Kyzylorda-news.kz Қызылорда қаласындағы А. Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде «Мәдениеттер тоғысы» атты фестиваль өтті. Шара Қызылорда облыстық «Славяне» этномәдени орталығының ұйымдастыруымен өтті.
Фестивальге Қазақстан халқы Ассамблеясының ардагерлері мен “Қоғамдық келісім” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшылық өкілдері қатысты.
Фестивальдің басты мақсаты – өңірдегі этносаралық татулықты нығайту, түрлі этностардың мәдениетін, салт-дәстүрін насихаттау және жастарды бірлікке тәрбиелеу.
Іс-шара басталар алдында мәдениет үйінің фойесінде қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылып, көрермендерге әртүрлі этнос өкілдерінің тұрмыс-тіршілігі мен шығармашылығы таныстырылды. Ал сахна төріндегі LED-экранда «Мәдениеттер тоғысы» атты арнайы бейнеролик көрсетілді.

Фестиваль шымылдығы қазақ әжелер хорының орындауымен ашылды. Одан кейін Қызылорда қалалық мәдениет үйінің балалар вокалдық тобы, корей этносының барабан биі, «Сударушки» вокалдық тобының «Валенки» әні, испан биі, қасықпен орындалған «Калинка» композициясы көрерменнің зор ықыласына бөленді.
Сонымен қатар, Алматы қаласынан арнайы келген қонақтар қылышпен фланкировка өнерін көрсетіп, казак мәдениетін таныстырды. Константин Луцаның «Перекресток» әні, Ира мен Гала дуэтінің қазақ тіліндегі әні, «Жемчужинка» тобының флешмобы, Нина Обухованың «Соловушка» әні фестиваль көркін арттырды.
Фестиваль соңында барлық қатысушылар сахнаға шығып, «Песня остается с человеком» әнін орындады. Шара отшашумен қорытындыланып, өнерпаздарға алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды.

