Kyzylorda-news.kz   Наурыз – көктем мен жаңару мерекесі. Әлемдегі ең көне мейрамдардың бірі. Орта Азия елдері оны бес мың жылдан аса уақыт атап өтіп келеді. Наурыз мейрамы заманауи діндер мен көптеген мемлекеттер пайда болғанға дейін шамамен бес мың жыл бұрын пайда болған деседі дереккөздерде. 

Бұл мереке – күнәдан тазару, киім-кешектерді тазарту, үйді тазарту, жамандықтан және өшпенділіктен тазару мерекесі ретінде атап өтіледі. Ол адамдарды басқалардың күнәлары мен жамандықтарын кешіруге шақырады. Сондай-ақ, бұл күні шығыс елдері екі арадағы кез келген соғысты тоқтатқан. Ал, қазақ ақсақалдары мерекеде араздасқан ру-тайпалармен татуласатын болған. 

Ауқымды мерекені өзге елдер де асыға күтеді, әрі жоғары деңгейде тойлайтын көрінеді. Осы орайда, шет елде жүрген қазалылық жастарға «Шет елде наурыз мерекесі қалай өтеді?» деген сауал жолдап, пікір алысқан едік.

Бағым ЖОМАРТҚЫЗЫ: 

a74f71da-9e00-48ec-a877-75433855751b.jpg

– Мен қазіргі уақытта Шанхайда магистратура оқып жатырмын. 

Халқымыз қашанда Әз Наурыз мерекесін ұлықтап ерекше тойлайды. Шет елде білім алып жүрген қазақ студенттері үшін де, бұл мерекенің орны бөлек. Ел асып, мейрамды ескерусіз қалдырған кезіміз болған емес, керісінше, біз шет елдік достарымызға, оқытушыларымызға бұл мерекені дәріптеп, ұлтымыздың ғасырлар бойы жалғасын тапқан салт-дәстүрлерімізбен таныстырамыз. Қыздар жағы ұлттық тағамдарды дайындасақ, жігіттер жағы, өз қолдарымен безендіру жұмыстарын жасап, мерекелік атмосфераны одан сайын сезіндіруге белсене атсалысты. 

Наурыз мерекесінде қара жорға биін билеп, ұлттық тағамдарымыздан дәм татып, ұлттық аспабымыз домбыраның үнін сүйсіне тыңдаған, Қытай студенттері мен оқытушылары ризашылығын білдірді. Елімізге қонақ болып келуге қызығушылықтары артты. Осылайша, Наурыз мейрамын тойлау арқылы теңізге құйған тамшыдай мәдениетіміз бен тарихымызды өзге елде, өзге ұлт өкілдеріне дәріптеу бақыты бұйырып жүр. Туған елден жырақта жүріп, жат бауыр болмай, керісінше, әр қазақ менің жалғызым деп, ұлттық құндылықтарға деген махаббатымыз ерекше артты. 

Ернар Мақсұтұлы: 

cc427418-1f5f-4826-a850-2a5eb6169283.jpg

– Адам дұрыс армандап, алдына анық мақсат қойса, діттегеніне жетеді. Оқушы кезімнен физика саласына, яғни, ядролық физика бағытында жоғары білім алуды көздедім. Әсіресе, шексіз энергия және оны алудың жолдары сутегі энергиясына деген қызығушылығым басым болатын. Мен бағытымнан жаңылмадым. Осы сала бойынша бірнеше білім сатыларынан өттім. Әлі де жетілдіру үстіндемін. 

Қазіргі таңда, Нью-Йорк қаласындағы Колумбия университетінде білім аламын. Қысқаша айтар болсам, бұл америкалық жекеменшік иелігіндегі Айви Лигасына кіретін зерттеу университеті. Колумбия университеті Нью-Йорк штатындағы алғаш жоғарғы оқу орны, ал, барлық АҚШ университеттерінің арасында бесінші болып, құрылған және тоғыз Американың колониялды жоғарғы оқу орындарының біреуі. Бүгін бұл университеттің әлем бойынша Амман, Бейжің, Стамбұл, Париж, Мумбай, Сантьяго және Найроби қалаларында орталығы бар. Университеттен 104 нобел лауреаты, 30 президент шыққан. Осындай оқу орнында білім алу – мен үшін үлкен жетістік. 

Ал, шет елдегі наурыз мерекесіне келер болсақ, иә, қазақтар тойлайды. Мен өткен жыл Калифорнияда болдым, биыл Нью-Йорктамын. Өкінішке қарай, былтыр тойламадым, сабақтан бос уақытым аз. Ал, биыл тойласам деген ниеттемін. Жалпы, бұл жақта қазақтар бір мейрамхананы жалға алып, сол жерге қонақтарды шақырады. Қазақтармен бірге қырғыз, өзбек ұлтының да өкілдері болады. Кіру билеті – 50-100 доллар арасында. Десе де, Қазақстандағыдай ерекше атмосфера сезілмейді. 

Парасат ӨМІРЗАҚ: 

67aee73f-ec34-4941-adf7-31d473c20f91.jpg

– Мен, 2014 жылы Қазалы ауданындағы Б.Әбдіразақов атындағы 88 орта мектепті үздік аяқтап, сол жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұттық университетіне түстім. 2019 жылы «Ядролық физика» мамандығы бойынша жаратылыстану ғылымдары бакалавры дәрежесін алып, сол жылы Мәскеу қаласындағы «Мәскеу болат және қорытындылар» ұлттық технологиялық зерттеу университетіне магистратураға түсіп, 2022 жылы «Техникалық физика» мамандығы бойынша магистр дәрежесін алдым. 

2023 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Наноматериалдар және нанотехнологиялар» мамандығы бойынша докторантураға (ғылыми-педагогикалық бағыт) қабылдандым. 

2017 жылы Томск мемлекеттік университетінде (Ресей Федерациясы), 2018 жылы Беларусь мемлекеттік университетінде (Минск қаласы) Академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша білім алдым. 

Қазіргі уақытта, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім Вице-министрінің көмекшісі қызметін атқарамын. 

Мәскеудегі қазақтар да, Наурыз мерекесін ерекше тойлайды. Күні бұрын дайындалып, қазақтың ұлттық тағамы ет асып, бауырсақ пісіреді. Ұлттық үлгідегі киімдерді киіп, әсем әшекейлерді де тағынады. Қазақша әндер орындап, бір-біріне бата-тілек айтады.

Тағы да оқыңыз: