Kyzylorda-news.kz Мәдениет пен өнер – қоғамның айнасы, асыл қазынасы және рухани мұрасы. «Мәдениет – ұлт мәйегі» деп те текке айтылмаса керек. Олай дейтініміз, мәдениет пен өнердің еліміздің жан-жақты дамуы мен өсіп-өркендеуіне қосар үлесі зор. Ал бұл жолда мәдениет саласы мамандарының, оның ішінде мәдениет үйінің, ауылдық клуб және шығармашылық орталық қызқметкерлерінің орны әркез ерекше. Жүгі ауыр, жауапкершілігі мол салада аянбай еңбек етіп, ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу жолында игілікті іс атқарып жүрген білікті қызметкерлер қаншама? Ал Шиелі ауданының мәдениет саласы күннен-күнге қанатын кеңге жайып, өркендеп келеді деп айтуға толық негіз бар.

Б.Қабылұлы атындағы Шиелі аудандық мәдениет үйінің бүгінгі ғимараты 1961 жылы типтік жобада салынып, сол кезден бастап халыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп келеді. Десе де, әр кезең өзіндік ерекшелігімен, жаңашылдығымен тарихта қалуда. Былай қарасақ, мәдени іс-шаралары сырттан тамашалап, әдемі көрініске куә болып жүрген көрермендер сахнаның сыртында қаншама еңбек, қандай жұмыс жатқанын біле бермейді.

Мәдениет саласының әрбір қызметкеріне қажырлы күш керек. Тіпті ауқымды іс-шараларды қатарынан абыроймен өткізіп, халық алдына әдемі қалпында шығып, еш шаршамай, күліп жүргенін көргенде бір жағынан тәнті болатынымыз рас. Бұл сала мамандарының өз ісіне деген асқан сүйіспеншілігі мен махаббатын көрсетсе керек. 

Айта кетейік, мекемені басқарып отырған басшы өз ісінің білгір маманы. Шиелі аудандық мәдениет және спорт бөлімінің Б.Қабылұлы атындағы аудандық мәдени-шығармашылық орталығының директоры Зульфия Шалабаева 2013 жылдан бастап басшылық қызметін атқарып келеді. Бірлігі бекем ұжымда 54 қызметкер оның ішінде 31 шығармашылық маман, 23 шаруашылық қызметкер жұмыс істейді.

Айта кетейік, 2023 жылдың 29 маусымындағы №36 келісім шарты бойынша мәдениет үйінің ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ қазан айында сахнаға арналған LED экраны толық жабдығымен 15 990 990 млн теңгеге алынды. Барлық жағдай қамтамасыз етілген Орталық жылу жүйесі жеке бу қазандығы арқылы газбен жылытылады. Қазіргі уақытта мәдениет үйінде 10 үйірме бар. Оған қатысушылар саны – 138. Атап айтсақ, «Жадыра» драма, «Ғажаби» ВИА, Халықтық ұлт аспаптар оркестрі, «Барабан», «Саксафон», «Жас дәурен» ән-би ансамблі, «Ноғайбаевтар» отбасылық ансамблі, «Балауса», «Айшуақ», «Сыр маржаны» мәдени үгіт бригадасы үйірмелері жұмыс істейді.

Тағы да оқыңыз: