«Сыр өңірінің фольклорлық антологиясы» жарыққа шықты – Kyzylorda News
Басты бет

«Сыр өңірінің фольклорлық антологиясы» жарыққа шықты

27.09.2021, 18:20

639 0

Kyzylorda-news.kz. «Сыр өңірінің фольклорлық антологиясының» І томы «Жанқожа батыр» кітабы аймақ басшысының қолдауымен жарыққа шықты. Аталған антологияны әзірлеу үшін үш кезең бойынша жұмыстар жүргізілген. 2019 жылы зерттеулер басталып, әдебиетшілерден құралған фольклорлық экспедиция ауыл-ауылдарды аралаған. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет мәлімдеді.

Өңірімізде жүзеге асырылып жатқан «Сыр елі» мега жобасына енген антология ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған үлкен тарту, әдебиет пен өнер зерттеушілері үшін құнды дерек болмақ. Келер аптада «Жанқожа батыр» жинағының тұсаукесері өтеді. Мың данамен шығарылған кітап облыстағы 239 кітапханаға таратылатын болады.
Брифингте Серік Әбжәліұлы кітаптың мазмұнына кеңінен тоқталып «Ұлы дала төсіндегі фольклорлық мұраларды жинақтап, оны ғылыми негізде зерттеу фольклортанушы ғалымдардың назарынан түскен емес. Жаңа жинаққа Жанқожа батыр туралы тың тарихи деректер мен батырға арналған тарихи жырлардың оның ішінде Мұсабай жырау, Лұқпан Кенжеғұлұлы, Қарман Сұлтанұлы, Жекей Шаңғытбайұлы, Орнықбай Сұлтановтардың бұрын баспа бетінде жарияланбаған жыр нұсқалары топтастырылған. Сондықтан да аталған батырлар жырының халыққа, келер ұрпаққа ел тарихын танып-білуде маңыздылығы ерекше», – деді.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Бағдат Кәрібозұлының айтуынша І томда толық эпостық шығармалар жинақталған. Жанқожа – тарихи тұлға. Ол әулие, данышпан, көреген жан. Ұлт үшін жан берер батырдың тарихи ерліктері жайында ұрпақтары білуі керек деген профессор кітап өз бастауын халықтық эпос «Көрұғлыдан» алатындығын атап өтті.

Айта кету керек «Сыр өңірінің фольклорлық антологиясы» жобасы кезең кезеңімен жүзеге асырылатын болады. Антологияның ІІ томына ел ішіндегі көне көз қариялардан жазылып алынған Сыр өңірінде өмір сүрген ахундар мен ишандар туралы деректер, құнды мәліметтер мен аңыз-әңгімелер басылады. Ал ІІІ томға Сыр сүлейлері жырлаған, сирек орындалатын қисса-дастандар енгізілмек.

0

Пікір қалдыру