Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласмында «Балалар жылы» және «Халықаралық балалар кітабы» күніне орай «Ертегімен есейемін» дәстүрлі қалалық байқауы өтті.

Жас оқырмандарды кішкентайынан халық ауыз әдебиетімен сусындатып, балалардың тілін, қиялын, сөздік қорын, ой – өрісін дамытуға, адалдыққа, адамгершілікке, парасаттылыққа, елжандылыққа тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған байқауға қала аумағынан 7 мектептің бастауыш сынып оқушылары қатысты.

«Халқымыз «көп жасаған білмейді, көп оқыған біледі» деп ежелден кітаптың адам өміріне әсерін осы бір қарапайым сөзбен-ақ айтып кеткен. Өйткені кітап – тәрбиенің қуатты құралы. Жақсы кітаптар оқу дегеніміз – өткен замандардың ең жақсы адамдарымен әңгімелесу», – дейді қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Н.Әбілдаев.

Айта кетейік, байқауға «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ, «Халық» банкі АҚ, «Әбіл ата» сантехника дүкені демеушілік жасаса, қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Г.Рахметова, «Халық» банк қызметкері Д.Алдоңғарова, «Қоғам ТВ» телеарнасының шеф редакторы Б.Құлтанова төрелік етті.

Әр мектептен келген өнерпаз оқушылар байқаудың бірінші кезеңінде дат жазушысы Г.Х.Андерсеннің ертегілерінен қойылым көрсетсе, екінші кезеңде қазақ халық ертегілерін сахналап, көрермен ықыласына бөленді.

Нәтижесінде №136 Т.Жүргенов атындағы орта мектеп оқушылары Бас жүлдені жеңіп алса, І орынға №23 Ж.Қизатов атындағы мектеп-лицей лайық деп танылды. 2 орынды №217 Б.Шалғынбаев атындағы орта мектеп пен №5 И.Панфилов атындағы мектеп-лицей оқушылары өзара бөліссе, №120 Ж.Жабаев атындағы, № 171 Ғ.Мұратбаев атындағы және №143 орта мектептер 3 орынды қанағат тұтты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Балалардың тыңғылықты дайындығы мен жеңіске деген құштарлығын көре отырып, жыл сайын дәстүрге айналған «Ертегімен есейем» қалалық байқауының мақсаты айқын, берері мол деп ойлаймыз.

Себебі бүгінгі ұрпақ білімді болса ел ертеңі жарқын болмақ.

Тағы да оқыңыз: