Kyzylorda-news.kz.  Жыл басы саналған әз-Наурыз мерекесі ауданда кең көлемде аталып өтілді. Тереңөзек кентіндегі Орталық алаңда ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, мереке той-думанға ұласты. Думан көрігін аудандық мәдениет үйінде өткен республикалық ақындар айтысы қыздырды.

«Айтыс өтеді» деп алдын ала хабарланғаннан кейін мәдениет үйі көрерменге лық толды. Ұлттық өнерге шөліркіген халық Наурыз айтысын құр жібермейтіні анық еді.

Аудан әкімдігінің қолдауымен өткен «Қош келдің, Әз-Наурыз!» атты республикалық ақындар айтысына 10 ақын қатысты. Атап айтқанда, жыр додасында елімізге белгілі айтыс ақтаңгері Айбек Қалиев, «Алтын домбыраның» үш дүркін иегері Мұхтар Ниязов, «Алтын домбыра» иегері Еркебұлан Қайназаров, Жансая Мусина, «Асыл домбыра» сайысының тұңғыш жеңімпазы Хазірет Бердіхан, республикалық айтыстардың жеңім­пазы Нұрлан Есенқұлов, Нұрбол Жауынбаев, Бексұлтан Орынбасаров, Мөлдір Айтбай, Мұхамеджан Мансұров өзара сөз тартысты. Ал өрнекті өлең, кестелі жыр өрілген айтысты Жүрсін Ерманның төл ізбасары, ақын, филология ғылымдарының докторы, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтаев жүргізді.

Аудан жұртшылығын жырмен сусындатқан айтыстың ашылу салтанатында аудан әкімі Мұрат Ергешбаев мерекемен құттықтап, ақындарға сәттілік тіледі.

– Халқымызда «Қос тойың қабат болсын» деген жақсы тілек бар. Міне, бүгін біз Наурыз мерекесін тойлаумен қатар республикалық деңгейдегі ақындар айтысын ұйымдастырып, жыр додасында бас қосып отырмыз. Біздің шақыруымызды қабыл алып, халықты жырмен сусындатуға келген ақындарға, құрметті меймандарымызға қош келдіңіздер демекпін.

Сырдария ауданы – таланттар мен дарындылардың өлкесі. Сондай-ақ ауданымыздан ғұлама ғалымдар мен ахун-ишандар, 2 Кеңес Одағының батыры мен 9 Социалистік Еңбек Ері шыққан. Бұл мекен – сатира сардары Асқар Тоқмағамбетов, қаламына құт қонған Қалтай Мұхамеджанов, театр анасы Сәбира Майқанова, Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Әнұраны авторларының бірі Жадыра Дәрібаева, көрнекті ақындар Мұхтар Сақтапов, Сейфолла Оспан, Қайырбек Асанов бастаған дарындылардың кіндік қаны тамған киелі өлке. Ауданымызда елімізге белгілі өнер, мәдениет қайраткерлері де туып-өскен. Олардың қатарында белгілі сазгер Рамазан Тайманов, эстрада жұлдызы Жеңіс Ысқақова мен «Қазақстан дауысы» мегажобасының жеңімпазы, жас әнші Құралай Мейрамбектің есімін ерекше атап өтуге болады. Бүгін алыптарға алтын бесік болған осынау берекелі, ырысты, киелі өлкені арқалы ақындар жырға қосып, өлеңмен өрнектейді деп нық сеніммен айта аламыз.

Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен облысымызда аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаулардың нәтижесінде ауданымызда жаңа нысандар салынып, пайдалануға беріліп, жолдар жөнделіп, көшелер жарықтандырылуда. Аудан орталығы мен ауылдардың да келбеті жыл санап көркейіп келеді. Мұның бәрі – біздің бірлесе атқарған жұмыстарымыздың жемісі. Күні кеше өткен сайлауда да аудан халқы бекем бірліктің, көркем тірліктің жарқын үлгісін көрсетті.

Айтыс – халықтың рухын көтеретін, елді бірлікке шақыратын, мерей-мәртебемізді арттыратын ұлттық өнеріміз. Ауданымызда өткізілетін айтысқа елімізге белгілі ақындар қатысып, Наурыз мерекесінде жырдан шашу шашпақ. Аудан халқы мен жеке өзімнің атымнан ақындарға шалқар шабыт пен сәттілік тілеймін, – деді Мұрат Нәлхожаұлы.

Айтыстың басталуында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтаев биыл еліміз бойынша Сырдария ауданы әз-Наурыз айтысын бірінші болып ұйымдастырып отырғанын тілге тиек етті. Бұл аудан халқының Ұлыстың Ұлы күнін асыға күтетінін, ерекше атап өтетінін көрсетеді деді ақын. Мұнан соң кезекті айтыскер ақындарға берді.

Аламан айтысты Ақтөбеден келген Нұрбол Жауынбаев пен Арал ауданынан қатысқан Бексұлтан Орынбасаров бастады. Қай кезде де шаршы топта сөз бастау қиын. Десе де, республикалық айтыстарда төбе көрсетіп жүрген жас ақындар тосылып қалмады. Ауданның жетістіктерін саралай отырып, кестелі жырмен өрнектей білді.

Екінші жұпта жұртшылық қыз бен жігіт айтысын тамашалады. Шырайлы Шымкенттен келген Нұрлан Есенқұлов Сыр ақыны Мөлдір Айтбаймен айтысты қыздыра түсті. Осы айтыста наурыз нақыш­тары, қазақы дәстүрлер дәріптелді. Ұмыт болып бара жатқан «Қазан шегелеу», «Селт еткізер» секілді дәстүрлерді шымкенттік ақын жігіт қайта жаңғыртты. Ақын қызға сыйлық жасап, айтыс орынды әзілмен өрбіді.

Үшінші жұптың айтысы да ерекшеленді. «Айтыстың ақтаңгері» атанған Айбек Қалиев жыр додасына ауданнан үкілеп қосқан жас ақын Мұхамеджан Мансұровпен сөз жарыстырды. «Баласы атқа шапса, анасы үйде тақымын қысады» дегендей, тәжірибесі мол айтыскермен аламанға түскенде сыр­дариялықтар жас ақынға ерекше қошемет көрсетіп, қолдау білдіріп отырды. Жыр додасында аудан намысын қорғаған Мұхамеджан Мансұров ұстазы болса да сөзден есе жіберген жоқ. Десе де, айтыс ақтаңгеріне құрмет көрсетіп, қазақы дәстүрмен иығына шапан жапты. Ал А.Қалиев жас ақынға ағалық батасын берді.

Кезекті жұпта Астана қаласынан келген Еркебұлан Қайназаров пен Алматының намысын қорғаған Хазірет Бердіхан сөз сайыстырды. Екеуі де бұған дейінгі аламандарда айтысқан. Қос ақын Сыр елінің еңбеккер қауымын сүбелі сөзбен көркемдеді, еліміздегі айтулы мәселелерді жырға қосты. Бір-бірін де түйдекті жырлармен түйіп-түйіп алғанымен, аламанда ақындар ақ тілектерін жаудырды.

Әз-Наурыз айтысының соңғы жұбы жиналған жұртшылықты бір серпілтті. «Алтын домбыраның» үш дүркін иегері Мұхтар Ниязов пен Батыс Қазақстан облысының намысын қорғаған Жансая Мусина жұбы аламан айтыс деңгейін көтерді.

Сөздерің атылғандай сенің дәлдеп,

Шыға сап тиістің-ау, кегің бар ма ед,

Қызғанбайды дейсің жарым сенен ғана,

Әй, сенің қызғанатын жерің бар ма ед,

Кемпірсің деп отырсың ба сонда мені,

Шақырма келесіде онда мені,

«Жансая сен келмесең болмайды» деп,

Алдырып алған жоқ па ең зорға мені,

Енді кеп «жас емессің, кәрісің» деп,

Итеріп жібермексің орға мені,

Нәпсіге ауыр тиед деп қоясың,

Сен қайдан шығарғансың ол бәлені,

Мұхтарды «молда» деп ел мақтай беред,

Болған соң қолдарында мол дәлелі,

Тәспісі қолындағы қорған еді,

Сақалы бетіндегі орман еді,

Сөздерін қарап тұрсам бірақ бұның,

Айтыста жас қыздардан зор дәмелі,

Ағайын сонда мына балаларың,

Жолынан жаңылатын жорға ма еді,

Тек қана оразаның уақытында

Нәпсісін тыйып жүрген молда ма еді, – деп оралдық ақын қыз бір қағытты. Ал шаппа-шапты шебер меңгерген сырбойылық дарынды ақын Мұхаң еш кідірген жоқ.

Емес қой бұл қарағым, сәт ұялар,

Арусың көзіңнен сыр оқи алар,

Шалдарға қыр аңсарың ауған екен,

Ішіңде кетпесінші қапиялар,

Зәкең кетсе, орнында Мәкең бар ғой,

Бір-бірінен аумайтын «копиялар»,

Тап ондай қалт-құлт етіп тұрмаса да,

Саптама етік, басында тақия бар,

Әкесі бірнеше әйел алған кісі,

Тырысса тырнағыңа тати алар,

Сонымен Жансая не қыласың?

Біз жақта түрлі-түрлі «мафия» бар,

Елу үште Мәкеңдер жастық қылса,

Бұл жақта жүз үштегі Яхия бар, – деп қазақы қалжыңмен көпшілікті күлкіге қарық қылды, аламанды дүбірге бөледі.

Жалпы, айтыскерлер ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан тәлімі мол жыр додасында алыптарға алтын бесік болған берекелі, ырысты, киелі Сыр өлкесін жырға қосып, өлеңмен өрнектеді. Ұлтымыздың ұлылығы мен қара сөздің қасиетін шабытты шумақпен паш етіп, айтысқа сусаған көрерменге елдік рухты асқақтатар ой салған ақындар әрленген әзілмен де елге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Республикалық аламан айтыста ақындардың өнерін «Құрмет» орденінің иегері, Сырдария ауданының Құрметті азаматы, айтыскер ақын Мамыр Байдәулетов, елімізге белгілі ақындар Бекарыс Шойбеков, Бауыржан Халиолла, Ахметжан Өзбеков бағалады. Бұл айтыстың жоғары деңгейде өтуіне көптеген айтыстарда өңір намысын қорғап жүрген айтыскер ақын, жерлесіміз, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Нұрмат Мансұровтың қосқан үлесі зор екенін атап өту керек.

Халықты жырмен сусындатқан айтыстың қорытындысында қазылар алқасының шешімімен бас жүлдеге сырдариялық ақын Мұхамеджан Мансұров лайық деп танылды. Ал жүлделі бірінші орынды Батыс Қазақстан облысының намысын қорғаған Жансая Мусина, екінші орынды «Алтын домбыраның» үш дүркін иегері Мұхтар Ниязов иеленді. Сондай-ақ айтыстың ақтаңгері Айбек Қалиев пен шымкенттік Нұрлан Есенқұлов үшінші орынға ие болды. Одан бөлек жыр додасына қатысқан Еркебұлан Қайназаров, Хазірет Бердіхан, Нұрбол Жауынбаев, Бексұлтан Орынбасаров, Мөлдір Айтбайға шабыттандыру сыйлықақысы берілді.

 

Тағы да оқыңыз: