Kyzylorda-news.kz  Қазақтың маңдайалды ақынының бірі – Абай Құнанбайұлы. Алаш баласында бұл кісінің есімін білмейтін адам жоқ. Дала даналығын бойына жиып, елге ақыл-парасатымен танылған қазақтың ғұлама ұлы жайында талай туынды жазылды. Хакім Абай хақында қалам тербегендердің қатарында Ахмет Байтұрсынов, Мұхтар Әуезов сынды ұлттық әдебиетіміздің көшбасында тұрған тұлғалар да бар.

Бүгін жылы Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің 85 жылдығына орай Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығы қорынан ұйымдастырылған «Адамзаттың Абайы» атты көрменің ашылу салтанаты өтті.

434711554_1970400870024094_3620382469593998921_n.jpg

Шараға Абайтанушы ТохташЖолдасова, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Сәдуақас Аңсатов, Қорқыт ата университетінің аға оқытушысы Әбілов Алдажар және мәдениет орталықтары мен қоғамдық ұйымдардың мүшелері, БАҚ өкілдері, жоғары оқу орындарының студенттері, жергілікті ғалымдар, әдебиетшілер мен тарихшылар қатысты. 

Абай – үлкен тақырып. Оның философиялық әлемі, өлеңдегі табиғаты, лирикасы, әндері тағысын-тағы таусылмайтын қыры мен сыры көп. Абайдың қара сөздерін оқыған, шығармашылығына үңілген жан фәлсапалық тереңдікпенкездесетіні анық. Осы ретте аз-кем ұлы ақынның өмір жолына тоқталайық. Хәкім Абай Ғабитхан молдадан сауат ашып, 10 жасында Семей қаласындағы Ахмет Риза медресесіне оқуға барған. Ол жерде араб, парсы тілдерін үйренді. Сонымен қатар Низами, Науаи, Сағди, Хафиз, Физули секілді басқа да шығыс классиктерінің шығармаларымен танысады. Мұнан кейін Семейдегі «Приходьская школаға» түсіп, А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, Л.Н.Толстой, И.А.Крылов, Ф.М.Достоевский шығармаларын оқып, Гете,  Байрон мұраларына ден қойды.

434733889_1970401106690737_8006861226982231673_n.jpg

 Абай Құнанбайұлының өмір жолымен таныс адам оның 13 жасында әкімшілік билікке араласқанын жақсы біледі. Ел ішінде жүріп, отаршыл Ресейдің қол астындағы халқының ауыр тағдырын көріп өсті. Сол себепті қайтсе де елмен бірге болуды жөн санады. Ол 1875 жылы Қоңыркөкшеде өткен сайлауда жеңіске жетіп, 1878 жылға дейін болыс болды. 

«Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деген Абай уақыт өте келе алаңсыз шығармашылықпен айналысуға бел буады. Ол – «Жаз», «Күз», «Қыс», «Жазғұтыры» сынды өлеңдер жазып, табиғаттың төрт мезгіліне бірдей қалам тартқан алғашқы қазақ ақыны. Оның «Ғылым таппай мақтанба», «Интернатта оқып жүр», «Сегіз аяқ» секілді өлеңдерінен сол кездегі әлеуметтік жағдайдыкөруге болады. 

434726081_1970401073357407_5097531009094729537_n.jpg

Абай Шығыс елдерінің әдебиетін терең меңгереді.  Соның нәтижесінде Шығыстың екі хикаясының желісімен «Масғұт» және «Ескендір» деген поэмалар жазды. Орыс классиктерін оқып, оларды қазақ тілінде сөйлетеді. Абай Крыловтың мысалдарын, Пушкиннен «Евгений Онегиннің» үзінділерін және Лермонтов, Буниннің шығармаларын аударған. Абайдың ән шығармашылығы қазақтың халық музыкасында ерекше орын алады. «Сегіз аяқ», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай», «Көзімнің қарасы» сияқты әндерін халық жақсы біледі. 

Хәкім Абай өмірінің соңғы жылдарында «...кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі...» деп қара сөз жазуды қолға алды. Оның қара сөздері алғаш рет 1918 жылы Семейде шыққан «Абай» журналында жарияланды. Сонымен қатар орыс, қытай, француз сынды көптеген әлем елдері тілдеріне аударылды. 

434721228_1970401150024066_3957365416226927384_n.jpg434746130_1970401126690735_8328687762480697442_n.jpg

Қазақ әдебиетінде бүтін бір дәуірдің басында тұратын ақын 1904 жылы туған жерінде қайтыс болды. Сүйегі Жидебайға қойылды. Оның есімі дүниежүзі халықтары әдебиетінде Шекспир, Пушкин, Гётелермен қатар тұрады. Себебі оның әдеби мұрасы бүкіл адамзаттың рухани қазынасына айналды. 

Тау тұлғалы ақынға арналған көрмеге хәкім Абай Құнанбайұлының 1885 жылы досы Н.Долгополов арқылы Семей қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану музейіне тапсырған заттары: «Тұмар» домбырасы, сыбызғы, торсық, ағаш құты, піспек, 1909 жылы алғашқы жарыққа шыққан Абайдың өлеңдер жинағы, Отан соғысына қатысқан Абай ұрпақтарының хаттары сияқты бірегей жәдігерлер қойылды.

Айта кетейік, көрме 13 сәуірге дейін жалғасады.

Ә.ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 

Тағы да оқыңыз: