Фото: Мұхаммедәли Агзамның жеке қорынан
Kyzylorda-news.kz. Қызылорданың көрікті жерлерін, жаңадан ашылған кәсіпорындарды әлемжеліге жариялап жүрген танымал мобилограф, «in.kyzylorda» жобасының негізін қалаушы Мұхамедәли Агзам әжептеуір табыс тауып жүр.
Айтуынша, мобилографияға 3 жыл бұрын келген. Оның бұл салаға келуіне энтузиазмға жақындығы мен фантазиясының ұшқырлығы себеп. Пандемияда белгілі отандық мобилограф Қыран Талапбектің курсын сатып алып, ізденген екен. Бүгінде «Қайда? Қызылордада!» («in.kyzylorda») жобасына жетекшілік етеді. Бұдан бөлек, тағы 2 жобада бақ сынап жүр.
Түсірген дүниесінің де қаралымы жоғары. Оны кемінде 70-100 мыңнан басталып, 200 мыңнан аса оқырман тамашалайды. Кәсіпкерлер де жұмысын жарнамалау арқылы сатылымын 1 айда 3 есеге арттырған деседі. «Сапалы контентті қалай бастау керек?» деген сауалды Мұхамедәлиге төтесінен қойдық.
- Ең бірінші жеке бренд маңызды. Менің дауысым, акцентім хит болып, адамдардың есінде сақталып қалды. Көшеде «Қызылордаданы» жүргізетін жігіт емес пе?» деп таниды. Сол себепті әрбір детальға мән беретін контент жоспар жасалу қажет. Жалпы, кез келген жобада тұрақтылық болғаны дұрыс. Әлемжелі қандай контент салсаңыз да, тұрақтылықты жақсы көреді. Негізі әрбір адам өмірді, жан-жағын, әрбір затты басқаша көреді. Ал, мобилограф осының барлығын тап басып, халыққа жеткізу керек. Осыны жүйелесе, 500 мың теңгені қалтаға басуға болады, - деді маман.
Азамат Абимолда