Kyzylorda-news.kz. Әлеуметтік желі әлемге танымал болғаны белгілі. Дамыған елдер мен енді еңсесін көтеріп келе жатқан мемлекеттің қай-қайсысы болсын интернетті пайдаланады. Тіпті бесіктен белі шықпағандар да ұялы телефон дегенді жатқа біледі. Әрине, жаңа заманның көшіне ілесіп, технологияның тілін танығаны дұрыс. Бірақ сол тым білгіштеніп кеткеннің де балаға кері әсері бар ма деп ойлайды екенсің. 

Себебі қазіргі таңда барлық ақпарат қолжетімді. Ал телефонды жетік меңгерген жеткіншектер қандай әлеуметтік желіге кіргенін, кіммен сөйлескенін оп-оңай өшіре алады. Шыны керек, қолына қалтафон ұстатсам болды деп ойлайтын ата-аналар баласының нені қарап жүргенін қаперіне ілмейді де. Қатаң қадағалау кем болғандықтан бармақ тістейтін жайттар көп орын алады. Әсіресе, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін білмейтін бала байқаусызда тыйым салынған сайттарға кіріп, шалыс басуы мүмкін. Бұлай деуімізге соңғы кездері сырт көзден тығылып, ұятсыз ¬видеоны көру көп тіркелген оқиға себеп. Айталық, өткен жылы бір ғана сайтқа миллиондаған адам кіріп, 92 миллиард порнороликтерді тамашалаған. Бұған бәзбіреулердің қалтасы қампайып, мол байлыққа кенелері сөзсіз. Ал  баласы жамандыққа ұшырап, болашағы бұлыңғыр болатын – өзіміз. Сол себепті баланың бос уақытын қалай өткізу керек я болмаса болашағына қалай бағыт-бағдар беру керек тақырыбын айналып өте алмадық. 

Адам психологиясы нәзік те майда жаратылыс екені белгілі. Әсіресе, қалай бағыттасаң солай өсетін баланың бабы тым ерекше. Сондықтан бала тәрбиесін дүниеге келген сәттен бастап қалыптастырып, мектеп жасына жеткенде білімге құштар, өнерге жақын етіп тәрбиелесе, я болмаса спортқа баулыса нұр үстіне нұр болады. Хәкім Абай бұл турасында «Егер мал керек болса, қолөнер үйрен. Мал жұтайды, өнер жұтамайды» деп бір-ақ ауыз сөзбен өнердің қандай маңызы бар екенін тілге тиек еткен. Оның үстіне қазіргі таңда жасөспірімдер арасында өнер мен спорттан жетістікке жетіп жатқан жандар аз емес. Психологтар да баланың бос уақытында айналысатын сүйікті ісі болса, жаман әдетке яки зиянды заттарға әуес болмайды дегенді алға тартады. Өкініштісі, көп ата-ана баласын белгілі бір үйірмелерге беруді де жұмыс санайды. Кейде қаражат жеткіліксіз десе, енді бірде әрлі-берлі таситын уақыт жоқ деп сылтауратады. Әрине, бір мезгіл сабағына барып келген оқушы басқа уақытта қолы босап, ұялы телефонға әуес болады. Бірақ «қалауын тапса қар жанады» дегенді естен шығармаған абзал. Егер ата-ана мен бала ықыласты болса, кез келген жерден өнерге баулитын үйірме табуға болады. Тіпті мектеп жанынан тегін ашылған үйірмелерде аз емес.  

Мақаламызға арқау ретінде Шиелі ауданының өнер мектебін алсақ болады. Талай жылдан бері таланттарды баптап, қияға қондырып келе жатқан өнер мектебін тұрғындардың барлығы біледі десек қате емес. Тау суының тамшысындай сылдырлаған сұлу сазды көкірегіне қондырып, оны дүйім жұртқа жырымен жеткізіп жүрген өнерпаздардың көбі осы өнер мектебінің  түлегі екені де көпке мәлім. Өнердің өресін кеңіткен орталықтан әлі күнге дейін оқушылар да үзілген емес. Алайда басқа оқушылардың да өз қатарластары секілді ән мен сазды үйреніп, осы бір кетік дүниеге өнер арқылы қаланғанын қалап тұрады екенсің. Әсіресе, демалыс уақытында әрлі-берлі сенделіп уақыт өлтірмей, я болмаса біреуге жалданып жұмыс істемей бойындағы таланттың көзін тауып, әрмен қарай дамытса жақсы емес пе? Әрине, қазір жазғы маусым болғандықтан барлық білім беру мекемелерінде демалыс. Бірақ баласының болашағына алаңдайтын ата-ана қазірден қам жасап, ұрпағының ұлағатты болуына атсалысса артық болмайды. Себебі өнерді жанына серік еткен бала тек ән айтып, би билемейді. Жаңа ортамен танысып, биік белесті бағындырады, ел мен жер көріп, таным көкжиегі кеңейеді. Бәсекеге қабілеттілік қасиеті қоса дамиды және өзге елдің мәдениетімен танысады. Бұл ойымызды аудандық өнер мектебінің директоры Нариман Мизамбаев та қолдап отыр. Оның айтуынша, өнер мектебіне келген оқушылар тек шығармашылық тұрғыдан дамып қана қоймай, әртүрлі жарыстар да бақ сынайды. Соның арқасында шыңдалып, жан-жақты дамиды екен. 

Білім мен шығармашылықты қатар ұстап жүрген ұстаздар жыл бойы кәсіби байқауларға қатысып келеді. Атап айтар болсақ, өнер мектептері оқушыларының өзіндік үлкен олимпиадасы бар. Ол – «Жас музыканттар» деп аталады. Бұл байқау жылда түрлі бағыттар бойынша жүріп отырады. Бір жылы халық аспаптары бағытында болса, енді бірде үрмелі аспаптар мен ысқышты аспаптар бағытында, биыл пианино класы мен хор класының орындаушылары қатысты. Облыстық байқау нәтижесінде пианино класы бойынша А.Ғалымқызы ІІ орын, К.Каюмова сертификат иеленді. Хор класы бойынша «Жас қанат» тобы ІІІ орынды қанжығасына байласа, «Алау тобына» сертификат табысталды. Бұдан өзге де қатысушыларымыздың қанжығасы майланып, әрқашан жеңіспен оралады, – дейді өнер мектебінің директоры ағынан жарылып. 

1968 жылы аудандық балалар әуез мектебі болып ашылған өнер ордасы қазіргі таңда 54-түлегін ұядан ұшырған екен. Айта кетейік, биыл өнер мектебінен «Домбыра» класы бойынша – 27, «Хореография» класынан – 19, «Баян» класынан – 8, «Ән салу» сыныбынан – 8, «Фортепиано» класы бойынша – 4, «Аккордеон» класынан – 2, «Қобыз» класы бойынша – 1, «Дәстүрлі ән» сыныбынан – 1 оқушы куәлік алған. Демек өнер мектебіне барған оқушы осы сала бойынша білім алып, өз ісінің маманы бола алады. Әрине, аудан да баланы өнерге баулып, жан-жақты қабілетін арттыратын орталықтар жетерлік. Бірақ көбінің қалтасы көтермейтіні жасырын емес. Ал өнер мектебінің есігі барлық оқушыларға ашық әрі бағасы да тиімді екенін кімнен жасырамыз? Ең бастысы білікті мамандар жұмыс істеп, баланың қанатын қатайтып, жетістікке жеткізбейінше жұмыс істейді. Есесіне, балаңыз өнер мен білімді қатар игереді. «Өнер, білім бар жұрттар. Тастан сарай салғызған» демекші өнер мен білім бірге ұштасқан жағдайда адам баласының алар асуы таусылмайды. Сондықтан баланың бос уақытын телефонға телміртіп емес, домбыраны шерткізіп немесе ән салғызып, әуен үйретіп өткізген жөн шығар.

Тағы да оқыңыз: