5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні
Бүгін ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. 2017 жылы премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Тілдер күнін 5 қыркүйекке бекітті. Мерекелік датаның бұл күнге ауысуы ұлт зиялысының өлшеусіз еңбегіне жасалған құрметті білдіреді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында бұл мерекеге тоқталып өтті.
«Біріншіден, мемлекеттік қызметке, оның ішінде, халықпен тығыз жұмыс істейтін лауазымға тағайындау кезінде кәсіби біліктілігіне қоса, қазақ тілін жақсы білетін азаматтарға басымдық беру керек. Екіншіден, біз қазақ тілін жақсы білетін өзге ұлт өкілдерін қолдауымыз керек. Оларды Парламентке, өкілетті органдарға сайлап, мемлекеттік қызмет жүйесіндегі жоғары лауазымдарға тағайындап, мемлекеттік наградалармен марапаттап отырғанымыз дұрыс. Үшіншіден, қазақ тілін қолдану барысында фонетикалық және орфографиялық қателер жіберіп алатын отандастарымызға түсіністікпен қарап, толеранттылық танытуымыз керек. Мұндай азаматтар жастарымыздың арасында да аз емес. Олардың талпынысын мазақ етпей, қайта қолдай түскеніміз жөн»,– деді Президент.
Мереке аясында облыс көлемінде ауқымды шаралар өтеді. Мерекелік бағдарламаларда тілдің қоғамдағы орны мен маңызын насихаттайтын мәдени-танымдық кездесулер, дөңгелек үстелдер, әдеби кештер мен жастарға арналған түрлі байқаулар өткізілмек. Сонымен қатар, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға, көпұлтты елдегі ынтымақ пен бірлікті нығайтуға бағытталған бастамаларға ерекше көңіл бөлінеді.
«Қазақстан халқы тілдері күні – ел бірлігін, тілге деген құрметті айшықтайтын маңызды мерекелердің бірі. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы қаулысына сәйкес, бұл мереке ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен орайластырыла бекітіліп, жыл сайын 5 қыркүйекте аталып келеді. Ахмет Байтұрсынұлы – халқымыздың тағдыры мен тілі үшін күрескен, қазақ әліпбиінің негізін салған ұлы тұлға», – деді облыстық Қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов.