Kyzylorda-news.kz Айтыс – қазақтың төл өнері. Кешегі қадау-қадау ғасырлардан бері жалғасып келе жатқан айтыс өнерінің алтын арқауы үзілмейтіндігі –тарих пен уақыттың өзі дәлелдеген шындық. Қиыннан қиыстырып, суырыла сөз саптау, қоғамның келбетіне үн қосу, ел мүддесін ескеру – нағыз айтыс ақынының қасиеті. Иә, Шиелі жұртшылығы да – айтыс өнеріне жақын халық. Сондай-ақ әрдайым тектілігінен танбай, өткеніне салауат айтып, талантты ұлқызын ұмытпай, ұлықтайтын киелі өлке. Осы үрдістен танбай жуырда Шиеліге қарасты Жөлек ауылында сыр жүйріктерінің басын қосқан дүбірлі айтыс өтті.

Аталған шара Жөлектен шыққан мәдениет майталмандары Зәкір Жақыпов, Оразкүл Алтынбекова және Ержан Бәйімбетовті еске алуға арналды. Айтысқа елімізге танымал жерлестеріміз, шашасына шаң жұқпаған үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов, шиелілік ақындардың ұстазына айналған Мәдениет қайраткері Кенжебай Жүсіп, көптеген додада дара келген республикалық айтыстардың жеңімпазы Иран-Ғайып Күзембаев, «Айтыстың ақтаңгері» Мейірбек Сұлтанхан, Сыр жүйріктері Нұрмат Мансұров, Зухра Төлепова, көптеген айтыстарда жеңімпаз атанған шиелілік дарабоз Ержан Әміров және аралдық жүйрік Ержеңіс Әбдиев қатысты. 

Шараны Шиелі аудандық мәслихат төрағасы Айтбай Жандарбеков ашып беріп, ауылдағы ауқымды шараға қолдау білдіріп, қиыннан қиыстырып уақыт тауып келген барша ақындарға алғысын айтты. 

– Айтсаң аңызға, тарқатсаң тарихқа сыймайтын Жөлек ауылы – сонау ІХ ғасырдан бастап, атағы хан базарына дейін көтерілген киелі топырақ. Халықаралық Жібек жолымен сабақтаса отырып сәуле шашқан Жөлек ауылының тарихы тым тереңде. Бүгінгі Зәкір Жақыпов, Оразкүл Алтынбекова, Ержан Бәйімбетов сынды мәдениет майталмандарын еске алуға арналған «Жөлек жауһарлары» атты облыстық ақындар айтысының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. 

Қара сөзбен темір балқытып, тұлпар тағалаған текті халық үшін айтыстың орны ерекше. Атадан қалған асыл сөзді ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, ұлтты ұйыстырған айтыскер ақындар халық руханиятының барометрі секілді. Бүгінгі сөз додасының жөні бөлек, бітімі басқа болмақ. Өмірден өтсе де, есімдері ел есінде сақталған тұлғаларды құрметтеп, шақыртуымызды қабыл алған барша ақындарға алғыс білдіремін. Біздің өңірімізді айтыс өңірінің алтын бесігі деуге толық негіз бар. Бүгінгі бәйге айтыс десе ішкен асын жерге қоятын ағайын үшін үлкен қуаныш екені сөзсіз. Қара домбыраның күмбір үнімен дана халқымыздың сөз өнерін жандарыңызға жалау етіп, дүйім елдің құрметіне бөленген салтанатты сапарларыңыз үзілмесін деп тілек білдіремін, – деді. 

Ақындар айтыс барысында мәдениет майталмандарын жырға қосып, әрі қағытпа қалжыңдарымен, ұтымды ойларымен айтысқа келген қалың көрерменнің ықыласына бөленді. 

Кеш соңында Жөлек ауылының әкімі Мейірбек Жолдасбеков айтысқа келген барша ақындар мен көрерменге алғыс білдіріп, ақындарға аудан әкімінің Алғыс хаты мен арнайы сый-сияпаттар табыстады. Туған жердің өткенін санада жаңғыртып, бүгінін ұлықтап, болашақты жас ұрпаққа аманаттау ел ағаларының қасиетті парызы десек, өткізілген айтыс тарих күнпарағына алтын әріптермен мәңгі жазылмақ...

Тағы да оқыңыз: