Kyzylorda-news.kz. Бүгін қаладағы «Мұрагер» мектебінде Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған  «Абай – ақыл-ойдың алыбы» атты әдеби-сазды кеш өтті.

Шараны қала әкімінің орынбасары Мира Қазбекова ашып берді.

«Абай – қазақ болмысының айнасы. Ақынның дара тұлғасы халқымыздың руханиятын әлемге танытатын теңдесі жоқ құндылық. Дүние жүзі әдебиетінде Абай секілді ақын, ағартушы, ойшыл, сыншы кемде кем. Баршаңызға белгілі «Абай – челлендж» поэтикалық эстафетасы бүгінде республика көлемінде жалғасуда. Бұл эстафетаға қала әкімдігіне қарасты бөлімдер мен білім беру ұйымдары ерекше үлес қосып, кеңінен насихаттауда. Дара ақын Абайдың тағылымын жастардың санасына сіңіріп, ұлы тұлғаның ой-толғамдарын кеңінен дәріптеу, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын кеңінен насихаттау бүгінгі шараның негізгі мақсаты болып отыр», – деді қала әкімінің орынбасары. 

Кеш барысында Мира Жомартқызы «Абай – челлендж» поэтикалық эстафетасына өз үлесін қосқан балабақша тәрбиеленушілері мен оқушыларды және ардагер ұстаздарды қала әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.

Шара қала мектептерінің қатысуымен дайындалған Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін әдеби-сазды кешке ұласты.

«Қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан кезекті шарамыз Абайдың 175 жылдығына арналып отыр. Шара «Мұрагер» мектебінде ұйымдастырылғанымен қаладағы білім беру ұйымдарының оқушылары мен мұғалімдері қатыстырылуда. Кеш барысында М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының «Қайтқанда» бөлімінен Абайдың бала күнінен көрініс қойылып, ақынның әндері орындалып, оқушылардың Абайға арнаған өлеңдері оқылды. Айта кетейін, осы Абайдың 175 жылдығы аясында мұғалімдердің жазғы еңбек демалысында Абайдың елі Жиделі-Байсын жеріне саяхат ұйымдастырмақшымыз. Оған ниет білдірген қаладағы мектеп мұғалімдері бара алады», – дейді қалалық білім бөлімінің әдіскері Рита Мұқашева.

Абай мұрасы мәңгілік өміршеңдігімен құнды. Олай дейтініміз, жыл сайын өтетін Абай оқулары байқауына қатысуға ниет білдіретін, сөз ұғар оқушылар өсіп келеді. Тіпті осы байқау арқылы респубикалық кезеңдерде топ жарып, жоғарғы оқу орындарына білім грантын жеңіп алған қызылордалық оқушылар да бар.

«8 сыныптан бастап Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін жатқа айтып, Абай оқулары байқауына қатысып жүрдім. Қазірде №7 орта мектеп-лицейінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімімін. Бұл мамандықты таңдауыма да осы Абай шығармашылығы әсер етті десем болады. Бүгінде Абайдың 130 өлеңін жатқа білемін. Бала күнімде жол көрсеткен Ұлы Абайдың кітаптары өмірлік серігіме айналды десем артық емес. Шәкірттерім де Абай оқуларына қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр», – деді мектеп мұғалімі Элиза Сұлтанова.

«Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» ұлт мақтанышы заманының ұлы ойшылы, ақын сазгер Абай Құнанбайұлы ұрпағымен бірге жасайды. Ақынның өнегілі өмірін елге таныстырып, кемеңгер ойшылдың шығармашылығын ұрпаққа насихаттаудан жалықпауымыз керек.

Кешті қорытындылаған №264 мектептің оқушылары ақынның әндерін орындап, өлеңдерінен үзінді оқыды.

Фариза ОМАРОВА

Тағы да оқыңыз: