Kyzylorda-news.kz  «Наурызнама» онкүндігі бойынша бүгін – «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр» күні. Яғни, халқымыздың мәдениеті, өнері, төл құндылықтары, ұмыт болған әдет-ғұрыптары қайта жаңғыртылып, кеңінен насихатталады.

Мән-маңызы айрықша мерекеде «Анаға тағзым» орталығында бүгінде көпшілік біле бермейтін бірқатар салт-дәстүріміз көрсетілді. Абылай хан атындағы №140 қазақ орта мектебі және А.Тоқмағамбетов ауылының ақ жаулықты аналарымен бірлескен шарада түпкі мағынасы терең, тағылым мен тәрбиеге толы «Босаға майлау», «Қамшы ілу», «Құрсақ шашу», «Құлақ тесу», «Шашбау тағу», «Шаңырақ тілеулесі» сынды дәстүрлеріміз дәріптелді. 

Сырдария ауданы, Асқар Тоқмағамбетов ауылынан арнайы келген асыл әжелер «Орталық берекелі-мерекелі, майдай жұғымды, көптің үйі болсын» деген ізгі тілекпен жаңа ғимаратымыздың босағасына май жақты. Содан соң, көпшілікке «Қамшы ілу», «Құрсақ шашу» дәстүрлерін көрсетті.

Ал, Абылай хан атындағы №140 қазақ орта мектебінің ұжымы «Құлақ тесу», «Шашбау тағу», «Шаңырақ тілеулесі» дәстүрлерінен қойылым қойды. Халық ұғымында қыздың құлағын тесу ұлды сүндеттеумен пара-пар рәсім саналған. Сондықтан, балиғат жасына толған қыздың құлағын тесу үшін анасы, жеңгелері, апалары жиналып, қыздырылған инемен немесе қарапайым тарымен құлағын тескен. Тәрбиелік мәні зор дәстүр бойынша, үлкендер «сен енді сырғалы қыз болдың», «сырға таққан соң, қыз санатына қосылдың, енді саған қуыршақ ойнау жараспайды» деп, оның құлағына жайлап сіңіре берген. Мұның мәні – қыз бала қуыршақтың орнына қолына кесте алып, анасына көмекші болсын деген ниет. 

 «Шаңырақ тілеулесі» де – бүгінгінің адамдары біле бермейтін мағынасы терең дәстүріміздің бірі. Елден жырақ кеткен ерлерді дәм-тұз туған жеріне тартып тұрсын деп, нанның бір үзімінен дәм татырған. Ал, бір бөлігін шаңыраққа тілеулес болсын деп алып қалған. Ізгі ниетпен ырымдалған дәстүрді Абылай хан атындағы №140 қазақ орта мектебінің ұжымы қойылым ретінде көпшілікке ұсынып, ұмыт болған ғұрыпты дәріптеді. 

Осылайша, «Мәдениет пен ұлттық салт-дәстүр» күнінде төл құндылықтарымыз ұлықталып, танымды әрі тағылымды, тәрбиелік мәні зор ғұрыптарымыз жаңғырды.

Тағы да оқыңыз: