Kyzylorda-news.kz Тілшілік тіршілікпен Шиелідегі Бидайкөл ауылына бағыт алдық. №148 орта мектебіне кіре сала, мұғалімдер бізді жылы жүзбен қарсы алды. Бұл жаққа келуіміздің басты себебі – «Шешендік өнер – ұлттық асыл қазына» атты іс-шара еді.

Ұлттық дәстүрді дәріптеуге мұрындық болған Шиелі аудандық Теміржол тораптық әйелдер кеңесі төрайымы Маржан Садуақасова болатын. Ол «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалының төрайымы Алтынай Мырқықызымен бірлесіп, Бидайкөл ауылы мен кенттегі «1 Аққайың» бөбекжайына барды. Бірінші бағытымыздағы салтанатты шараның барысы «Ұлттық құндылық – ұлтжанды ұрпақ» атты көрмеден көрініс тапты. Көрмені мектептің сынып жетекшілері мен оқушылары таныстырды. Ұлттық дәстүрді дәріптеген көрменіңұйымдастырушылары – әдеп кеңесінің төрайымы Гүлфатима Тәжібаева мен директордың тәрбие жөніндегі орынбасары Эльвира Бейсекова. Ұлттық құндылықтарды ұрпақ бойына сіңіруді мақсат тұтқан мұғалімдердің еңбегіне көпшілік сүйсінді. Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы емес пе? Келешек қоғамның тәрбиесінде. Осы ұстанымды жақсы ұстаған мектеп ұжымының бірлесе атқарған жұмысын көріп, марқайып та қалдық.

Мектептің тағы бір ерекшелігі – музейінде. Келген қонақтар «Музей – ұлы даланың рухани мұрасы» атты музейге саяхат жасады. Музейдің жетекшісі тарих пәнінің мұғалімі – Мейрамгүл Байділдаева. Қоғамдық негіздегі музей 2021 жылы түлектердің демеушілігімен ашылған. Музейге қызығып, белсене қатысқан оқушыларды көргенде көңіліміз одан сайын қуанды. Білімді жастарды көріп қалайша қуанбасқа?! Жалпы, музей 5 бөлімнен тұрады. Атап айтсақ, «Тұлғалар туын тіккен мекен – Бидайкөл», «Білім – өмір шырағы», «Туған жер ғажаптары», «Тәуелсіздік – тұғырым», «Салтың – санаң, ғұрпың – ғұмырың» экспонациялық бөлімдері мен музей тынысы ақпараттық бұрыштары бар. Оқушылардың музейге деген қызығушылығы ерекше. Мәселен, музейге келушілерден тарихты білгісі келіп тұратын, еліне, жеріне деген патриоттық махаббатын байқауымызға болады, – деді М.Байсалбайқызы.

Болашақ ұрпақ үшін тәрбиенің мектебі ол – асыл ойдың қазығы болған дана билеріміздің алтын сөздері. Елді бірлікке, елдікке шақыруда, халық тарихын байыппен саралап, бүгінгі ұрпақ санасына жеткізуде шешендік сөздердің маңызы ерекше.

Осыған орай 6 «Б» сыныбының жетекшісі – Ақмарал Хаметова «Шешендік сөз – ұлттық тәрбие» тақырыбында танымдық сабағын өткізді. Тағылымдық мәнге ие болған сабақта анасы мен баласы дана тұлғалардың сөздерін айтып, залда отырған көрермендерді бір тамсандырды. «Қазақтың тыйым сөзі – ұлттық тәрбие көзі» демекші, шарада ұтқыр ой сыналатын дебат сайысы да болды. Айта кетейік, бүгінде 853-ке жуық бала тәрбиеленіп отырған мектепте талай белестерді бағындырып жүрген оқушылар бар. Мектептің әр бұрышында оқушыны өнер-білімге баулитын үйірмелердің көрмесі де қойылған. Әрине, бұл дегеніміз – ұстаз пен шәкірттің ортақ жемісі. Байқап қарасақ, оқушыларға барлық жағдай жасалған. Уақыттарын тиімді өткізу үшін де 8 үйірме жұмыс істейді. Сол үйірмелердің бірқатарын біз сахна төрінен тамашаладық. Мәселен, «Debate club», «ДосStar» мектеп ­театр үйірмесі көрермендерге өнерлерін көрсетіп, танқалдырды. Мінекей, осындай тағылымды шараның бас қасында жүрген №148 орта мектептің директоры Айжан Қаракееваның жұмысы бағалауға тұрарлықтай. Мектеп – даналардың түлеп ұшар тұғыры десек, оны басқару екінің бірінен келе бермейді. Өз міндетін адал атқарып, мамандығына сүйіспіншілікпен қарайтын мектеп ұжымының бір күндік тынысымен таныс болдық.

Тіл жанашыры Маржан Садуақасова да жылы лебізін білдірді. Қаладан келген «Қазақ аналары – дәстүрге жол» Қызылорда облыстық филиалының төрайымы Алтынай Былаева және аталған филиалдың бас орынбасары Майра Абдухожаева мен кеңесшісі Гүлмира Әлжанова да мектеп қызметкерлеріне дән риза болып тарқасты.

БАЛАБАҚШАДАҒЫ ӨНЕРЛІ ӨРЕНДЕР

Келесі бағытымыз Шиелідегі мектепке дейінгі балаларды тәрбиелейтін мемлекеттік «1 Аққайың» балабақшасы. 135 орынға негізделген бөбекжай кент орталығында орналасқан. 21 педагог-тәрбиеші, 12 техникалық қызметкер еңбек ететін бөбекжайға меңгеруші Рыскүл Бектасқызы басшылық етеді. Жүзі жадырап, жанындағыларға күлкі сыйлап жүретін мейірімді басшы бізді күлімсіреп күтіп алды. Алдымен жетекші мен балалар дайындаған іс-шараларға куә болдық. «Балапан» тобының тәрбиешісі Гүлнұр Құдабаева «Қазақтың ұлттық құндылықтарын дәріптей отырып, баланы ерте дамыту» жобасын таныстырса, ал балабақшаның музыка жетекшісі Ақсауле Шәкенова «Мектеп жасына дейінгі балалардың ұлттық музыкалық аспаптарда ойнау қабілетін қалыптастыру» атты жобасын көрсетті.

Айта кетейік, асықты балаларға ерте жастан үйреткен дұрыс. Осыны жүзеге асырған денешынықтыру нұсқаушысы Бибіалиша Әбдешева «Асық – асыл қазына» атты ойынды бүлдіршіндермен біріге ойнады.

– Баланың болашаққа қадам басып, қоршаған ортамен танысып, ең бірінші білім, тәрбиемен сусындайтын орны – балабақша. Ауданда мектепке дейінгі балаларды балабақшамен қамту мәселесі толық шешілген. Жылумен, газбен толық қамтамасыз етілген. Жас қашанда жаңашылдыққа құштар. Жастардан үміт күтеміз. Сонымен қатар ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүрміз. Тәрбиешілер бүгінгінің жаңалығынан сырт қалмай, үнемі ізденіс үстінде жүру керек, – дейді бөбекжай басшысы. Балалардың бал күлкісімен нұрланған бөбекжай жұмысына ата-ананың оң баға беруіне тәрбиеші көмекшілері мен ұжымдағы басқа да қызметкерлерінің үлесі мол. Мәселен, логопед Ақбілек Шалабаева мен психолог Ақкенже Нұрмаханова, ересек тобының жетекшісі Жанар Белгібаеваны ерекше атап кетейік.

Тағы бір байқағанымыз, тәрбиешілер әр оқу қызметіне ұқыпты дайындалады. Жаңартылған білім мазмұны курстарына барып, тәжірибе толықтырады. «Ұлттық салт дәстүрді, мәдениетпен өнерді насихаттау – тәрбиенің төресі» дейді олар. Қыз қуу, арқан тарту, аударыспақ, асық т.б ойындарды жиі ойнатады. Баланың тілін дамытып, қарым-қатынасқа икемдейді. Қарапайым математикалық ұғым арқылы оң мен солын, ұзын мен қысқа, үлкен-кішіні ажыратып, жапсыру, мүсіндеу, сурет салу, аспаздық өнер, музыка арқылы шығармашылығын дамытады. Аспаздар дайындаған астың дәмі тіл үйірсе, медбике санитарлық тазалықты қатаң қадағалайды. Шара соңында «Дара жол» төсбелгісінің иегері Алтынай Мырқықызы бөбекжайдағы қызметкерлерді марапаттап, жұмыстарына сәттілік тіледі. 

Тағы да оқыңыз: