Видео сілтемесі: https://www.instagram.com/reel/CkDA58Lj8Re/?igsh=MTg0cDcyYTVkYTV2Ng%3D%3D

Фото: Жеке қорынан

Kyzylorda-news.kz.  Қызылордалықтың Сеулдегі өнері корейліктерді тәнті етті. Әлеуметтік желіде  Ернұр Тәкеновтің ән шырқаған видеосы  мыңдаған қаралым жинады. Бейнебаянда Сырдың сырбаз жігіті «Құсни-Қорланды» тебіріне шырқайды.


Жүректен шыққан ән жүрекке жеткендіктен «Жарайсың, қазақ баласы», «Дауысы Димаштыкіне ұқсайды екен» деген пікір көп. 

Изображение WhatsApp 2024-01-23 в 15.11.50_e7501df8.jpg

Ернұр – кәсіби әнші. Алғаш рет 12 жасында сахнаға шыққан, содан бері  өмірін музыкамен тығыз байланыстырады. Қызылорда музыкалық колледжін тәмамдаған кейіпкеріміз оқуын Қазақ ұлттық өнер университетінде академиялық ән салу мамандығы бойынша жалғастырған. 


Қазір Оңтүстік Кореяда білімін шыңдауда. Айтуынша, қосымша жұмыс істейді. Арасында ән айтып, табыс табады. Ал әлеуметтік желіде тараған видеода Сеулдегі «Орталық Азия мәдениетінің апталығында» өнер көрсеткен. Ернұрдың өзі портты Пусан қаласында тұрады.


– «Өнерлі жігіт озар» деген. Бала кезімнен музыкаға жақынмын, болашағымды да өнермен байланыстырамын. Сол үшін тер төгіп келемін.


Әуелде бұл видео таралмай тұрып, жағалауда ән айтатынмын. Сол кезде жергілікті тұрғын видеоға түсіріп, желіге жүктеді. Ғаламторда таныла бастадым. Содан кейін концерттерге шақыра бастады, Сеулдегі «Орталық Азия мәдениетінің апталығына» осылайша қатысуға мүмкіндік алдым. «Қай тілде шырқап жатырсың?» деп сұрайды кореялықтар. Мақтанышпен, қазақ тілінде деп жауап беремін!, – дейді жерлесіміз. 


Ернұр қазір тіл үйренумен шектеліп қалмай, Корей халқының тарихы, мәдениеті, тұрмыс-тіршілігімен танысу үстінде. Айтуынша, кореялықтар  қазақтар секілді қонақжай, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетеді. Қолдауда да аянып қалмайды.


Тек шын талант иесі тыңдарманның жүрегін жаулай алады емес пе?! Кореялықтардың Ернұрды Димашқа ұқсатып, қолдағанына қарағанда тағы бір қазақ баласының жұлдызы жанғалы тұр.

Мөлдір СНАДИН

 

Тағы да оқыңыз: