Kyzylorda-news.kz Бейбарыс сұлтан көшесінің бойында жақында жаңадан зәулім ғимарат ел игілігіне пайдалануға берілді. Бұл қай ғимарат десеңіз, өнер орталығы. Аты айтып тұрғандай, өнер ордасында өңірдің тек өнерлілері жиналған. Расында, қыдыр дарып, бақ қонған Сыр елі қашаннан хас таланттарды тоғыстырған өнегелі өңір. Жыр елі атанған бұл өлкеде жақында тағы бір мәдени-рухани орталықтың сән-салтанатпен ашылғаны белгілі. Сол сәтті барлық БАҚ өкілдері жазды. Елдегі қуанышты халыққа жеткізді. Ашылу салтанатында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев сөз сөйлеп, орталыққа жоғары бағасын берген еді. 

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Ұлт мәдениеті – халық өмірінің айнасы. Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты. Азаматтарымыздың рухы әрқашан биік болуы үшін мәдениетімізге, яғни руханиятымызға баса мән бергеніміз жөн» деген болатын. Сыр өңірі – шежіре тұнған, халықтың асыл мұралары сақталған алтын көмбелі мекен, қазақ театрының алғашқы қазығы қағылған жер. Аймағымыздың киелі сахнасынан мәдениет майталмандары мен өнер тарландары түледі. Қызылордада осындай өнер ордасына қажеттілік заман үдерістері мен көрермен талғамына сәйкес туындады. Аз ғана уақыттың ішінде құрыш қолды құрылысшыларымыздың кәсіби шеберлігі арқасында көз алдарыңызда сәні мен сәулеті келіскен өнер орталығы бой көтерді. Өнер орталығы – еліміздің рухани қазынасын толтыруға, мәдениеті мен өнерін асқақтатуға қызмет ете берсін, – деген болатын аймақ басшысы

Жаңа серпіліспен жұмысты бастап кеттік Бұл – облыстық филармония басшысы Талғат Мақаштың сөзі. Жаңадан ашылған орталық жұмысын қалай бастады? Жалпы өнер иелері отыратын ғимараттың жай-күйі қалай? Осы мақсатта өнер орталығына барып, ұжымымен тілдесіп, рухани орданың аурасын сезініп, қайттық. Айта кетсек, өнер орталығының іргетасы 2022 жылдың қыркүйек айында қаланды. Құны 3,7 миллиард теңгені құрайтын зәулім ғимаратта симфониялық, эстрадалық және ұлттық өнер бағытындағы концерттік бағдарламалар, түрлі форматтағы қоғамдық іс-шаралар өткізіледі. Әсем ғимаратқа облыстық филармония ұжымы қоныстанған. 

– Ақ тілектеріңізге рахмет! Расында, біздің ұжым жаңа ғимаратта жаңаша серпіліспен жұмысын бастап кетті. Осындай үлкен шаңыраққа қол жеткізуімізге қолдау білдірген аймақ басшысына ризашылығымыз мол. Негізі өңіріміздегі өнер ордасының бірі – Қызылорда облыстық филармониясының тарихы Нартай Бекежановтың есімімен тығыз байланысты. 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің алғашқы онкүндігінен елге оралысымен Нартай ақын елдегі ақын-жыршылар мен әнші-күйшілердің басын біріктіріп көркемөнерпаздар үйірмесін ашады. Кейін осы үйірме үлкен ансамбльге, кейін облыстық филармонияға айналды, – деді Талғат Бақытбекұлы. 

Жалпы облыстық филармония 1972 жылы 16 қарашада Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің №253 бұйрығы негізінде құрылып, өз жұмысын 1973 жылдың қаңтарынан жүргізе бастады. 1972 жылдың аяғына дейін Қызылорда облысының аумағында өткізілетін концерттердің барлығын Шымкент қаласындағы эстрадалық-концерттік бюро ұйымдастырып отырды. Филармония сол кезеңде «Қазақконцерт» бірлестігіне тікелей бағынып, облыстық мәдениет басқармасы басшылық жасады.

Алғашқы жылдары сазгер Тәңірберген Қалауов жетекшілік етіп, сол тұста «Сыр күмбезі» фольклорлық ансамблі, «Ақтолқын» эстрадалық ансамблі жұмыс істеді. Фольклорлық ансамбльге белгілі жыршы-термеші Ақмырза Тұяқбаев, әнші Фатима Төлегенова, ал эстрадалық ансамбльге Қиынбай Сақтағанов жетекшілік еткен.

– Қазір Қызылорда облыстық филармониясында 8 өнер ұжымы – Тұрмағамбет атындағы халық аспаптары оркестрі, «Сыр самалы» вокалды-аспапты, «Томирис» би, «Ақмешіт» фольклорлық ансамбльдері, камералық оркестр, «Тұран» триосы, «Әдемі» балалар музыкалық театр студиясы, «Қорқыт сазы» қобызшылар ансамблі бар. Сыр елінің өнері мен мәдениетін алыс-жақын шетелдерге таныстыру, насихаттау бағытында филармония ұжымы Түркия, Өзбекстан, Ресей, Татарстан, Босния-Герцеговина елдері мен АҚШ-тың Нью-Йорк, Вашингтон, Біріккен Араб Әмірлігінің Әбу-Даби қалаларында өнер көрсетіп, еліміздің мәдени мәртебесін әлем сахналарында асқақтатып келеді. Өнер иелерінің әлі де алда алар асулары биік, мен оған сенімім мол, – деген филармония басшысы әріптестеріне қолдау білдірді.

Әріптестер демекші, бұл орталықта бүгінде үш жүзден аса қызметкер жұмыс істесе, оның ішінде 32 қызметкер мемлекеттік наградамен марапатталған. Көрермен залы көз тартады Көпшілікке арналған концерттер, мәдени-рухани шаралар енді көрермен залында өтеді. Өнер орталығының жүрегі сахна екені белгілі. Мың адамға арналған залдың кеңдігін, биіктігін сөзбен айтып жеткізу оңай емес. Орталықтың ашылу салтанатына орай ұйымдастырылған концерт жоғары деңгейде өтті. Бүгінде өнер орталығында қызу дайындық. Иә, орталық ішіне кіргеннен түрлі аспаптардың үні естіліп, наурыз мерекесіне әзірленіп жатқанының куәсі болдық. 

– Астана қаласының 25 жылдығына орай «Сұлу Сырдан – ару Астанаға» атты Қызылорда облысының өнер күндері жоғары деңгейде өтті. Алдағы уақытта халықтың ыстық ықыласы мен қошеметіне бөленген мәдени шара сәуір айында Алматы қаласында да ұйымдастырылады. Мәдениет және өнер, әдебиет өкілдерін қолдау мақсатында өткен жылдан бері тағайындалған «Тұран» сыйлығын табыстау дәстүрге айналады. Жақында жыраулар үйі ашылады деп жоспарлануда. Дайындық қарқынды жүруде, – деді Талғат Мақаш. 

Сондай-ақ Сыр өңірінде мәдениет пен өнер саласында көптеген жағымды жаңалық бар. Бұған дейін облыстық филармонияның құрамында ұлт аспаптар оркестрі, камералық оркестр жұмыс істесе, концерттерді көрермен талғамына сай, кәсіби әрі жанды дауыста ұсыну үшін тұңғыш рет симфония оркестрі құрылды. Облыстың мәдениет мекемелерінің мамандары Италия, Беларусь елдерінде біліктілігін арттырды. Алдағы уақытта Еуропадағы белгілі концерттік залдардың озық тәжірибелері енгізілмек. Елдің бағасы Орталықтың ашылу салтанатына қатысқандардың бәрі өз ризашылығын білдіріп, зәулім ғимараттың сәулетіне өз пікірлерін әлеуметтік желі арқылы жазған еді. Соның бірі – ҚР Парламенті Сенатының депутаты Руслан Рүстемов.

 – Өнер дарыған өңірдің тағы бір тынысын танығандай болдық. Облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы осыдан екі жыл бұрын айтылған уәдесінің айқын нәтижесін, сөзі мен ісінің үйлесімін көрсетті. Мың кісілік мүмкіндік енді есігін ашып тұр. Ашығын айтайық, қасиетті Қызылорда несімен ерекше? Әрине, өнері бөлек. Естеріңізде болса, 2018 жылы Қорқыт ата мұрасын ЮНЕСКОның материалдық емес мұралар тізіміне қосу туралы өтініш бірауыздан мақұлданды. Содан бері Сыр сүлейлері салған соқпақтың ізі одан сайын дүбірлей түсті. Дәстүрлі өнердің тағы таймай, байырғы бастауы биік тұғырға көтерілді. Ежелден Тұран топырағы талантқа кенде ме еді? Өнер мен мәдениетке қолдау жасап, қамқорлыққа алғанда қалай дами түсетінін тану түйсікті кісіге түсінікті. Әлемде елді таныту үшін үш ғана үміт болса, оның бастауында – өнер мен мәдениет және әдебиет, тарих төрде тұрады. Өнері дамыған өлкеде экономика да, өндіріс те, шаруашылық жұмыстар да өздігінен өрістей беретіні белгілі. Оның нақты дәлелі ретінде 2023 жылдың тамыз айынан бері Қызылорда облысы республика аумағындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің негізгі параметрлері бойынша аймақтар арасында алғашқы үштіктен түспей келе жатқанын айтуға болады. Осы құндылықты негізге алған аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев соңғы уақытта өңір өмірін жаңғыртуға жаңаша леп қосты, – деп жазды. 

Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов те өнер орталығы туралы өз пікірін білдірді. 

– Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың халықтың рухани дамуы мен елдің ажарын келтіретін нысандардың бой көтеруіне тікелей араласуы бір бөлек, ал еңбегі өлшеусіз деп білемін. «Сыр елі – жыр елі» деген дара сөз бекер айтылмаған. Алашқа ана атанған киелі өңір – небір саңлақтарды өмірге әкеліп, бесігіне бөлеп тербетіп, қыранша қияға ұшырған алтын ұя, қасиетті қоныс мекені. Қазіргі уақытта Сыр мәдениеті мен өнерін дамытуда мәдени қызметтің жаңа тәсілдері мен әдістері уақыт талабына сай түрленіп, мәденикөпшілік шаралар атқарылуда. Ел игілігіне арналған жаңа ғимарат пен ізгі марапат – игі істер бастауы болып, талай таланттардың тұғырына жол беретініне сенемін, – деді Мәжіліс депутаты.

Бұдан былай қала тұрғындары мен сырттан келген меймандар өнер ордасына барып, мәдени-рухани азық алып, бір сәт демалып, концерт тамашалай алады. Өнер орталығының есігі өнерсүйер қауым үшін әрқашан ашық

Тағы да оқыңыз: