Облыстағы мәдениет ұйымдарында өнердің түрлі жанрлары бойынша 854 үйірме жұмыс істейді. 10 мыңнан аса өнерпаз қамтылған. Үйірмелердің 340-ы балаларға, 376-ы жасөспірімдер мен жастарға, 138-і егде жастағыларға арналған. Барлық аудандар мен Қызылорда қаласында жыр-терме, қобыз үйірмесі ашылып, 300-ден аса балалар дәріс алуда.
-Жастардың музей жұмысына, бейнелеу өнеріне қызығушылығын арттыру бағытында «Жас өлкетанушы», «Мирас» экскурсоводтар клубы және С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында ИЗО-студия жұмыс істеуде. Оған 70-ке жуық оқушылар мен студенттер тартылған. Бүгінгі таңда барлық үйірме жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес онлайн түрде жүргізілуде. Үйірме мүшелеріне түрлі бағыттағы шеберлік сағаттары өткізіліп, олардың шығармашылық тұрғыдан білім алуына кең қолдау көрсетілуде, – деді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Абуова.
Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында «Креатив-территория» атты жоба аясында АРТ-студия ашылды. Студияға келуші 100-ден аса жас таланттар бейнелеу өнері, домбыра, фортепиано және би үйірмелеріне қатысуда. Мұнда ағылшын, корей тілдерін үйрететін үйірме бар. Ал жұмыссыз жастар және әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтар «Шаңырақ» интеллект-орталығында компьютерлік сауаттылығын арттыруда.
Басқармаға қарасты мәдениет үйлерінің ұйымдастырып жатқан шараларын Youtube желісіндегі «Сыр шаңырағы» каналынан көруге болады.

Тағы да оқыңыз: