Қазалылық шәкірттер республикалық челленджге қатысты

Нағыз қазақ – домбыра. Домбыра – қазақтар, ноғайлар және қалмақтар мәдениетінде бар екі ішекті, көп пернелі музыкалық аспабы. Алғаш эпикалық дәстүр шеңберінде жыр, толғау, термелерді сүйемелдеуге қолданылған домбыра кейін аспаптық шығарма – күй жанрының қалыптасуына ықпал еткен. Қазіргі кезде, домбыра жеке әнді сүйемелдеуге, күй тартуға, халықтық-фольклорлық музыкада, классикалық шығармаларды орындауға қолданылатын, мүмкіндігі кең музыкалық аспап болып табылады. Домбыра ежелде қазақтың тарихын баяндаған музыкалық аспаптардың бірі.

Домбыра құрылысы бірнеше бөліктен тұрады: басы, құлақтары, пернелер, мойын, шанақ, бетқақпақ, ілгек және ішектер. Сондай-ақ, оның көптеген қосымша бөлшектері бар (тиек, кемер ағаш, тұжым ағаш, бастырма, ойық, қалқа, түйме, өрнек, желкелік). Домбыра тиегі үш түрлі болады (шайтан тиек, негізгі тиек, табалдырық тиек). 

Домбыра дыбыс өткізгіштігі жоғары қарағай, дыбыс жаңғырту қасиеті бар тұт, қатты жынысты үйеңкі, емен секілді киелі ағаштардан, негізінен, екі түрлі әдіспен – құралып немесе ойылып (шауып) жасалады. Құрама домбыралардың шанағы жұқа тілшелерден құралып жасалса, бітеу домбыра тұтас ағаштан ойылады.

Домбыра аспабы халықтық кәсіби өнердің туып-қалыптасуына, өркендеуіне негіз болған. 

Байжігіт, Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Сейтек, Қазанғап, Сүгір, Тоқа, тағы басқа даңқты күйшілердің төкпе, шертпе күй дәстүрлерінің тууы, дамуы осы Домбыра аспабымен тікелей байланысты. Олардың дәстүрін, мұрасын бүгінгі күнге жеткізген Дина Нұрпейісова, Әбікен Хасенов, Науша Қашағанов, Махамбет Бөкейханов, Төлеген Момбеков, Мағауия Хамзин, Қали Жантілеуов, Сәдуақас Балмағамбетов, Лұқпан Мұхитов, тағы басқа сияқты домбырашылар болса, қазіргі, майталман орындаушылар  – 

Қаршыға Ахмедияров, У.Бекенов, Р.Ғабдиев, С.Шәкіратов, Б.Ысқақов, Бекболат Тілеуханов, Айгүл Үлкенбаева, А.Райымбергенов. 

Домбыра – тек күй тартуға ғана емес, ән айтқанда сүйемел үшін де, қолданылатын аспап. 

Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Мұхит, Мәди, Кенен Әзірбаев, Әміре Қашаубаев, М.Ержанов, Ж.Елебеков, Ғ.Құрманғалиев, Қ.Байбосынов тағы басқа белгілі әншілер домбыраның әнге әр беріп, әншіге демеу болатынын дәлелдеді. 

Тұтас ұлттың ішкі рухын көтеретін аспаптың қадір-қасиеті биік. Осыған орай, еліміздің барлық білім беру ұйымдарында «Күй күмбірі» республикалық челленджі өтті. 

Қазақ елі бойынша бір уақытта миллионнан астам оқушы Құрманғазының «Балбырауын», «Адай» «Сарыарқа» және тағы басқа күйлерін орындады. 

Домбырашылар челленджі бұл – 2023 жылдан бері Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен жүзеге асырылып келе жатқан Наурыз қарсаңындағы ауқымды республикалық акция. Челленджге бір миллионнан астам жас домбырашы қатысып, көптік істі қазалылық шәкірттер де қолдады. Қазалы ауданындағы барлық мектеп жанынан ашылған домбыра үйірмесінің оқушылары әз-Наурыз мерекесінің ажарын арттыра түсті. 

 

Тағы да оқыңыз: