Kyzylorda-news.kz 17 наурыз - "Ұлттық спорт-ұлт салауаты" ұлттық ойындар күні. Осы атаулы мерекеге орай Жаңақорған ауданында  қазақша күрес, асық ату және тағы басқа да ұлттық ойын түрлерінен жарыстар өткізілді.

Ұлттық құндылықтарымызды насихаттау мақсатында жасөспірімдер арасында қазақ күресі, еркін күрес, асық ату, ләңгі тебу түрлерінен аудандық спорттық жарыстар ұйымдастырылып, жүлдегерлер аудандық мәдениет және спорт бөлімінің грамоталарымен марапатталды.

Ұрпақ тәрбиесінде ұлттық ойындардың маңызы зор. Баланың буыны қатып, алты жасқа жетіп, ақылы кірген сәттен-ақ ойын баласына асық жинауды үйретіп, астан қалған асық сүйегін лақтырмай, қалтаға жинаудың өзінде әкенің үлкен тәрбиесі жатыр. «Асық атудан» бастау алатын қазақы ойындардың қатары өз уақытына сай «Көкпар», «Теңге ілу», «Тақия жасыру», «Алтын қақпа», «Ақсерек – Көксерек», «Айгөлек», «Ақ сандық – Көк сандық», «Ақ сүйек» сияқты болып жалғасып кете береді.

Әлемдегі ең қаны таза, ақыл-парасатымен кемеңгер, дана саналған қазақ халқының өмір салтында бала тәрбиесі, ұрпақ тәрбиесі басты назарда болғаны бесенеден белгілі. Десе де, сол тәрбиенің өзін жан-жақты бағытқа салып, философиялық тұрғыда тұжырымдап, қарапайым ойын арқылы баланы тәрбиелей білген халықтың өзіне тән ойындарының қайсысын алып қарасақ та тәлім мен тәрбиеге, тағылым мен таңданысқа толы. Асық ату арқылы мергендік пен шапшаңдыққа баулыса, ат үстіндегі ойындар арқылы мықтылық пен жігерлілікке баулыған. Жануарды жүгендеп, өз мақсатына жетуді көздейтін шабандоздық пен ептілікке баулыған.

Ұлттық ойындар екі топқа бөлінеді, спорттық және ақыл ойға арналған ойындар болып. Спорттық ойындарға: қыз қуу, көкпар, ақсүйек, арқан тартыс т. б жатса, ақыл ойға арналған ойындарға тоғызқұмалақ, асық ойындары жатады. Ұлттық ойындарға мына ойын түрлері жатады: «Тоғызқұмалақ», «Бәйге», «Асық», «Ақсүйек», «Арқан тарту», «Қыз қуу», «Көкпар», «Күміс алу», «Жамбы ату». Бұл ойындар баланың еңбекке деген қарым - қатынасы мен ойлау қабілеттерін арттырады және баланы шымыр да епті, зерек те алғыр, тапқыр да парасатты болып өсуге тәрбиелейді.

Жасырын емес, бүгінде ұлттық ойындар ел жадынан ұмтыла бастады. Батыстың менталитетіне бой ұрамыз деп, ұлттық құндылықтарымызда құлдырап бара жатыр. Рухани жаңғыру, ұлттық код, ұлттық идеология терминдері ұсыныла басталғалы, ұлттық ойындарды дамытудың да негізгі критерийлері сөз болуда. Ұлттық ойындардың маңызын арттырып, дамытуда, балаға білім мен тәрбие беретін мектептердегі дене шынықтыру пәні мұғалімдеріне артылар жүк те аз емес.

Аталмыш мақсатты негізге алып, өзім дәріс беретін «Қыран» негізгі орта мектебінде қазақ халқының ұлттық мейрамы саналған Наурыз мерекесінде «Ұлттық PARTY» сайысын ұйымдастырдым. Сайыс барысында оқушылар арасында «Асық ату», «Жамбы ату», «Арқан тарту», «Көзмерген» сынды тартысты додалар орын алып, оқушылардың қызығушылығын арттыра түсті.

Бұл үрдіс тек ұлттық мейрамда бастау алмауы керек деген мақсатпен, әр айдың белгілі датасына қойып, ұлттық ойындарды жиі өткізудемін.
Бүгінде қала түгілі ауыл баласының асық атысып ойнағанын көре бермейміз. ХХІ ғасырда компьютерлік ойындарға сұраныс жоғары. Оған планшет, смартфон арқылы онлайн ойнайтын ойын түрлерін қосыңыз. Мұның бәрі жасөспірімнің психологиясына кері әсер етіп, денсаулығына зиян келтіреді. Сондықтан икемділікті, ептілікті дамытатын ұлттық ойындар, оның ішінде, асық ойынын мектепте насихаттау маңызды.

– Асық ойынының бала денсаулығына пайдасы орасан. Әсіресе баланың қан айналым жүйесі мен есте сақтау қабілетінің жақсаруына ықпалы жоғары. Дене жаттығуларының аздығы ұрпағымыздың физикалық, психологиялық дамуын тежеуде. Міне осының алдын алу мақсатында мектеп лигасы бағдарламасына асық ату, бес асық ойындары енгізілді. Енді бұрынғыдай оқушылар асық жинап, ұлттық ойынның дамуына атсалысады деген ойдамын. Асық ойынының бірнеше түрлері бар. Құмар, тәйке, омпы, хан алшы. Ойын барысында көздеу,  дәлдеу, лақтыру, иіру, жүгіріп, секіру арқылы баланың бұлшық еттері қозғалысқа түседі, – деді әдіскер.

Білім және ғылым министрлігімен Ұлттық мектеп лигасы бекітіліп, 2019-2020 оқу жылынан бастап енгізілді. Бұл – «Ұлттық ғылыми – практикалық дене тәрбиесі орталығының» директоры, ұлттық спорт жанашыры Садық Мұста¬фаевтың бастамасымен қолға алынғанын айту керек. Мұның тиімді тұстары көп. Бұрындары мектепте оқушыға спорттың әліппесін үйреткен пән мұғалімінің еңбегі ескерілусіз қалатын. Енді дене шынықтыру пән мұғалімі оқушысын баптап, жарысқа шығаруға мүмкіндік алды. Бұл – мұғалімнің еңбегін бағалауда және аттестациялауда септігі мол. Қайрат Пәйізұлының айтуынша, аудан мектептерінде ұлдар арасында асық ату, қыздар бес асық ойынынан түрлі мазмұнда шаралар өтуде.

Бес асықтан Өзгент ауылындағы №245 мектептің 5-6-шы және 9-11-ші сынып оқушылары облыстық лигада аудан намысын қорғайды. Сондай-ақ Жаңақорған кентіндегі №110 мектеп-лицейінің 7-8-ші сынып білімпаздары да дайындық үстінде. Асық атудан Біржан Иманбаев пен Нұрлан Тұрабай, бес асықтан Нұрлан Шәменов пен Индира  Манасбайқызы аудандық лигаларда төрешілік етеді екен.

Асық ойыны ұлттық мектеп лигасына енгенімен білім ордаларында әлі үйірмелер жұмысын басталмағанын айтты жауапты маман. Қазірше дене шынықтыру пән мұғалімдеріне сыныптан тыс жүктелген. Сондықтан мектеп директорлары ұлттық спорт ойындарының дамуына мүдделілік танытқаны абзал.

Әр ұлттың өз дәстүрі мен өзгеге ұқсамайтын құндылықтары бар. Осы ұлттық құндылықтарды өзіміз дамытпасақ, өзгенің жаны ашымасы анық. Ел арасында дарынды, қабілетті жастар көп. Олардың дарынын ашып, қабілетін шыңдауда ұлттық тәрбиенің маңызы зор.

– Бүгінде ұлттық ойындарымыз қамқорлық пен жауапкершілікті талап етіп отыр. Асық ойынына баланы жастайынан баулу ұлт алдындағы міндет. Ұлттық ойын түрлерінен мектеп оқушыларының білімдерін қосымша үйірмелерде тереңдетіп оқыту маңызды. Сонда ғана ұлттық тәрбиені болашақ ұрпағымыздың бойына сіңіре аламыз, – дейді.

Ұлттық мектеп лигасына 10 спорт түрі енгізілген. Әрине кез-келген спорт түрін қолдаушылар болмаса дамуы қиын. Бұл ретте, білім бөлімінің қолдауын айта кету керек. «Жаңғырған Жаңақорған жастары» қорының демеуі де көпке үлгі. Олар бұған дейін өткен жарыстарға демеушілік жасаған екен.
Ұлттық ойын түрлерін одан әрі жетілдіруде осындай игі бастамалардың берері мол. 

Жалпы, түйіндей келгенде, бала тәрбиелеуде, ұлт болашағы саналатын ұрпақ тәрбиелеуде ұлттық ойындардың маңызы мен мәні зор. Бұл – балалардың болашағына балта шабатын құмар ойындарға деген құштарлықты болдырмайтын бірден-бір жол..

Тағы да оқыңыз: