Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қызылорда қаласының әкімдігінің қолдауымен, мәдениет және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен әжелер ансамбльдерінің облыстық фестивалі өтті.

​Қоғамдағы асыл әжелердің, әйел-аналардың мәртебесін арттырып, отбасылық құндылықтарды, қазақтың тұрмыс-салт жырларын, халық әндерін насихаттауды мақсат еткен «Ұлағатты әже» атты фестивальге арнайы қатысқан шаһар басшысы Асылбек Шаменов ұлттық тәрбиедегі қазақ әжесінің рөліне ерекше тоқталып, облыстың түпкір-түпкірінен келген өнер ұжымдарына ризашылығын білдірді.

​«Әлімсақтан әжелер – ұлттың ұйытқысы, тәлім мен тәрбиенің тұма бастауы. Сондықтан бұл шараның келіндеріміз бен бойжеткен қыздарымыз үшін өнегесі мол. Ағайын-туманың бірлігін сақтаған, әулеттегі абысын-ажындардың ақылшысы атанған, жас келіндерге жол көрсеткен, немере-шөберелерін құндылықтардың қайнарымен сусындатқан ардақты әжелеріміздің дәл осылай халық алдына шығып, алқалаған әлеуметке бүгінгідей жаһандану дертіне қарсы тұрар қуат-күш сыйлауы - кешегі абзал аналар салып кеткен сара жолдың үзілмегенін, ғасырдан ғасырға мұрагер ұрпақтары арқылы жалғасын таба беретінін байқатса керек», - деген қала әкімі Асылбек Шаменов абзал аналарымызды алда келе жатқан төл мерекелерімен құттықтады.

​Сондай-ақ, «Алып анадан туады, тектілік тұқым қуады» демекші, Тәуелсіз Қазақстанның гүлденуіне айрықша үлес қосып, түрлі салада абыройлы еңбек етіп жүрген елімізге белгілі тұлғалардың аналары мен жұбайларына көктемнің шуақты мейрамы қарсаңында арнайы сый-құрмет көрсетті.

​Облыс аумағынан 10 әжелер ансамблі қатысып, Ақмешіт аспанын әнге бөлеген өнер мерекесінің нәтижесінде Қызылорда қалалық білім бөлімі жанынан құрылған  «Асыл жандар» ансамблі «Көрермендер көзайымы» атанса, Қызылорда қаласы, Асқар Тоқмағамбетов мәдениет Үйі жанынан құрылған «Ұлағат» ансамблі мен Жалағаш ауданы, Мөрәлі Шәменов ауылдық мәдениет үйі жанынан құрылған «Асыл ана» ансамблі 3 орын, Сырдария ауданы, Асқар Тоқмағамбетов мәдениет Үйі жанынан құрылған  «Асыл ана» ансамблі 2 орын, Роза Бағланова атындағы Қазалы аудандық мәдениет Үйі жанынан құрылған «Өнеге» ансамблі 1 орын иеленсе, Қармақшы аудандық Шәмшәт Төлепова мәдениет Үйі жанынан құрылған «Ақ әжелер» ансамблі Бас жүлдеге лайық деп танылды. ​Барлық қатысушылар мен жеңімпаздарға арнайы алғыс хаттар мен қаржылай сыйлықтар табысталды.

​Айта кетейік, санаулы сәттерден соң А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде фестиваль аясында аналар форумы өтеді.

334685429_112119245073499_3484704206099220063_n.jpg
328695235_491790042975729_8701866316613678753_n.jpg
334467418_907197053851017_4823418933537002408_n.jpg
329574698_188865140508074_551158256998224246_n.jpg

Тағы да оқыңыз: