Kyzylorda-news.kz.  Қызылорда қаласындағы Достық үйінде «Абай қазынасына саяхат» клубының тұсаукесері болып өтті. Клубқа 35  адам мүше болып қабылданды.

Қызылорда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен өткен мазмұнды шараға филология ғылымының кандидаты, доцент, абайтанушы Сара Бақтиярқызы, ұлы ақынның 200 өлеңін жатқа білетін жас филолог Елена Пак, Қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі Александр Абанин, Абайдың бейнесін әсем бейнелейтін жас қылқалам шебері Жайна Балықбаева, Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімі Меруерт Маратова, өзге де Абай шығармасын сүйетіндер және БАҚ өкілдері қатысты.

Тағылымы мол шараны «Қоғамдық келісім» КММ аға сарапшысы, клуб жетекшісі Шакизат Абдраманова және Қорқыт ата атындағы ҚМУ «Филология» факультетінің студенті Елена Пак жүргізді.

Ең бірінші клубтың мақсат-міндеттері, алдағы жұмыс-жоспарлары таныстырылды.

Клубтың ашылуымен құттықтай отырып, ұлы Абайдың шығармашылығы туралы абайтанушы Сара Бақтиярқызы сөз сөйледі. Абай мұрасы бүгінгі жас буын барда өлмейді, өшпейді дей келе, бүгінгі клуб мүшелігіне қабылданған барша  Абай сүйер қауымға Абайдай дананың кәусар бұлағынан сусындап мәңгі жасап, мәңгі жаңара беріңдер деп ақ тілегін тіледі.

Абайдың Пушкин, Лермонтовпен ұштастырған бейнесі жөнінде Қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі Александр Абанин ой бөлісті.

Танымдық шарада клуб мүшелері караокемен «Көзімнің қарасы» әнін әсем орындап, көңіл тебірентті.

Абай – ұлттық мәдениетіміз бен тарихымыздағы ерекше тұлға екенін барлығымыз білеміз. Біртуар қайталанбас тұлғаның адамзаттық, ақындық, халықтық мұрасы айтылар ойға сыймас, қыр-сыры мол дүние. Осы ретте қатысушылар ұлы ақын жайлы білімдерін ортаға салып, қойылған сұрақтарға жауап берді. Үлкені де кішісі де зор қызығушылықпен қатысты.

Әлеуметтік желіден клубтың ашылуы жөніндегі хабарландыруды көрген жас өрендердің, Абайға жүрегі  жақын  жандардың ақын шығармаларынан үзінділері және Абайға арналған ұрандары тыңдалды.

Сонымен бірге, «Сыр қамқоры» балабақшасынан бүлдіршіндер келіп, клубтың ашылуына орай арнайы әзірлеген қойылым қойды. Көрермендер тарапынан өнерлі бүлдіршіндерге деген қошемет толассыз болды.

Тұсаукесерде  ұлы ақының бейнесін өзіндік танымы арқылы бейнелеп көрсеткен жас қылқалам шебері Жайна Балықбаеваға қатысушылардың ілтипаты ерекше болды.

Клубтың соңында мүшелікке қабылданған 35 адамға арнайы әзірленген «Абай клубының мүшесі» куәлігі табысталды.

Динара МАХАНОВА

Тағы да оқыңыз: