Kyzylorda-news.kz    Сығанақ қалашығы – Ұлы Жібек жолы бойындағы шаруашылығы мен әлеуметтік-экономикалық әлеуеті жоғары деңгейде дамыған атақты қалалардың бірі. Ақ Орда мемлекетінің, кейін Қазақ хандығының астанасы болған Сығанақ қалашығы жайлы тарихи деректер аз емес. Десе де ортағасырлық орданың ашылмаған сыры мен зерттелмеген тұстары әлі де көп. Ашық аспан астындағы мұражай жұмыстарын көпшілікке таныстырып, насихаттау мақсатында «Сығанақ тарихы» қоғамдық музейі мен Жаңақорған аудандық мәдениет бөлімінің ұйымдастыруымен көне қалашыққа пресс-тур өткізілді.

Қаншама ғасырдың куәсі болған Сығанақ қалашығы Жаңақорған ауданы, Сунақата ауылынан 2 шақырым қашықтықта орналасқан. Дешті даласының атақты хандары жерленген қасиетті һәм қастерлі өлкеде өткен маңызы мол танымдық шараны Жаңқорған ауданы әкімінің орынбасары Бектас Нұриддинов ашып, сөз сөйледі.

– Бүгінгі Сығанақ қаласында ұйымдастырылып жатқан игі шараға Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан, өзіміздің облыс орталығынан, басқа өңірлерден де арнайы делегациялар қатысып отыр. Бірнеше жыл бойы мемлекеттен тиісті қаражат бөлініп, Сығанақ қалашығына «Казрестоврация» мекемесінің мамандары қазба жұмыстарын ұйымдастырып, қаланың бұрынғы кейпін қалпына келтіруге жұмыс жасауда. Ақорда мемлекетінің, қазақ хандығының астанасы болған, Ұлы Жібек жолы бойынан орын тепкен, тарихи тағылымы мол, ортағасырлық Сығанақ қалашығының қазақ тарихында алатын орны ерекше, – деп атап өтті аудан әкімінің орынбасары.

Шара барысында қалашық тарихын зерттеу мен дәріптеу мақсатында көптеген бастамалардың ұйытқысы әрі ұйымдастырушысы болып жүрген, «Сығанақ тарихы» музейінің негізін қалаушы Рысбек Амандықовқа Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының Алғыс хаты табыс етілді. Мәдени шара әрі қарай «Мирас» антреприза театрының ашық аспан астындағы «Сығанақ сыры» атты қойылымымен жалғасты.

– Антреприза термині бір қойылым үшін әр театрдан жиналатын әртістер ұғымын білдіреді. Бұл 2017 жылы қойылған «Һиссамиддин һәм Сығанақ сыры» атты пьесадан үзінді. Яғни аты аталған пьесаның қысқа-нұсқа екі картинасы көрсетілді. Һисамиддин мен оның досы Қожа Ахмед Ясауи екеуі екі қалаға, яғни бірі Яссы қаласына, бірі Сығанақ қаласына келіп ислам дінін дәріптейді. Осындағы Дешті-Қыпшақ қағанатының билеушісі Қадыр Бөке Алып Қыранмен кездеседі. Хорезм шахының елшілері келіп, соғыс үндеуін де осы жерде тастайды. Қойылымда базар маңындағы көріністе Һиссамиддинді құлдар мен кедей жалшылардың қамқоршысы ретінде сомдаймыз, – дейді театр режиссеры Дінмұхамед Әбжаппаров.

Қойылымға арнайы қос бірдей локация дайындалған. Олардың бірі қалашықтың сыртқы бөлігі базарды бейнелесе, ал қала ішіне хан ордасы тігіліп, сахналық безендірулер жасалған. Ғұлама Һиссамиддиннің ғұмырнамасынан үзінді қойылымды тамашалаған қонақтар ізінше «Орда Сығанақ» шипажайының екінші қабатында орналасқан «Сығанақ тарихы» музейімен танысып, көне қалашықтан табылған тарихи экспонаттарға таңданысын жасырмады.

– 2014 жылдан бастап қалашықтың тарихын зерттей бастадым, тұтас қазақ хандығының астанасы болған орынға арналған музейдің жоқтығын түсіндім. 2003 жылдан бері қазба жұмыстары жүргізілуде. Сонда бұл жерден табылған дүниелер қайда кетіп жатыр? Неге сырбойылықтар осынау тарихи құнды жәдігерлерді өз көзімен көріп, сырын сезіне алмайды? Неге бүгінгі ұрпаққа соны ұсынбасқа? Осындай сұрақтар санамды сілкіп, жан жаққа хат жазып, іздене бастадым. Мемлекеттен тікелей қолдау болмағандықтан «Сығанақ тарихы» деген атаумен қоғамдық қорды ашып, кейіннен 2018 жылы Халықаралық музей күнінде жергілікті музейдің тұсауы кесілді.

Мұндағы экспонаттардың көбі археологтардың қазба жұмыстарынан қалған қалдықтардан бастау алды. Қаншама дүние табылды. Бірақ бүтіндері қолды болып, кейбірі сатылып кетті. Тіпті, қазба жұмысын жүргізген археологтардың өздері қалтасына басты. Дегенмен жан жақтан іздеу жұмыстары жүргізіліп, қалашықтың өз заттарымен толықтырудамыз, – дейді музейдің негізін қалаушы Рысбек Амандықов.

Шараға арнайы келіп қатысқан Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің мамандары мен мұражай директорының орынбасары Жанар Ахметова тарихи қалашықтың табанынан табылған көне жәдігерлерді Сығанақтың өз мұражайына табыстады.

– Бүгін облыстық тарихи-өлкетану музейі қорынан 2022 жылы Қожа Ахмет Ясауи атындағы университеттің археология ғылыми зерттеу институтының осы Сығанақ қалашығына жүргізген қазба жұмыстары барысында табылған артефактілерін осы «Сығанақ тарихы» музейіне әкеліп табыстап отырмыз. Олар X ғасырға тиесілі глазурленген қаптамалар, терракоталар, өрілген қабырғалардың бұрыштамалары секілді құнды дүниелер, – дейді Жанар Ахметова.

Талайды тарихи деректерге қанық етіп, таным көкжиегін кеңейткен шараның шарықтау шегі белгілі драматург Сая Қасымбектің «Нұрнама» атты драма қойылымымен қорытындыланды. Аудан әкімінің орынбасары «Мирас» антреприза театрының режиссеры Дінмұхамед Әбжаппаров пен драматург Сая Қасымбекке аудан халқының атынан алғысын білдіріп, аудан әкімінің марапаты мен сый-сияпатын табыстады.

 

Аружан ОРАЛБАЙ

Фото:culttourism.ru

Тағы да оқыңыз: