Kyzylorda-news.kz Кент көшелеріндегі кәсіпкерлік нысандардың жарнамалары мен мұндалайды. Заманауи үлгідегі тақтайшалар көздің жауын алып, дүкен табалдырығын қалай аттағаныңды білмей қаласың. Осындайда мағынасыз аудармалар, әріптік қателер мен оңды-солды қойылған тыныс белгілерін көргенде үнсіз қалу мүмкін бе?!. Тіл маманы ретінде көрнекі ақпараттардың сауатсыздығын айтып, дабыл қаққанымызбен, жарнамадағы қателер тыйылар емес. Осы тұста туған өлкедегі ономастика туралы заңның талаптарына сай келмейтін, орфографиялық қателіктері бар жарнама билбордтарын назарға алып, жауапты тұлғалардың пікірін білдік.

Алдымен, ономастика бойынша жаңа заңға жүгінсек, жарнамадағы орфографиялық қателік үшін жарнама иесіне 10 АЕК-тен 50 АЕК көлемінде айыппұл салынуы керек. Бір айлық есептік көрсеткіштің қазіргі таңда 2 651 теңге екенін ескерсек, мемлекеттік тілде ғана қателіктер жіберіп жаңылысатын жарнама берушілердің әрекетіне бұл жаза тым жеңіл секілді. Өйткені жарнама берушіге ең көп 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды дегеннің өзінде айыппұл көлемі 132 550 теңгені құрайды екен. Ал қазақ тілін қорлағандар үшін 135 000 теңге болмашы ақша емес пе?! Әйтсе де жарнама берушілер заңнама талаптарын орындау кезінде де жиі қателіктерге ұрынады екен. Көбінесе жарнаманың жоғары бөлігіне орыс тіліндегі нұсқасы орналасады немесе қазақ тілінде мәлімет беруді мүлдем ұмытып кетеді.

– «Бұрынғыдай емес, кент жұртшылығы көшедегі жарнамаларға аса мұқият бола бастады. Жарнамаларда ара-тұра қателіктер кездесіп жатады. Біз өз тарапымыздан қателіктерге жол бермеу үшін әр кәсіпкерліктің тақтайшаларына назар аударып келеміз. Халық та қырағы ғой, жарнамадағы қателікті көре сала әлеуметтік желіге салып, жұртшылықтың талқысына салады немесе жауапты органдардың жауабын талап етеді. Бұл өз кезегінде көшедегі қателікке толы жарнамалардың азаюына ықпал ете бастағандай», – дейді «Қазақ тілі» қоғамының Жаңақорған аудандық филлиалының төрағасы Ізәтілла Нәрзілдаев.

Әсіресе, дүкен сөрелеріндегі тауарлар атауының орыс тіліндегі нұсқасы қатесіз жазылады да, мемлекеттік тіл нұсқасы қателіктерге толы болады. Бұл қазақ тілінің мәртебесіне де кері әсер ететіні сөзсіз. Сондықтан жарнама берушілерге салынатын 135 мың теңге айыппұл аз, – дейді қазақ тілінің жанашырлары.

Алысқа бармай-ақ, кенттің басты көшелеріне көз жүгіртсек, сондағы беделді сауда орталықтары мен белгілі дүкендерде орын алып отырған жарнамалық олқылықтардың басым көпшілігі грамматикалық қателіктерден тұратынын көреміз. Кейде тіпті қазақ тіліндегі аудармаға қарап сөз мағынасын түсінбей жатамыз. Сондай олқылықтарды көргенде кәсіп иелерімен сөзге келіп қалатын кезіміз бар.

Жақында Алматы қаласында болғанымда, қаз-қатар тізілген дүкендерді аралай келіп бірінің сыртындағы жарнаманы оқи бастадым. «Изготовление на заказ. Ремонт. Оценка» деген орысша нұсқасын түсіндім, ал қазақ тіліндегі жазуларға келгенде бірнеше рет оқып, сол күйі «Текшелетін жөндеу» тіркесінің мағынасын еш түсіне алмадым. Журналист ретінде жарқырап тұрған бұл қателік ҚР Тіл туралы заңының 21-бабына сәйкес келмейтінін ескертіп, жақын арада түзетуді талап еттік. Санаулы күн өткенде оң нәтижені көріп қуанып қалдық.

Мемлекеттік тілдің ақсап тұрған тұсы – жарнама. Жарнамалар, хабарландырулар, маңдайша жазулары кез-келген шаһардың тыныстіршілігінен хабар беріп, қоғамның бет-бейнесін қалыптастырады. Қазір адамдар кітап оқып, газетжурналдарға жазылмаса да көше бойындағы жарнамалар мен маңдайша жазуларына қарайтыны сөзсіз.

Аудан, елді мекендерде елдің әлеуетін бағамдауда әлеуметтік үлгіт-насихат құралда көлемі әркелкі екенін байқаймыз. Тіпті идеологиялық мазмұны ескірген баннерлерге де көз түседі. Мейрамдарға байланысты орнатылатын баннерлер бірнеше ай бойы тұрады.

2022 жыл «Жастар жылы» деп жарияланды. Әлі бұл бағыттағы көптің көңілінен орын алатын баннер көзге ілінбеді. Ал, кейбірінде қазақ тілінің ақсап тұрғанын да анық байқап жатамыз. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан асса да тіл мәселесіне қатысты түйткілді мәселелер шешімін әлі де тапқан жоқ. Тіл – қазақтың айнасы, дербес ұлт екеніміздің айғағы. Тіл жоғалса, ұлт та жоғалатыны – әу бастан дәлелденіп қойған аксиома. Осы елдің ауасын жұтып, суын ішіп жүрген кәсіпкер осы елдің заңына да бағынуға тиіс. Ал заңға келетін болсақ, заң жобасы аясында көрнекі ақпараттар мемлекеттік тілде қатесіз әрі түсінікті жазылуы тиіс. Мұндай міндеттеме ҚР «Тіл туралы» заңының 21-бабына енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың негізінде бекіді. Жаңа заң жобасына сәйкес, жарнамалар, кәсіп нысанындағы мәтіндер, жол белгілері, мейрамхана мен дәмханадағы ас мәзірлерді қазақ тілінде жазу міндеттелді. Басқа тілде жазу аса қажет болған жағдайда ғана жүзеге асады. ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 75-бабына сәйкес шағын кәсіпкерлік субьектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға 1 жыл ішінде қайталанса – 5 АЕК, орта кәсіпкерлік обьектілеріне -10 АЕК, ірі кәсіпкерлік субьектілеріне -25 АЕК мөлшерінде айыппұл салынатындығын да ескерген жөн.

Осы уақыт аралығында аудандағы кәсіпкерлік нысандарға түсіндірме жұмыстарын жүргізу барысында кәсіпкерлердің көбі дерлік маңдайша жазуларына аса көңіл аудармайтындықтары, мән берілмейтіндіктері белгілі болса, енді біразы заңнан хабарсыз екендіктерін жеткізді.

Әлі бекітілмеген латын қарпінде маңдайшаларын жазу, мемлекеттік тілде емес орыс тілінде орналастыру сонымен қатар қазақ тілін екінші қатарға қою – бұл жарнаманың ең ақсап тұрған тұсы. Жарнама мәтіндерінің заң талаптарына сай дұрыс жазылуын тексеру мақсатында «Тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2020- 2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына» сәйкес, Жаңақорған ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мамандары тоқсан сайын рейдке шығып, жарнама мәтінінің дұрыс жазылу реттілігі жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізілуде. Осы орайда, көрнекі ақпараттарды жазуда қандай да түсінбеушілік немесе сұрақтар болған жағдайда кәсіп немесе нысан иелері тікелей тіл мамандарынан көмек алуға мүмкіндіктер қарсатырылған.

Нәтижесінде мемлекеттік тілге құрметтілік танытып, көпшілігі берілген уақыт аралығында кеткен олқылықтардың орнын толтырып, қателіктерді түзетуде. Қате көрнекі ақпараттар мен түзетілген жарнамаларды әлеуметтік желіге салып отыру әдетке айналды. «Жаңақорған мәдениет бөлімі» фейсбук парақшасында да тоқсан сайын жүргізілген рейд жұмыстары мен оның нәтижесі жарияланып отыр. БАҚ да осы тақырыпта арнайы мақалалар жазылып келеді.

Соңғы уақытта ана тілдің айналасында көп мәселе талқыға түсіп, мемлекеттік тілдің мәртебесі жайында түрлі пікірлер қалыптасуда. Дұрысы, ана тілдің айбынын асқақтатып, төр тұғырына қондыратын уақыт келді. Тәуелсіздігіміздің қуатты құралы, асыл ой мен парасат белгісі, елдігіміз бен бірлігіміздің туы бола білген қаза тілінің қадірін ұғынып, қасиетін айқындайтын мезгілге де жеттік.

Тіл – мемлекеттің табан тірейтін тұғырлы темірқазығы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда көрнекі ақпаратта орыс және қазақ тілін пайдалануды регламенттейтін заңға қол қойды. Жаңа Ережелерге сәйкес көрнекі ақпаратты орыс тілінде жазу енді міндетті болмайды. Сондай-ақ жол белгілеріндегі жазбаларды мемлекеттік тілде жазу, хабарландыруларды, жарнамаларды, баға белгілерін, мәзірлерді, нұсқауларды да қазақ тілінде жазу мүмкіндігіне қол жеткізілді. Мемлекеттік тіл шын мәнінде ұлттық саясаттың өзегі, діңгегі дейтін болсақ, қазақ тіліне басымдық беріп, техника, экономика, саясат тіліне айналғаны жөн.

2021 жылдың соңында Түркістан қаласында өткен халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының VI құрылтайында бірнеше мәселе көтерілгенін айттыңыз. Сол бағытта жұмыстар атқарылуда? Қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту және оның қоғамдағы ролінің маңызды екенін ескеріп, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамын елордаға көшіру, өңірлердегі филиалдарын кеңейтіп, материалдық базаларын нығайту енді қолға алына бастады. Жиында электрондық ресурстарын дамытып, мемлекеттік комиссия құрылатынын, қазақ тілін үйретудің ортақ мемлекеттік тұжырымдамасы дайындалып жатқанын білдік. Тұжырымдаманың мақсаты үздіксіз білім беру арқылы мектептен бастап, тіл үйретудің сапасын арттыру. Бұл жоба мемлекеттік тілді қажеттілік үшін үйретудің алғашқы қадамы болары сөзсіз. Иә, әрбір халықтың ана тілі бар десек, өз ана тіліміздің барша болмысы, тіпті оның әрбір дыбысы мен жалғау-жұрнағы әрбір шынайы азаматқа та¬нымал, мәдени-әлеуметтік өмірде өзіндік мәні бар киелі ұғым.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғам¬дық бірлестігінің 2021-2025 жылдарға арналған бағдарламасының мән-маңызы мен мақсаты неде? Миссиясы – қазақ тілін мемлекеттік тіл мәртебесіне орнықтыру, мақсаты – ана тіліміздің қолданыс аясын кеңейтіп, толық таралуына ықпал ету, оқыту, зерттеу және жүйелеудің ғылыми-әдістемелік негізін әзірлеу сынды 12 түрлі міндетті орындауды жоспарға енгізді. Биылдан бастап, нақты жұмыстар жүзеге аса бастайды. Әр бес жыл сайын атқарылған іске есеп беріліп, меже мен міндет айқындалып, алдыға басқа мақсаттар қойылады. Осыған сай қоғамның жаңа бағдарламасы мен жарғысы қабылданды. Бұл жиын делегат ретінде қатысқан әрбір тұлғаға үлкен жауапкершілік жүктеді, болашаққа айқын бағдар түзеп, бірге қадам басуға үгіттеді.

Тағы айта кететіні, «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы ең алдымен қазақстандық бірегейлік пен зияткерлік әлеуетті дамытуға арналған бірнеше негізгі бағытты қамтиды. «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту», – деген екен Бауыржан Момышұлы. Осы қазақ тілінің тағдыры жайында тіл жанашыры ретінде жастарға айтарымыз аз емес.

Жақында Конституцияға өзгертулер мен түзетулер енгізу бойынша референдум енгізгелі тұр. Ол да үлкен жуапкершілікті жүктейді. Сондықтан саяси науқанға мейлінше үлес қосып, болашаққа жастар қадам басуға дағдылануы керек.

Біз көпұлтты мемлекетпіз. Мейлі бола берейік, бұл тарихи даму жолымен қалыптасты және бұл біздің еліміздің кемшілігі емес, басқалардан артықшылығы. Тәуелсіздіктің негізгі тірегі – ұлттың тілі, діні, ділі. Бұрынғы даналардан қалған «Қанша тілді білсең, сонша мәдениеттісің, сонша байсың» деген сөз бар. Әрине, құптарлық ой, бірақ, өзге тілді игеремін деп жүргенде өз тілімізден айрылып қалмау жолын қатаң қадағалау керек. Ұлтшылдық рух жоқ жерде, ұлтқа адал қызмет ету де жоқ. Осыған көзіміз жетіп отыр.

Ана тілін ұмытқан, тек бөгде тілде ұғысқан ұрпақ елді ұшпаққа шығарады, адал қызмет қылады деп сенуден қалып барамыз. Өйткені бізде орыстілді азаматтар көп. Болсын, бірақ ана тілді бірінші орынға қою парыз. Жаңақорғанда 20-ға жуық өзге этнос өкілдері тұрады. Салты мен дәстүрі басқа болғанымен ортақ мүддеге ұйыстыратын жалғыз құралы ол қазақ тілі. Қай ұлтты алып қарасаңыз да ана тілдің абыройын асырып, бала баспалдағынан санасына құйып қойған. Керек болса олардың көбі қазақтың дәстүрін дәріптеп келеді. Бұл да ұлтқа деген алғыс, кең пейілділік, ең бастысы, осы елдің дамуы үшін күрескер болудың бір сипаты.

Бір сөзбен айтқанда, ұлт пен тілдің бірлігі – халық әлеуетінің, ұлт руханиятының ұлы тұғыры болары сөзсіз.

Осы ретте, көрнекі ақпаратқа қойылатын талап жоғары емес, бірінші мемлекеттік тілде жазылуы тиіс болса, екіншісі мазмұндық және грамматикалық жағынан сауатты жазылуы. Сауатсыз жазылған маңдайшалар мен жарнамалар тілдің қадіріне нұқсан келтірмесе абыройын асқақтатпасы анық.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, жарнамадағы қателіктерді жою мәселесіне үлес қосу әр қазақстандықтың міндеті деп ойлаймын. Бүгiнгi күнде жарнаманың көбi орысшадан қазақшаға аударылатындықтан тiл тазалығын сақтау мақса-тында осы заңға бiр бап енгiзiлсе немесе жарнама толықтай қазақ тiлiнде жазылып, сонан соң басқа тiлге аударылса дегіміз келеді. Сондай-ақ эфирде берілетін жарнаманың пайызы азайтылып, сауатсыз жарнамаланған тауарлар немесе қызметтерге айыппұл құны арттырылуы керек.

Мақпал МАРҚАБАЙ

Фото: egemen.kz
 

Тағы да оқыңыз: