Kyzylorda-news.kz. Еліміз тәуелсіздік алған отыз жылдан аса уақыт ішінде қазақ мәдениеті күллі әлем көз салып, құлағы елең еткен шырқау биікке көтерілді.

«Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында жүзеге асқан қыруар жұмысты тізбелеп жатпасақ та түсінікті.  

Қазақ өнері мен мәдениеті әлемді шарлап, Италия, Франция, Түркия, Жапония, Ресей, Қытай сынды ірі елдердің талғампаз жұртшылығы – «Абай», «Қыз Жібек», «Біржан-Сара» секілді  қазақтың классикалық музыка өнерінің жауһарларын тыңдау мен баға беру бақытына ие болды.

«Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» жобасы шеңберінде ұлтымыздың көне жәдігерлері төрткүл дүние назарына ұсынылды.

Орта Азиядан басқа, Солтүстік Македония, Түркия, Малайзия және Грекияның жетекші музейлерінде өткен көрмеде «Алтын адам» біздің ұлтымыздың ғажайып болмысын паш етті.

Бұл – мемлекетіміздің мәдениетке аса мән беруінің нәтижесі.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет туралы өз сөзінде: «Жалпы, ұлт мәдениеті – халық өмірінің айнасы, оның болмысы. Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты. Сол себепті азаматтарымыздың рухы әрқашан биік болуы үшін мәдениетімізге, яғни, руханиятымызға баса мән бергеніміз жөн» деген болатын.

Сонымен бірге Мемлекет басшысы әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілетті мәдениетті дамытуды жүктеді.

2013 жылдан бері тойланып келе жатқан мәдениет қызметкерлерінің күні біздің аймақта да жыл сайын өз дәрежесінде аталып келеді. Сондай-ақ сала озықтарына лайықты құрмет көрсетіледі.

Өткен жылы облыс әкімі мәдениет пен өнер қызметкерлеріне бұрынғы беріліп жүрген атақ-марапаттарға қоса қомақты қаржысы бар «Тұран» сыйлығын тағайындады. Бұл дәстүр биыл да жалғасады.

Өткен күндерден бір мысал келтірсек, барша ел-жұрт кешегі пандемия құрсауында қалғанда да мәдениет пен өнер адамдары бой тасалаған жоқ, күн сайын халықпен бірге болды. Адам баласы еңбек етіп бой түзесе, мәдениет пен өнер арқылы ой түзейді. «Мылтығыңның күмісін айтпа, тиісін айт» дегендей, сырбойылық өнер өкілдері Қазақ елінің атын алыс шетелдерге жеткізіп, ұлт болмысын танытып жүр.

Ең бастысы, мәдениет – қоғамды топтастыруға, халықтың тарихи мұрасын жаңғыртып отыруға қызмет ететін үлкен күш.

Сондықтан мәдениет пен өнерге жасалар қамқорлық та жылдан жылға артып келеді.

Облысымызда мәдениет саласын қамтитын іргелі жұмыстар рет-ретімен іске асырылып отыр. Қызылорда қаласының соңғы жылдары ерекше кейіпке енген ауданына айшық пен көрік берген көпфункционалды 1000 орындық «Өнер орталығы» пайдалануға берілді. Көрермендерге концерттерді кәсіби әрі жанды дауыста ұсыну мақсатында симфониялық оркестр құрылды. Барша аналардың құрметіне «Анаға тағзым» орталығы іске қосылды. Өнердегі мүмкіндігі шектеулі өнерпаздарымыздың шығармашылығын шыңдауға арналған Инклюзивті театр жобасы мақұлданды. Бұған дейін 10 жылға жуық үйірме ретінде жұмыс жасап келген «Жастар театры» өз алдына кәсіби ұжым ретінде өнер көрсете бастады.

Композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кеңес Дүйсекеев атындағы «Туған жер» І халықаралық әншілер конкурсы жаңа таланттардың есімін жария етті.

Сонымен бірге өткен жылы ұлт руханиятының көрнекті өкілі, мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция, тұлға бейнесін жырмен өрнектеген республикалық жыр мүшәйрасы өткізілді.

Сыр халқы түркітілдес елдердің «Қорқыт және Ұлы дала сазы» атты халықаралық фольклорлық өнер фестивалін алтыншы рет тамашалады.

Ақындықтың туын тіккен Сыр топырағынан үш дүркін «Алтын домбыра» иегері атанған жерлесіміз Мұхтар Ниязовтың жаңа ізбасарлары шығуы тиіс. Бұл ретте, ақындыққа бейімі бар балаларды айтыс өнеріне баулу, оларды тауып, шыңдау мақсатында өңірімізде тұңғыш рет «Айтыс олимпиадасы» атты облыстық жасөспірімдер айтысы өткізілді.

Өткен жылы Қызылорда облысының құрылғанына 85 жыл толды. Еліміздің даму тарихында өзіндік орны бар, төрт астана қоныс тепкен  киелі мекеннің өсіп-өркендеуіне талай аға ұрпақ маңдай терін, қасық қанын сарп етті. Ұмытылмайтын ерлік тағылымы ешқашан естен шықпайды және ол келер ұрпаққа ұран болып қала беретін тарихи құндылық.

Осы мерейтой аясында бірінші рет бюджет тапсырысымен 12  сериялы имидждік телесериал түсіру жобасы қолға алынды. Заманауи трендке айналған телесериал аймақтың оң имиджін қалыптастырып, өңірдің инвестициялық тартымдылығы мен туристік мүмкіндіктері республикалық, халықаралық деңгейде насихаттауды көздейді. Ең бастысы, бұл жобаға актер ретінде өзіміздің танымал өнерпаздар мен шығармашыл өкілдер де тартылған.

2024 жылдың ақпан айынан бастап облыстағы 171 мәдениет үйі мен клубтарда 7 бағыт бойынша «Адал адам мәдени-тәрбие орталығы» тұжырымдамасы жүзеге асырылуда.

Әйтеке бидің 380 жылдығына арналған «Әділ сөздің алдаспаны» атты тұңғыш республикалық командалық  айтыс өткізілді. Облыстық филармония жанынан «Жыраулар үйі» ашылды. «Қылқаламда мәңгілік ел бейнесі» атты халықаралық суретшілер симпозиумы өткізіліп жатыр.

7 ауданда музей, кітапхана, архив, неке қию залы, ардагерлер, аналар және жастар орталықтарын біріктіретін, типтік үлгідегі «Руханият» орталықтарының іргетасын қалау қолға алынды. Бүгінде мұндай орталықтар Сырдария, Шиелі, Жаңақорған аудандарында бой көтеріп жатыр.

Алыс-жақын шет елдерді Сыр өнерімен сусындату – қашаннан жолға қойылған дәстүр. Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық-драма театры халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымының арнайы шақыруымен Түркия елінің Анкара қаласына, облыстық филармония өнер ұжымы – Өзбекстан Республикасы Науаи қаласына шығармашылық сапармен барды.

Мәдениет – жұмысы толастамайтын, тоқтамайтын, көптің демалысы үшін демалмай жұмыс істей беретін сала. Біз айтып отырған ауқымды шаралардың бәрі де аймақ басшысының қолдауымен, облыстық мәдениет басқармасының бірлікті, берекелі еңбегімен іске асып келеді. Осыдан бір жарым жылға жуық уақыт бұрын облыс әкімі басқарма басшылығына Мира Қазбекованы тағайындап, «мемлекеттік қызметте мол тәжірибе жинақтаған, облыстың мәдени-рухани өмірін дамытуға зор үлесін қосып жүрген және мәдениет саласын жақсы меңгерген білікті маман» деп сенім білдірген еді. Басшы сол сенім үдесінен шықты, саланың қазіргі атқарып келе жатқан нәтижелі жұмыстары осындай қорытынды жасауға жетелейді.

Егер мәністі мәдениет, өрісті өнер болмаса төрт жағымыз түгенделмес еді, яғни, қоғам дамуына да тежеліс түсуі мүмкін. Сондықтан мәдениет пен өнер өкілдері қашан да құрметке лайық.  

Кәсіби мереке құтты болсын, «мәдениет майданының» сарбаздары. Сіздерге өнерде шабыт, өмірде бақыт тілейміз.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ

Тағы да оқыңыз: