Kyzylorda-news.kz. Шиелі – бір жағынан Қаратау, екінші жағынан Сырдария аралығындағы шөбі, суы мол, тірлікке өте қолайлы, ат бауырын жазып шабатын дала. Тауды қарақұйрық, арқар, киік жайлаған. Дария жағасындағы қалың тоғай сан алуан аңға, құсқа толы. Дарияда 6-7 пұт тартатын жайын, басқа балықтар, қамыс іші арасында қабан, жолбарыс тіршілік еткен. Қырғауыл, қоян, түлкі басқа аң-құстар мекені болған. Ең соңғы жолбарысты Орыс солдаттары арнайы аулап, 1910 жылдары көзін жойған. Қабанды 1940 жылға дейін Ресейден келген аңшылар аулаған. Қырғауылды жергілікті аңшылар Ташкенге апарып сатқан. Тұмса табиғатта тіршілік еткен тірі байлықтарымыз осылайша азайып, қызыл кітапқа еніп кетті. Болашақта балаларымызға Шиеліде қарақұйрық пен жолбарыстың ізі барын айтсақ ертегідей естілер ме, кім білсін?
Жалпы Шиелі ауданында 22 ауылдық округ орналасқан. Әр ауылдың өзіне тән ерекшеліктері де бар. Алайда оны ауданға кіріп, ауылға бас сұқпаған адамның біле қоюы екіталай. Осы тұста Батыс-Еуропа мен Батыс-Қытайды жалғап жатқан үлкен жолдың бойына әр ауылды айшықтап тұратын белгі қойсақ қайтеді? Мысалы, Сұлутөбенің тұсына қарақұйрықтың, Тартоғайдың тұсына бүркіттің, Бәйгеқұмның тұсына жолбарыстың, таулы жер Еңбекшінің тұсына арқардың бейнесін орнатуға болады. Сондай-ақ, Шиелінің тұсына жасанды шие ағашын бейнелеуге болады. Осылайша, жол бойынан жүріп өткен саяхатшылар, шет елдік азаматтар, тіпті өзге облыстың тұрғындары да Шиелінің бай табиғатын, жан-жануары мен мәдениетіне сырттай қанық болып кете алады. Хан бұйрығымен бас кететін заманда даңқты ақын-жырауларымыз «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ!» деген қағиданы берік ұстанған екен. Олай болса, бейбіт күнде пікір айтып, ұсыныс көтерудің еш әбестігі жоқ болар.