Kyzylorda-news.kz Бала – адамның бауыр еті. «Барым да, байлығым да балаларым» деп өмір сүрген халықпыз. Әрбіріміз үшін де бала болашағы бәрінен қымбат, ұстанымымыз мен мүддеміз ортақ деп білемін. Ата-ананың ең үлкен бақыты – баласының жақсы азамат болып өсуі десек, қоғамның да басты мақсаты – елге ие болатын отаншыл ұрпақ тәрбиелеу. Алайда, соңғы кездері елімізде жас балалардың өміріне қауіп төндірген оқиғалар жиі орын алып, көпшіліктің алаңдаушылығын туғызуда. Адамға ең бірінші, білім емес, тәрбие керек.

– «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген бар. Бұл сөздің растығын өмір тәжірибесі талай мәрте дәлелдеп келеді. Елімізде білім саласында түрлі реформалар жүзеге асырылуда. Жаңартылған білім беру жүйесіне көшуге байланысты ұстаздар апталап, айлап оқыту курстарынан өтті. Сәйкесінше, мектептегі тәрбие саласына да осындай түбегейлі өзгерістер қажет. Алдымен – тәрбие, содан кейін білім беру мәселесін қарастырған жөн деп ойлаймын, – дейді Қазалы  аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Роза Асанова.

Жақсы баланың шығу төркіні – отбасы, ошақ қасындағы өсиет пен өнегеге тікелей байланысты. «Отан – отбасынан басталатынын» ескерсек, бала тәрбиесінің бастауы осы ортадан басталатыны анық. Дүние есігін ашқан күннен бастап, перзенті үшін күйіп-пісетін ата-ананың алғашқы әрі маңызды міндеттерінің бірі – жүзін жерге қаратпайтын ұлағатты ұрпақ өсіру.

Бүгінгі отбасы тәрбиесінің барысын екі жақты қырынан байқауға болады. Біріншісі, отбасының мектеппен бірлесе әрекет етуі, екіншісі, отбасының мектеппен ынтымақтастықты орнатуына немқұрайлықпен қарауы. Мәселен, күнкөріс жағдайымен бала тәрбиесіне көңіл бөлмеуі, тіпті, ата-аналар жиналысына келмеуі сынды жағдайлар кездесіп жатады. Алайда, отбасымен бірлесіп ұйымдастырылған шаралардың оқушының жеке тұлғалық дамуына, тәбиесіне тигізер әсері өте үлкен.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді халық даналығы. Тал бесіктен басталған тәрбие мектепте, одан әрі жоғары оқу орнында жалғасын тапқанда ғана нәтижелі болмақ. Өйткені, қоғам өміріне араласқанға дейінгі берілетін тәрбие балаға өмір бойы азық болады.

Қазақ зиялыларының бірі Мағжан Жұмабаевтың: «Тәрбиедегі мақсат – баланы тәрбиешінің дәл өзіндей етіп шығару емес, келешек өз заманына лайық қылып шығару» деген сөзі бала тәрбиесінде ата-аналар алдында үлкен жауапкершіліктің тұрғандығын дәлелдейді. Әрине, отбасы өзінің дербес әрекеттері арқылы тәрбиелейді. Бірақ, ол аздық етеді. Сол үшін отбасы мен мектептің өзара бірлігін нығайту өте маңызды.

– Қазіргі заман ағымының үздіксіз дамуымен бірге адамдардың мінез-құлқы, психологиясы да күн сайын өзгеріп жатыр. Тиісінше, қазіргі оқушылардың қызығатын дүниелері мен көзқарасы да мүлдем басқа. Бүгінгі жастар өз бетімен, дәлірек айтқанда, интернетпен өмір сүруге дағдыланған. Олардың басты тәрбиелеуші құралы – ұялы телефондары. Сырластары да, мұндастары да сол. Ақпараттық кеңістік дамыған заманда телефонды тек пайдалы жағынан қолданып, ұлттық пен жаңашылдықты қоса білім беру маңызды, – дейді Қазалы  аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Роза Асанова.

Оның айтуынша, ата-аналар балаларымен еркін әңгімелесіп, жылулық пен мейірім-махаббаттарын сездіріп, материалдық қана емес, рухани тұрғыда да көп көңіл бөліп, қолдау көрсетуі керек.

Жылдар жылжып, заман ауысқан сайын бала тәрбиесіндегі әдіс-тәсілдердің де жаңарып, жаңғырып отыруы заңдылық. Алайда, тәрбие беру формасы өзгергенімен, адам қылып өсіру мазмұны тамырын сақтап қалуы қажет.

Майлықожа ақынның «Еркелетпе, еркімен өсір балаңды» деген сөзі де ұлт үшін, ұрпақ үшін маңызды. Біз көбінде еркелету мен еркін өсіруді ажырата алмай қалдық. Тәрбиелі, еркін өскен ұрпақтан нағыз өнертапқыш, еркін ойлы, шығармашыл жастар көп шығары анық.

Ер баланың есейіп, жетілуінде әкелер институтының да алар орны айрықша. Ер бала алдымен, әкенің өнегесінен нағыз ер адам қандай болу керектігін қабылдайды. Әкенің бар бітім-болмысы, мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы – баланың көз алдында күнделікті үлгі-өнеге алатын, соған қарап, бой түзейтін негізгі нысанасы. «Бір әкенің тәлімін жүз мектеп бере алмайды» деген өмір шындығы осындайда айтылса керек. Сонымен қатар, бала үшін әке қаншалықты қажет болса, мектептердегі ер мұғалімдердің де сондай маңызы бар деп есептеймін.

Кішкентайынан тәрбиелеуді өзіне міндет санамаған ата-аналар балаларының әртүрлі жаманшылықтарына мектептерді ғайбаттап, ондағы тәрбиені кінәлап жатады. Ал, анығында, мектепке дейінгі ата-ана тәрбиесінің аздығынан, балаға көңіл бөлмегендіктен болған олқылықтардан опық жеп жүрген ата-аналар аз емес.

Баланың бас ұстазы – ата-анасы. Егер отбасында мұғалімдер туралы жақсы пікір айтылса, ата-ананың мектеп, ұстаз туралы жақсы ниеті балаға жақсы әсер етеді. Ондай балалардың оқуға, білімге, мектепке құштарлығы артады. Ұстазды сыйлауы өзгеше болады.

Ал, мектеп, ұстаз туралы пікірінде көңіл толмаушылық ойлар болса, ол баланың ұстазға деген көзқарасы да өзгереді. Оқу-үлгерімінің нашарлауына да әсер етеді. Осылайша, ата-ана өз баласының ынтасын үйдегі тәрбие арқылы өзі жойып отырғанын білмейді. Мектеп – тек білім беруші орта ғана. Ал, ата-ана бала тәрбиесінде уақытты қадірлей білгені дұрыс. Өйткені, оның әр сәтін дұрыс пайдалана білген адам ғана ұтады. Адамға нағыз бақытты – тәрбиелі ұрпағы ғана сыйлай алады. Мен  аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы ретінде қыз-келіншектер, аналар, әжелер және жас отбасылармен түрлі кездесулер ұйымдастырып, қатысамын. Шараларымызда ата-аналарға тәлімі бар әңгіме, мақал-мәтел, қазақ зиялыларының еңбектері мен ақын-жазушыларымыздың өлеңдерін балалармен бірге оқу, талқылау – тәрбиенің төте жолы екенін ескертіп келеміз.

Әр жеткіншек – жанұясының «айнасы». Бала әрдайым көргенін істейді. Баланың жүріс-тұрысы, сөйлеу мәнеріне қарап, ата-анасының дәрежесін анық көруге болады. Сондықтан, әр адам ең бірінші, өзін тәрбиелеуі керек.

Отанымыз қуатты, отбасымыз шуақты болуы үшін әрбір ата-ана перзент алдындағы жауапкершілігін терең сезінсе дейміз. Өйткені, барлық бала бақытты болуы үшін жаралған.

Ата-бабамыздан жеткен өнегелі тәрбие, ұлттық құндылықты бала бойына дарытып, баршаңызды жаңа Қазақстанның саналы да, салиқалы, үлгілі де, тәрбиелі болашағымызды бірге тәрбиелеуге шақырамын.

Тағы да оқыңыз: