Kyzylorda-news.kz  Егер «ғылымдардың атасы» саналатын философияны қоғам дамуының көрсеткіші деп бағалайтын болсақ, қазіргі қоғам постмодернизм философиясына ұқсас дамып отыр дер едік. Басқаша айтқанда, біз өмір сүріп жатқан қоғамымыз - көпөлшемді, қарама-қайшылықты, мемлекеттер арасында мәдениеттегі шекаралар жойылған, әртүрлі бағыттар мен идеяларға толы, реттілік, қоғам дамуының белгілі бір заңдылықтарына сүйену ғана емес, ретсіздік, хаос та бар құндылықтары ауыспалы орта. Адами қарым-қатынаста өзара әсерлесу, бір-бірін оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерінің көптігі анық біліне бастады. Сондай-ақ, осы әралуандылық күнделікті тұрмыстағы сән /мода/ өнерінен бастап саясатта да айқын байқалып отыр. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де қызмет жасайтын ғалым ГүлжиҺан Жұмабайқызы «Қазіргі адамзат бұрынғыға қарағанда еркін, бірақ Гегельдің «абсолюттік еркіндік адамды ойына келгенін жасауға итермелеп, түбінде құбыжыққа айналдыруы мүмкін» дегенін де ұмытпау қажет» деп атап өтеді. Бұдан адамды да, қоғамды да гуманизациялау қажет деген қорытынды шығады. Біздің мысалымызда аталған меже үдесінен шығудың бірден-бір жолы интеллектуалдық ұлтқа айналу болмақ. «Оқитын ұлт» идеясы осы мақсаттан туындаса керек. 

Президентіміз Қ. К. Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 2020 жылғы 22 қазанда өткен төртінші отырысында «Беделді халықаралық зерттеу қорытындылары біздің оқушылардың оқу сауаттылығы бойынша дағдылары жеткілікті деңгейде дамымағанын көрсетіп отыр. Сондықтан оқу мәдениетіне баулу, оқу сауаттылығын дамыту еліміздегі орта білім беру ісінің басым бағытына айналуға тиіс... Сонымен қатар, отандық кітапханалар өздерінің ағартушылық рөлін жоғалтпай, заманауи талаптарға сай болуы қажет» екеніне тоқталған болатын Ал киелі Түркістанда шақырылған былтырғы Ұлттық Құрылтайда «Шын мәнінде, кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады. Біз жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз керек... Мартин Лютер Кинг сияқты менің де көкейімде жүрген бір арман бар, бұл – тәулік бойы жұмыс істейтін Президент кітапханасын ашу. Мен мұндай кітапхананы Анкарада көрдім. Оның оқырмандары әлемнің әр түкпірінде басылып шыққан көркем шығармаларды, арнаулы әдебиетті оқи алады. Мұндай кітапхананы елімізде де салуға болады деп ойлаймын» деген орамды ойын ортаға салды.

Ұлттық Құрылтайдың Атыраудағы биылғы шақырылымынының «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында «Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады... Өздеріңізге мәлім, мен былтыр Түркістанда өткен құрылтайда елімізде тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхана салу туралы айттым. Ондай кітапханалар көптеген елде бар. Облыс әкімдері осы жақсы тәжірибені жалғастыруы керек. Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек» деп түйіндеген болатын. Бұл саясаттағы тұрақтылық пен бірізділіктің көрінісі десек орынды болмақ.

Мемлекет басшысының отандық мәдениет саласын ілгерілетуге бағытталған нақты қадамдары біздің облыста ағымдағы жылды «Руханият жылы» деп жариялауға алып келді. Бұл аймақ басшысы Н.М.Нәлібаевтың Президенттің бастамаларын қуатты қолдауының айқын айғағы, көпвекторлы мемлекет дамуындағы басты трендтерді тани алған мемлекет басшысы мен оның өзі тағайындаған облыстағы өкілі арасындағы өзара саяси үндестік десек артық емес. Дана халқымыздың «Көңілі жақсылардың алтын сандық, Сандықты кілт болмаса кім ашады» - деп жыр төккеніндей, әр құбылыстың өз кілті болады екен. Қоғамды адам қолымен жасалатын түрлі кеселдерден, соның ішінде, салт-дәстүрімізді тәрк етіп рухани азғырудан арылтудың кілті – мәдениет саласына, яғни руханият дүниесіне жіті көңіл бөлу дер едік. Пікірімізге тұздық болу үшін салада осы жылдың өзінде-ақ бірқатар атқарылған жұмыстарға тоқтала кетейін. Мәселен, соңғы екі жылда аймақтың мәде¬ниет пен руханият саласында ауқымды жұмыстар атқарылды. Қызылорда қала¬сында жерлесіміз Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен құны 1 млрд 700 млн теңге болатын «Анаға тағзым» орталығы ашылды. Сондай-ақ 1 млрд 500 млн теңгеге салынған «Отбасы орталығы», 1000 орындық «Өнер орталығы», «Жыраулар үйі» өз қызметін бастады. Бұған қоса, мәдени-тарихи нысандардың қолжетімділігін арттыруға негізделген өңірлік бағдарлама аясында кітапханасы тәулік бойы жұмыс істейтін 7 «Руханият орталығы» салынады. Соның алғашқысының құрылысы Сырдария ауданы Тереңөзек кентінде бастау алды.

Өткен аптада облыстағы білім беру ұйымдарының жай-күйіне арналған кеңейтілген мәжілісте Мемлекет басшысының «Адал адам» концепциясы аясында өңірдегі барлық елді мекендегі клубтар мен мәдениет үйлерінде «Адал адам» рухани-мәдени орталықтары ашылатыны мәлім болды. Орталықта балалар мен жасөспірімдер қосымша білім алады. Алдағы уақытта балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын шыңдау мақсатында облыс орталығынан «Шығармашылық академиясы» салынатыны белгілі. Ұлтымыздың көрнекті ақындарының бірі Омарғазы Айтанұлының «Табиғат философиясы» деген дастанында «Ескі өлең ұйқастарына жаңа өлең симайды, Өлең жолдары күреспен өседі. Табиғат мазмұны мұнда жиналып, Ақын қиналып, Тағы бір формаға көшеді» деген шумақтарды оқуға болады. Осында О.Айтанұлы ақынға тән сезімталдықпен уақыт факторын екшегенде ескі мен жаңаның қиюласпайтынын дәл көрсетіп тұр. Атырауда кешегі өткен Ұлттық Құрылтайда мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев ұсынған «Адал азамат» идеясы жаңа немесе Әділетті Қазақстан идеясымен үндесіп жатыр. Ол көрсеткендей «адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам». 

Әрине, адал азамат топ етіп көктен түсе қалмайды, оны тәрбиелеп шығаратын қоғамдық орта десек жаңалық ашқандай болмаспыз. Бұл жерде басты нәрсе қоғамда әр буынның рухани-танымдық шекарасы нақты айқындалған өзіне тән және тиесілі орны мен жауапкершілгі болуы қажет деп ойлаймын. Президент «алдымен ел ағаларының арасында ауызбіршілік болуы керектігіне, олардың ұрпаққа өнеге болатын кесек әңгіме айтуы қажет екеніне» айрықша мән берді. 

Мәдениет саласында алдағы күндері өмірге енетін жағымды жаңалықтар қатарында Сырдария өзенінің сол жағалауынан Сыр өңірінің құнды жәдігерлері мен экспозицияларын кеңінен дәріптеу мақсатында жаңа өлкетану музейі бой көтеретінін де атап өткіміз келеді. Әрине, бұл тізімді әрі қарай соза беруге болады. Себебі, ауыз толтырып айтарлықтай атқарылған ауқымды істер жеткілікті. Шүкіршілік. Жазушы, алаштанушы Т.Жұртбайдың «Жансар» атты кітабында О.Сүлейменовтің болмысы, өткені жайлы айта келіп, «оның дұшпаны - әрбір атқан оғынан кейін мәдениетті бір мезет мылқауға айналдыратын малғұндар» деген еді. 

Сала бойынша жасалып жатқан жаңа жұмыстар легі тереңінде мәдени тоқырауға ұшырамай, серпінді дамуға бет бұрғандығымыздың айқын айғағы. Елдің еңсесін көтеретін қуаныш. Болашақ үшін жүректерде ұялайтын сенім. Сөзімнің қорытындысына ақиық ақынымыз Әбдіраштың Жарасқанының «Кірісу» жырынан алынған бір шумақты келтіргім келді. Ол:"Кіріспе" демей, "Кірісу" қойдым жыр атын, Кірісу менің-міндетім, хақым, мұратым. Өмірде мынау бәріне, бәрі бәріне, Кірісу керек, кірісу керек шын ақын!, - деп толғайды. Нағыз іскер басшы, нағыз әкім де әр іске еркін кірісіп кете алатын іскерлігімен ерекшеленсе керек. Бұл байламды біз аймақ басшы Н.М.Нәлібаевқа қатысты шынайы мақтанышпен айта аламыз. Өзім қызмет жасайтын саладағы жарқын істер облыстағы басқа да ондаған салаларда жүзеге асып жатқан қыруар жұмыстардың бір бөлігі, жүзден бірі ғана. Қасиетті Сыр елінің болашағына жасалып жатқан осынау ауқымды да, игілікті істердің ұйытқысы аймақ басшысына барлық кітапханашылар мен оқырман қауым атынан кітапхана ісін дамытуға көрсетіп отырған қамқорлығы үшін зор ризашылығымызды білдіреміз.

Нұрлыбек Кәрібозұлы Мыңжас,

 Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының директоры

Тағы да оқыңыз: