Kyzylorda-news.kz. Күнделікті күйбең тіршіліктен бір сәт қол үзіп, рухани демалыс жасаудың пайдасын көзі ашық жұртшылық бүгінде жақсы түсінеді. Содан болар, театр, мәдениет үйіне ағылатындар да жетерлік. Бұл қала тұрғындарының рухани құндылықтарға басымдық беретінін аңғартса керек.
Бүгінде аймақ халқының рухани демалыс орнына айналған Н.Бекежанов атындағы қазақ-музыкалық академиялық драма театры қызмет көрсетеді. 600 орындық руханият ордасында белгіленген кестеге сәйкес спектакльдер, эстрада жұлдыздарының концерті, шығармашылық кештер ұйымдастырылады. Бұдан бөлек қалада А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйі бар. Бұл мекемеде жоспар бойынша салтанатты жиындар, іс-шаралар өтеді. Десе де, халық саны өсіп, сана жаңғырған тұста аталған руханият ордаларына деген сұраныстың артуы заңдылық.
Осы орайда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылордадан заманауи үлгідегі бірнеше әлеуметтік нысан салу туралы бастама көтерген болатын. Соның бірі – Бейбарыс сұлтан көшесі бойынан іргесі қаланған Өнер сарайы.
Аталған руханият ошағының іргесі былтыр қаланды. Екі гектар аумаққа салынып жатқан ғимараттың жалпы ауданы 12,4 мың шаршы метрді құрайды. Ал, көпфункционалды кешеннің сыйымдылығы 1000 орындық. Онда мәдениет саласының симфониялық, эстрадалық және ұлттық өнер бағытындағы концерттік бағдарламалар мен түрлі форматтағы қоғамдық іс-шаралар өткізіледі деп жоспарлануда.
Бүгінде аталған екі қабатты ғимараттың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Нысанның жоба-сметалық құжаты демеушілер есебінен әзірленген. Ал, жоба құны 3 миллиард 370 млн теңгені құрайды. Өткен жылы басталған құрылысты жүргізуге 289 миллион теңге қаржы жұмсалыпты. Биыл 3 миллиард 80 миллион теңге игерілуі қажет. Руханият ошағын жоспар бойынша жыл аяғына дейін ел игілігіне беру көзделіп отыр.
Аймақта алпыс жылдан астам тарихы бар «СМП-Қызылорда» ЖШС құрылыс компаниясы Өнер сарайының құрылыс жүргізуші мердігер мекеме. Сонау Кеңес заманынан бері құрылыс саласында еңбек етіп, өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған бұл ұжым тек облыста емес, республика көлемінде әлеуметтік нысандардың іргесін қалап келеді. Екі өнеркәсіптік базасы жасақталған компанияға артылған жауапкершілік жүгіде ауыр. Сондықтан халық игілігіне қажетті ғимаратты талапқа сай сапалы әрі уақытылы орындауды мамандар жіті сезінеді.
«1000 орындық Өнер сарайының құрылысы былтыр басталған. Ауқымы кең жоба болғандықтан нысанды салу өтпелі кезеңмен жүргізілуде. Бұйыртса, биыл желтоқсан айында пайдалануға беру жоспарланған. Қазір құрылыс басында 119 құрылысшы жұмыс істеуде. Әрқайсысының өзіне жүктелген міндеті бар. Күнделікті азанымен жұмыс қыза бастайды. Ел игілігіне қажетті ғимараттың сапалы салынуы әрі белгіленген мерзімде пайдалануға берілуін тиісті мамандар қадағалауда. Құрылысқа қажетті барлық техникалар, құрал-жабдықтар толық қамтылған», – дейді «СМП-Қызылорда» ЖШС бас инженері Жанаман Құлжанов.
Бас инженердің айтуынша, құрылысқа қажетті құрал-жабдықтар мекеменің өндіріс ошағында шығарылады екен. Тек кейбір құралдар мен шикізат өнімдерін ғана сырттан әкеледі. Сол себепті, мұнда жетіспеушілік жағдайы жоқ. Құрылыс саласында алпыс екі жылдық тарихын қалыптастырған мекемеде мұндай ұсақ-түйек кемшілік болмауы тиіс. Сапаға жұмыс істейтін ұжымға абырой бәрінен маңызды.
Мердігер мекеме директоры Темірхан Әлімқұлов алғаш еңбек жолын Шиелі ауданында жүргізуші болып бастаған. Одан кейін, Алматы темір жол транспорты инженерлер институтына «Инженер-құрылысшы» мамандығы бойынша оқуға түсті. Сөйтіп, Бәйгеқұм қыстағында ПМК-47 мекемесінде тас қалаушы болып жұмыс істеді. Қарапайым маман болып бастаған азамат еңбекқорлығының арқасында биіктен көріне білді. Атап айтсақ, Шалқар станциясындағы СМП-660 «Ақтөбетрансстрой» мекемесінде учаске мастері, 1983 жылы прораб, 1984 жылдан бас инженер қызметтерін атқарды. Содан бері құрылыс саласындағы қанша сатыдан өтті. Тәжірибесі толысқан майталман маман атанды.
Қазіргі кезде «СМП-Қызылорда» ЖШС облыс көлемінде ғана емес, ел аумағындағы кез-келген күрделі ғимараттарды салу бойынша құрылыс монтаждау жұмыстарын бірінші санаттағы мемлекеттік лицензия негізінде жүзеге асырады. Бұл мекеме арнайы құрылыс техникасымен, түрлі мақсаттағы механизмдер және үлкен автомобильдер паркімен жабдықталған.
«Мекемеде 245 адам еңбек етуде. Оның ішінде 171 әртүрлі мамандық иелері бар. Атап айтсақ, 42 экскаватор, бульдозер, кран машинистері мен жүргізушілер мен 32 инженерлік-техникалық қызметкерлер бар. Мұнда жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, жалақы, еңбек демалысын уақытылы беру, арнайы киіммен қамтамасыз ету басты назарда. Бұл мекеменің тарихы тереңде жатыр. Толығырақ айтсақ, алғаш 1945 жылы Қызылорда қаласынан Ташкент темір жолы механикаландырылған колоннасының прорабтық учаскесі болып құрылды. Ал, 1958 жылы осы учаске базасында Теміржол байланысы министрлігіне қарасты Қазақ теміржолының СМП-355 құрылыс мекемесі жасақталады. Ол Түркістан станциясынан Сексеуіл станциясына дейінгі аралықтағы теміржол саласына байланысты барлық құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізумен айналысты. Айта кету керек, мекеме құрылғаннан бері қырық жыл ішінде вагон депосын қайта жарақтандыру кешенін, теміржол ауруханасын салды. Қалалық ішкі істер бөлімі орналасқан аудандағы, темір жол вокзалы маңындағы тұрғын үйді, монша, локомотив депосы, рельс дәнекерлеу зауыты, нан зауыты, балабақшалар және басқа да нысандар салып, пайдалануға берді. Осылайша, 1998 жылы темір жол құрылыс мекемесінің барлығы «Желдорстрой» акционерлік қоғамы құрамына еніп, осы құрамдағы біздің мекеме СМП-4 болып аталды. Сөйтіп, көптеген нысанға құрылыс монтаж жұмысын жүргізе бастады. Сол кезде қарашығанақ кешенінде темір жолды дамыту, Ақсай темір жолы, Ұзынағаш-Алматы темір жол учаскесін жарықтандыру, жанармай құю бекеті, шағын қазандық құрылысы салынды. Ал 2002 жылы «Желдорстрой» АҚ кәсіпорыны қайта құрымдауға түсіп, мекеме жаңадан өз алдына «СМП-Қызылорда» ЖШС болып аталды. Алғашқы кезде мекеменің ішкі жағдайының төмен екенін көрдім. Жұмысшылардың да жағдайы жасалмаған. Осы кезеңде құрылыс саласының ыстығына күйіп, суығына тоңып, шыңдалдым. Жылдар бойы жинақтаған тәжірибемді ел игілігі жолындағы жұмыстарға жұмсап келемін. Қиындықты көппен бірге көріп, жетістікке жұртпен бірге жетіп жүрміз. «Бір адам бейнеттеніп құдық қазса, мың адам мейірленіп шөл қандырады» деген даналық сөз бар. Біздің ісіміз көпшілікке саясын түсіріп жатса марқаямыз», – дейді «СМП-Қызылорда» ЖШС директоры Темірхан Әлімқұлов.
Серіктестіктің өндірістік қуаты жоғары, ауқымы кең. Кәсіпорында лай-бетон дайындау торабы, ағаш құрылым цехы, арматура цехы, механикалық цех, пластикалық бұйымдар цехы, шағын темірбетон бұйымдарын дайындау цехы, қозғалқыштарды орау цехы, екі бетон зауыты және база аумағында ұзындығы 3,6 шақырым теміржол желісі бар. «СМП-Қызылорда» ЖШС құрылған уақыттан бері тұрғын үйлер, мектептер, балалардың жазғы тынығу лагерін, ауыл клубтарын, салды. Атап айтсақ, «Сейхун» спорттық-сауықтыру кешені, Қорқыт ата мемориалды кешені, әкімшілік ғимараттардың құрылысын жүргізді.
Өнер орталығы заманауи құрал жабдықтармен қамтамасыз етілмек. Мың адамға арналған мәжіліс залы, арнайы үйірмелерге арналған бөлмелер жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар, қаладағы көрікті нысандардың біріне айналмақ. Оқушылар мен жас жеткіншектердің бос уақыттарын тиімді пайдалануына арналған өнеге ордасы болмақ. Осынау дәуірлі өнер ордасы – Сыр төрінде салтанат құрмақ.
Шаһардың жыл санап көркейіп, зәулім ғимараттар бой көтеріп жатқандығын байқау қиын емес. Әсіресе, биыл Бейбарыс сұлтан көшесі бойындағы құрылыс қарқынды жүруде. Бірқатар әлеуметтік нысан орналасқан көше бойы қайта жаңғыртылып, Өнер орталығы мен Неке сарайы бой көтермек. Ал облыс әкімдігінің алды – жазғы уақытта саялайтын демалыс алаңына айналмақ. Онда жарық шамдар, скверлер мен субұрқақтар орналастырылып, жанға жайлы жағдай жасалады. Одан бөлек көркейту-көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі. Осылайша, «Сыр Ана» монументі, облыс әкімдігі, шығармашылық үйі, бірқатар білім ошақтары және ана мен бала орталығы, орталық мешіт орналасқан қатарға жаңа руханият ошағы қосылатын болады.