Kyzylorda-news.kz.  14 наурыз – Көрісу күні ежелден ұлық мерекелердің бірі. Елдің тыныштығы мен бірлігін көрсететін аталмыш мерекеде жасы кіші үлкенге арнайы барып сәлем беріп, батасын алып жатады. Осы дәстүр бойынша Жаңақорған ауданының орталығында арнайы іс-шара өтіп, жиылған жұрт бір-бірімен қауыша төс қағыстырып, қол алысып, қуана көрісті.

Тағылымдыіс-шараға Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары Бектас Нуридинов арнайы қатысып, барша жиналған жұртшылықты амал мерекесімен құттықтады.

– Баршаңызды ең алдымен табиғаттың жаңа түрге еніп, тіршілік атаулыға үлкен серпін берген көктемнің шадыман шаттығымен келген Амал мерекесімен құттықтаймын! Ғұлама Мәжһүр Жүсіптің айтуынша Наурыз мейрамын халқымыз 9 күн тойлаған. Тоқсан күн толғатқан қыс маусымы 13 наурызда ескі жылмен шығып, 14 наурызда жаңа жыл кіреді. Қыстың қыспағынан аман шыққан ағайын бір-бірімен құшақ айқастыра амандасатын осы күнді «көрісу күні» деп ерекше ұлықтайды. 9 күн ішінде, яғни, әлемдік уақыт бойынша 20-21 наурызда күн мен түн теңеседі. Осының барлығын біздің Түрік халықтары терең білген, соның ішінде қазақ халқы. 
Тоқсанның шығуы деп неге айтқан? «Тоқсан шықпай тіршілік түзелмес» дейді қазақ. Наурыздың 13-нен 14-не шыққан түні қазақ халқы шырақ жаққан. «Шырағың сөнбесін» деп бір-біріне тілек айтқан. Кісісі қаза болған отбасы қырық күн бойы шырақ жағып қоятын дәстүр қалыптасқан. Осының бәрі бір- бірімен тікелей байланысты. Қазақ отты күннен жетті деп санаған. Шығыс халықтары жылдың басын тышқаннан санаса, қазақ ұғымында тышқанның ең мықтысы балпақ тышқан. Жердің бетіне балпақ тышқан шыққан кезден тіршілік түрленеді, табиғат оянады деген ұғым болған ұлтымызда. Сөздік лексиконымыздағы «балпаң – балпаң басарсың, басуға табан шыдаса» деген тіркес осы балпақ тышқанға қарата айтылса керек. Балпақ тышқан толық дене-тұрқын кішкене аяғымен қалай көтеріп тұр? Осының барлығы біздің ата бабамыздың табиғаттың барлық ерекшелігін білгендігі, сезінгендігі, соны өзінің тіршілігіне ұзатып, өмірінің мәніне айналдыра алғандығында. Араб цифры жүйесіндегі 9 санының таңбалануында да өзіндік бір ишара бар. Нумерология ғылымында 9 деген санды көзіңізге елестетіп көріңіздер, бұл адам деген мағынаны білдіреді, сондықтан да ескі жыл кетті, жаңа жыл кірді, адам түрленді, жаңарды деген сөз. Көрісу күні - Амал мерекесі халқымызға құт - берекесімен, ырыс - ынтымағымен келсін!,– деп ақжарма тілегін жеткізді.

Айтулы мерекеде домбыраны сөйлеткен күйшілер мен жыршылар өнерлерін ортаға салып, «Қамшы ілу», «Қарғыбау» секілді дәстүрлер көрініс тапты. Қазақы нақышта киінген жұрт ұлттық тағамдардан әзірленген дастарқаннан дәм татты.

Бауырсақ иісі аңқып, енді бір жерде қазан-қазан палау пісіріліп, құрт-майы дастарханда самсап тұрғаны қандай тамаша. Жетектегі баладан жетпістегі қарияға дейін елмен бірге Ұлыс күнін атап өтті. Үстінде шапаны, басында тақиясы бар ақсақалдар мен оюлы бешбеті, ақ жаулығын оранған әжелер ақ батасын беріп, ел тілеуін тіледі.

– Қазақтың осындай дархан көңіл, кең пейілін нарықтық заман бұзбасын, кешегі бауырмал елдің тілеуі бейбітшілік пен береке, татулық пен тұрақтылық. Осындай игі амалдарды жарастырып, жарылқайтын «Көрісу» мерекесі құтты болсын. Бүгін немерелеріе бола шыққан едім, алайда, осынау кереметтерді көріп көңіл бір марқайып қалды. Ең бастысы, жұртымыз аман, бейбіт заман болғай! – деді Ақжарқын апамыз.

Көрісу – жаңару мерекесі. Қар еріп, көк шығып, табиғаттың оянатын кезі. Көктемнің лебі сезілетін уақыт. Көрісу – ежелден келе жатқан, қазақ болмысын айшықтайтын, қазақылықтың бүкіл сипатын бойына жиған, дәстүрдің дәріптеліп, рухтың жаңғыратын мейрамы. Бұл күн табиғат пен адам үйлесімділігі, үндестігінің деңгейін еселей түсетін секілді. Жыл басы ретінде дәл осы наурыздың таңдалып алынуы да тегін болмаса керек. Расымен, ерте көктемде тіршіліктің жаңарғанын, жаңа күннің орнағанын сеземіз. Жер-жаһан қайта түлейді. Қарт кісілер «Қытымыр қыстан аман-сау шықтық» деп шүкір етеді. Шаруа малын көкке жіберіп, көңілі жайланады. Жастар жағы бір-бірімен жүз көріскендеріне қуанса, ойын балалары жазық далада асыр салып, тыныстары кеңіп қалады.

Тарихи көрініспен басталған мерекелік бағдарлама аудандық мәдениет үйі мен ауыл өнерпаздарының өнеріне жалғасты. Аудан аумағында орналасқан өндіріс орындары орталық алаңға дастархан жайып, ас-ауқат ұсынды. Сондай-ақ, әлеуметтік көмекті қажет ететін бірнеше отбасына «Наурыз қоржын», «Наурыз кәде» сыйлығы үлестірілді. Ал аудан әкімдігіне қарасты барлық бөлім және мекеме қызметкері мыңға жуық тұрғынға наурыз көже таратты. Әрине кез - келген мереке спорттық шарасыз өтпейтіні анық. Қол күрес, арқан тартыс, асық ату, гір тасын көтеру сынды ұлттық ойындар ойнатылды.
Тойдың шырайын Бәден Айсынов жетекшілік ететін Әлшекей атындағы ұлт-аспаптар ансамблі кіргізді.

Осындай мағыналы да, мәдени ша¬раға демеуші болған «СКЗ-U» ЖШС, «Қызылқұм» ЖШС және «Байкен-U» ЖШС өндіріс орындарының басшыларының қызметін атап өткеніміз жөн. Сондай-ақ, аудан әкімдігі арнайы «Жаңақорған шипажайының» басшысы Бақытжан Амангелдіұлына, ветеринар Марат Қасымұлына, шараны жоғары деңгейде ұйымдастырған аудан әкімінің орынбасары Дархан Есалыұлы жетекшілік ететін аудандық білім бөліміне, аудандық ішкі саясат бөлімі, аудандық емхана ұжымына, Жаңақорған кенті әкімдігіне ризашылығы білдірді.

Ал, той-думанның негізгі сценарийін әзірлеп, қалың жұртты қаһарман рухпен қауыштырған мәдениет майталмандары – Зулфия Шалабаева мен Дінмұхаммед Әбжаппаровтың еңбегін айрықша айтпауға әддіміз жоқ. Тәңір тудырған талант жемісі осындай болса керек-ті.

Тағы да оқыңыз: