Kyzylorda-news.kz. Тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жобасы Қызылорда облысында да жоғары деңгейде жүгезе асырылуда. Бұған қатысты біршама жұмыс атқарылып, өз нәтижесін беруде. Аталған тұжырымдама 6 бағыттан тұрады. Тұжырымдаманы іске асыру елдегі тілдік ахуалдың әлеуетін және оның қоғамдық-саяси, әлеуметтік саланы дамытудағы қосқан үлесін арттыруға, өңірлік деңгейде өзекті мәселелерді шешуге, оның ішінде тілдік кемсітушіліктің алдын алу жөніндегі шараларды жүзеге асыруға ықпал етеді.

Департаменттегі іс-қағаздар 100 пайыз қазақ тілінде жүргізіледі

   Кеше ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық Статистика бюросының Қызылорда облысы бойынша департаментінде Тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөнінде семинар өтті. Депарматент басшысы мекемедегі барлық іс-құжат тек мемлекеттік тілде жүргізілетінін атап өтті. Сондай-ақ тілдің қолданыс аясы, қызметкерлердің ана тілінде сөйлеу мәселесі жолға қойылғанын жеткізді. Жақында жаңа қызметке тағайындалған басшы департаментке қатысты өзгерістерге, алдағы уақытта жасалатын жұмыстарға тоқталды.

департамент.jpg

– Қазіргі таңда мемлекеттік тілдің қолданысы жақсарып келеді. Барлығы өз ана тілінде сөйлеуде. Өзге ұлт өкілдерінің де біздің тілге деген қызығушылығы артуда. Бұл – бізді қуантады. Қазақ бола тұра, қазақ тілінде сөйлемейтіндерге қарап, олардың тілге деген қызығушылығына риза боласың. Мен көбіне қазақ тілінде сөйлейтін орыс ұлтының өкілдерін жақсы білемін. Жалпы тілді үйрену әр отбасынан, шаңырақтан бастау алады. Баланы қазақ мектебіне беру үлкен рөл атқарады. Міне, осы кезде ата-ана дұрыс таңдау жасап, қазақ тіліндегі мектепке берсе, баланың болашағына, оның ана тіліне деген жанашырлығына алаңдамас еді. Менің айтқым келгені, әр адам тілге деген жанашырлықты жоғары қоюы тиіс. Сонда ғана мәселе оң шешімін табады деген ойдамын. Қазақта "Қай тілде сөйлесең, сол тілде ойлайсың. Қай тілде ойласаң, сол ұлттың қамын жейсің" деген қанатты сөз бар. Сондықтан ана тілдің дамуы мен дәріптелуіне назар аударып, мәртебесін арттыру керекпіз. "Тіл – ұлттың сүйенетін тамыры, сыйынатын тәңірі", – дейді қазақ даналығы. Елімізде заңға сәйкес ұлттық тілімізді дамытып қана қоймай, басқа да әлем тілдерінің қатарына қосылу үшін ғылым, білім, инновация тіліне айналуымыз тиіспіз. Жоғарыда айтып өткенімдей, тәрбие ең алдымен отбасынан басталады. Сондықтан бірінші үйде, шаңырақта қазақ тілінде сөйлеу керек. Содан кейін барып көпшілікте, ұжымда қазақ тілінің қолданысын кеңейткен жөн. Осыны назарға алу керек. Біздің департаментте іс-қағаздар 100 пайыз қазақ тілінде жүргізіледі. Сондай-ақ қызметкерлерде ана тілінде сөйлейді, – деді департамент басшысы.

Бір айта кетерлігі, бұл мекемеде әрбір атаулы мерекелік күндер тек мемелекеттік қазақ тілінде өткізу қалыптасқан үрдіс екен. Себебі бірге қызмет істейтін орыс, татар, кәріс ұлттарының өкілдері қазақ тілін өз ана тілінің деңгейінде меңгерген және барлық қоғамдық жұмыстарға қазақ тілінде атсалысады.

Қазақ тілінің мәртебесі мен қолдану аясын кеңейту, мемлекеттік тіл саясаты мемлекеттік тілді дамыту бағытында 22 наурыз мерекесі, 16 желтоқсан еліміздің тәуелсіздік күні, жаңа жыл мерекелері қарсаңында іс-шара ұйымдастырылып, департамент қызметкерлерінің арасында ақын-жазушылардың өлеңдері оқылып, әндері мен жыраулардың жырлары, сонымен қатар қазақтың салт-дәстүрлері дәріптеледі, – деді департамент басшысы Қайрат Байғабылұлы.

               Биыл 365 қызметкерге мемлекеттік тілде курс өткізілді

      Еліміздегі тілдерді дамыту мен қолданудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қолға алынды. Нәтижесінде республика бойынша «Тілдерді оқыту орталықтары» ашыла бастады. Қызылорда облысында 2008 жылдың 14 сәуірінде «Тілдерді оқытудың өңірлік орталығы» құрылып, өз жұмысын бастады. 2016 жылдың 30 маусымында облыс әкімінің №509 қаулысымен Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы» КММ-і болып қайта құрылды. Мақсат – мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру бағытында мемлекеттік тілді, орыс және ағылшын тілдерін оқыту, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту. Бұл туралы Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасы Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығының директоры Мартана Дәулетбаева айтты.

– Орталыққа еріктілердің, кәсіпкерлердің, этнос өкілдерінің, өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен оқуға түсуші талапкерлер, ғылым жолына бет бұруға ниет еткен жастардың жиі хабарласатынын айта аламын. Бұл хабарласушылардың өтініштері назардан тыс қалмайды. Міндетті түрде топ жасақталып, өтініштері негізінде мемлекеттік, орыс және ағылшын тілі курстарын оқып, сертификат иеленеді. 2022 жылдың нәтижесі бойынша 2200-ден астам мемлекеттік, бюджеттік мекеме қызметкері, этнос өкілдері мен еріктілер  мемлекеттік тілді Орталықтың әзірлеген оқу-әдістемелік кешендеріндегі түрлі дағдылар арқылы меңгерді. 2023 жылы барлығы 621 қызметкерге, 2024 жылдың 4 айы бойынша 21 мекемеден 719 тыңдаушыға курс жүргізілсе, оның 365-і – мемлекеттік тіл курсына қатысты. Орыс тілінен – 202, ағылшын тілінен 152 тыңдаушы оқыту курстарынан өтіп, сертификат алды. Сонымен қатар, тілді оқытуда біршамалар жобалар жасалуда. Айта кетерлігі, тілдерді оқытуға байланысты бағдарламаларды Орталық қызметкерлері өздері әзірлейді. «Сөз және сөйлеу мәдениеті», «Қазақ тілді кәсіпкер», «Мемлекеттік тілді деңгейлік оқыту» секілді бағдарламаларға негізделген курстар бар. Одан қалды, Ш.Шаяхметов атындағы «TIL-QAZYNA» ғылыми практикалық  орталығының сараптамалық комиссиясына  жылына бір мәрте әдістемелік өнім ұсынамыз. Бұл әдістемелік құрал өңірлік ерекшелікке сәйкес әзірленеді. Одан соң сараптамалық комиссияның талқысынан өткен өнім баспаға жіберіліп, жарияланып, республика көлеміндегі тілдерді оқыту орталықтарына тәжірибе бөлісу, оқытудың кешенді әдістемелік құралы ретінде таратылады.

        Орталық қызметкерлерінің құрастыруымен 2022 жылы қазақ тілін қарапайым деңгейден бастап, жоғары деңгейге дейін оңай әрі жылдам үйренуге ықпал етуге арналған «Тыңда! Түсін! Тіл үйрен!» мәтіндер жинағы жарық көрді. Жинаққа бабалардан қалған өсиет сөздер, батырлар жыры, терме, айтыс, ән-өлеңдерден үзінді келтірілген. Бұл бір жағынан, тыңдаушылардың сауаттылығы мен есте сақтау қабілетін арттыруға септігін тигізеді.

   Сонымен қатар, 2023 жылы желтоқсан айында «Қазақ тілін кинофильмдер арқылы оқытуға арналған жаттығулар жинағы» атты әдістемелік құрал республикалық сараптамалық комиссия отырысында қолдау тауып, баспаға ұсынды, – деді Мартана Дәулетбаева.  

"Көрнекі" әлеуметтік жобасы іске асырылды

Қазіргі таңда мейрамхана мен асханалардан тамақтанатындар қатары көбейді. Осы орайда ұсынылатын ас-мәзірі орыс тілінде жазылатыны белгілі. Даяршылар сізге қажетті тапсырысты орыс тілінде алады. Ал біздің өңір алғаш болып ас-мәзіріне өзгеріс енгізді. Енді кез келген тамақтанатын орындағы ас-мәзірін өз қалауымызша, қазақ тілінде талап ете аламыз. Қызылордалық тіл жанашырлары енгізген жобаға өзге өңірден де сұраныс артуда. Бұл туралы Облыстық қоғамдық даму басқарамасының бөлім басшысы Ләззат Есім тоқталып өтті.

көрнекі.jpg

– Республика бойынша Сыр өңірінде бастау алған ас-мәзірі қазақ тіліне өзгертілді. Мәселен, облысқа қатысты кез келген қоғамдық тамақтану орындарында ас-мәзірі мемлекеттік тілді ұсыну бойынша қазақ тіліне ауыстырылды. Егер орыс тілінде ас-мәзірін ұсынса, кәсіпкерден қазақ тілінде талап етуге құқымыз бар. Тіл жанашырларының ат салысуымен үлкен жобаны қолға алдық. Бұл тілге деген құрмет пен қатар алға ілгерілеу болып табылады. Сонымен қатар,  "Көрнекі" әлеуметтік жобасы іске асырылды. Көшедегі жарнамалар, билбордтар, барлық ақпараттық жазулар көбінесі орыс тілінде жазылады. Мемлекеттік тілде сапасыз, аудармасыз түрде берілген. Сондықтан да бұл жобаны іске асырдық. Арнайы көшелерге зерттеу, зерделеу жұмыстарын жүргіздік. 1228 нысанды қамтысақ, соның ішінде 138 нысанда кемшілік анықталды. Жарнамалардағы қателерді тексеру барысында 128-і кемшіліктерін жойды. 10 кәсіпкерлік нысанға өзгеріс енді жүргізіледі, – деді  Ләззат Есім.

Тіл – ұлт жүрегінің бір бөлігі

Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының директоры Мұхтар Ниязов "Тіл отбасылық тіл болмайынша, отандық тіл ешқашан болмайды" деген пікірде. иә, тіл болмаса, ұлт та болмайды, яғни ұлт бүтіндей өлген, жоғалған ұлт болады. Ең әуелі ана тілі қажет. Егер ана тілін білмесең, онда сен ол ұлттың баласы емессің. Ана тілін білмей тұрып, ұлт білімін ала алмайсың. Ұлт білімі болмаса, онда әдебиеттің болмайтындығы өзі-ақ белгілі. Әдебиеті жоқ ұлттың өнері де өршімейді. тілді құрметтеп, жанашырлық танытып жүрген азаматтардың бірі.

Тіл ұлттың.jpg

– Біз талай басшыларды білеміз. Қызына "доча" дейтін, сонымен қатар, "бәріне түсінікті болу үшін, ойымды орысша жеткізе берейін" дейтіндер бар. Осылай сөз бастағанда, ешкім ана тілінде сөйле деп талап етпейді. Анығында, біз бас сұғып отыра береміз. "Мал шаруашылығын дамыту керек" деп айтамыз. Бірақ, әр адам өз малын, өсіреді емес пе? Мал баққаннан пайда барын фермерлер жақсы біледі. Айтпағым, "мал шаруашылығымен басқарма айналыссын" деп далаға жайып жіберген адам көрмедім. Ал тілге байланысты арнайы басқармалар, ғалымдар бар деп ысырып қойып, ұнайтын тілде сөйлесіп жүре береміз. Тіл – тек тіл емес. Тілде – жан бар, тілде – тағдыр бар, – дейді Мұхтар Ниязов.

65289e4a-5463-419a-a17c-67538a21c00b.jpg9af26c82-0777-47b4-bfe3-909d69d53a28.jpg7b5e75d8-51f1-4cee-9af3-c0b5ac13e158.jpg

       Қызылорда облысында мемлекеттік тілдің қолдану аясы кең. Қаланың қай тұрғыны болсын, мемлекеттік тілде еркін сөйлеп, еркін жаза алады. Тек биік мінберде баяндаманы орыс тілінде оқып, атқарған жұмыстың нәтижесін орыс тілінде беретін басшыларды қоспағанда. Жоғарыда қозғалған жоба аясында бұл олқылықтың да шешімі табылады деген ойдамыз...

Мөлдір КЕНЖЕҒҰЛОВА

Тағы да оқыңыз: