, елімізде несиеге өмір сүретін адамдар жетерлік. Заң жобасын жасаушылар «бұл өмірді жаңадан бастауға мүмкіндік беретін механизм» дейді. Яғни, өзін «банкротпын» деп таныған адамның несиелері жабылып, бәрін жаңадан бастауға жағдай жасалады. Сондықтан аталған заң көпшілікке пайдасы тиері сөзсіз...

 

 Мөлдір САБЫРЖАН

Фото: Нұрболат Нұржаубай

 

Тағы да оқыңыз: