**[Kyzylorda-news.kz.](https://kyzylorda-news.kz/)** **Президент шыршасына бүкіл облыстан оқу озаттары, аз қамтылған және көп балалы отбасылардың балалары мен «Атамекен» балалар ауылының тәрбиеленушілері қатысты. Шыршаға барлығы 200 бала шақырылған.** Аудандардан арнайы келген 110 бала үшін ертеңгіліктер ұйымдастырылып, мерекелік дастархан жайылды. Шарада облыс әкімі Қ.Ысқақов Мемлекет басшысының бүлдіршіндерге арналған жаңажылдық құттықтауын жеткізді. > _«Осы сәтте өздеріңіздей Сыр елінің дарынды да талантты, өнегелі де өнерлі бүлдіршіндеріне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жаңажылдық құттықтауын жеткізіп отырғаныма қуаныштымын. Бүгін Сіздер ерекше бір әлемге еніп, ертегілердің түрлі кейіпкерлерімен кездесіп, ойын-сауық құрып, шат-шадыман күй кешесіздер. Осындай сән-салтанаты жарасқан Жаңа жылдық мерекемен Сіздерді шын жүректен құттықтаймын! Сіздер «Қазақстан» деп мақтаныш сезіммен айта аталатын Тәуелсіз Елде дүниеге келген бақытты ұрпақсыздар! Қасиетті Сыр өңірін әлемге танытып, өсіп-өркендеуіне аянбай үлес қосатын, азамат болып өсетіндеріңізге сенемін»,- деді облыс әкімі._ Іс-шара соңында мерекелік концерт ұйымдастырылып, балаларға Абай Құнанбаевтың «Қара сөздері» кітабы, Президенттің құттықтау хаты, «Bilimbook» шағын сенсорлы экранды планшеті, ойыншықтар мен тәттілер таратылды. ![](https://kyzylorda-news.kz/wp-content/uploads/2019/12/24shyrsha2.jpg) ![](https://kyzylorda-news.kz/wp-content/uploads/2019/12/24shyrsha3.jpg) ![](https://kyzylorda-news.kz/wp-content/uploads/2019/12/24shyrsha4.jpg)