Kyzylorda-news.kz Баба рухына тағзым жасау, өткенді өшірмей тарихты қайта тірілтіп, ұрпаққа аманат етіп қалдыру – қасиетті міндет. Осындай үндестікті жаңғыртқан Жаңақорған халқы туған жерімізде мәңгі тыныстаған һисамиддин Сығнақи баба басында тарихты тірілтуге арналған тағылымды шара өткізді.

Қалашықтағы ежелгі қорған төбешіктері көрген көзге ой салып бір сәтке болса да 5-6 ғасыр бұрынғы заман тынысын сезіндіреді. Ақ Орда мемлекеті мен Қазақ хандығының астанасы болған, Ұлы Жібек Жолы бойында орналасқан ортағасырлық Сығанақ қалашығы қойнына қаншама сырды бүгіп жатыр. 2000 жылдық тарихы бар мәдениет пен руханияттың, білім мен ілімнің, өркениет пен өнердің және діннің орталығына айналған киелі шаһар сұлбасы санада жаңғырып, тәбәріктен сақталған төбешіктер өткен мен бүгінгі байланыстырып, тарихты қаттап жазып жатқандай көрінеді. Билік пен байлық, ел мен жер үшін талай соғыс алауы тұтанған киелі шаңырақтың шырғаын сөндірмеу қазақ баласының басты міндеті.

Рухани шараға жиналғандар алдында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Бектас Нұрдинов:

– Тағылымды кешке елдің әр өңірінен арнайы қонақтар қатысып, тарихи оқиғалардың бір сәттік көрінісіне куә болуда. Бұл қаланың тарихы тым тереңде жатыр, әлі де ашылмаған құпиялары аз емес. Бұл шаһар ұлттың ұлы істері мен ислам дінінің таралуына себепкер болған киелі шаңырақ. Сондай-ақ, асыл дініміздің өркен жаюы жолында еңбек еткен Һисамиддин Сығнақи бабамыздың кіндік қаны тамған бұл мекеннен қаншама ғұламалар, ұстаздар шықты. Бүгінгі шараның өтуіне ықпал жасап, демеу болып жүрген азаматтарға алғыс айтамыз. Тарихты тірілтіп, өткеннен өнеге алуды парыз санаған қазақ елінің болашағы баянды болғай, – деп ізгі тілегін білдірді.

Одан әрі көп жылдан бері баба туралы зерттеп, Орда-Сығанақ қалашығының тарихын кейінгі буынға насихаттауда көптеген бастамалардың ұйытқысы болып жүрген «Сығанақ тарихы» музейінің негізін қалаушы, мәдениет саласының үздігі Рысбек Асқарұлына облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Алғыс хатын» табыстады. Шараға қатысушылар келесі кезекте «Мирас» антеприза театрының «Сығанақ сыры» аспан астындағы театрландырылған қойылымын тамашалады.

Ежелгі Сығанақ шаһарындағы тыныс-тіршілік бейнеленген көріністе азаттық үшін күрестің ақ туын көтерген һиссамидин бабамыздың үстемтап өкілдерінің, бай-бағландардың басынуына иманикемелділік арқылы тосқауыл болуын көрдік. Жас ұрпақты азат етіп, ел ішіндегі жауыздықты жоюдағы ілім жолы насихатталды. Бір көріністе базардағы қыж-қыж қайнаған тіршілікті көрдік. Сауда-саттықтан нәпақа тапқан адал бұқараның қоғамдағы өзгерістерге өгейленіп қарауы да бейнеленді.

Жалпы қазақ тарихында хорезм-қыпшақ қақтығысы, жылдарға созылған соғыс туралы дерек аз емес. Қадыр бөке хан мен Текеш патшаның арасындағы ұлы майдан тарих бетінде қаттаулы тұр. Текеш сұлтанның ислам дінін сылтауратып бір тудың астына бірігіп, шексіз билік құруына қарсы шығуға қауқар танытқан қазақтың қайсарлығы да тарихта таңбаланды. Осы қақтығысты тоқтату, ислам дінін ел арасында өркендеуіне Һисамиддин Сығнақи бабамыздың еңбегі ұшан-теңіз. Хақ жолына бастап, елді ислам ілімімен нұрландырған һисамиддин бабаны ұстаз деп танып, жарлық шығарған Қадыр бөке хан бейнесімен де сахнада жүздестік.

Сығанақ қаласының тарихи маңыздылығын кейінгі ұрпаққа насихаттау мақсатында өтіп жатқан шараға Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан, Қызылорда, басқа да өңірлерден келген қатысушылар режиссер Дінмұхаммед Әбжаппаров дайындаған қойылымға риза болып, алғысын жеткізді.

Сығнақи баба туралы ғұламалар: «Даңқты ғалым, имам, мұсылман фиқһының білгірі, араб грамматикасын жақсы білген, зеректігімен ерекшеленген», – деп сипаттаған. Ал ибн Тағриберди: «Ірі дін ғалымы, тәпсірші, ғылымды жүйелеуші, «әл Һидаяның» түсіндірушісі», – деп жазады. Айта берсек, ол кісі туралы айтылар құнды дректер жетерлік. Һисаммидин Сығнақи – ұлан-ғайыр қазақ даласында ислам дінінің кең таралуы жолында еңбек еткен ұлы ғұламалардың көшінде тұрған ғалым.

Рухни жаңғырудың бір саласы туған жердің тарихын біліп, оның мол мұрасын кейінгі ұрпаққа аманаттау. Осы үрдіспен ел тарихына терең бойлап, сыры ашылмаған шаһарлар туралы тың деректерді көпшілікке ұсынуды құп көрдік. Сұлу Сырдың бойында ғажайыпқа толы, өркениетке бай көне қалалардың бірі Сығанақ қаласы туралы түрлі тарихи мәліметтер кездеседі. Осы қала туралы кең көлемді мақала жазу үшін тарихи орынға атбасын тіріп, құнды деректерді білдік. Сан ғасырларды қойнына сыйдырып, қазақ хандығы дәуірінің түпқазығына айналған, тұңғыш тарихи астананың ауасы да ерекше тынысымызды ашқан еді.

Көне түрік тілінен аударғанда қорған немесе қамал деген ұғымды білдіретін Сығанақ қаласы жәй көзге қарабайыр қала көрінгенімен, оның өзіне тән ерекше архитектурасы мен бай тарихы бар. Қала 1219 жылы моңғол шапқыншылығына ұшырйды. Жошының қалың  әскеріне төтеп бере алмай, бір апта ішінде моңғолдардың билігіне өтіп, ХІІІ ғасырдан бастап тіршілік қайта жанданып, сауда-саттық қарқындап дамиды.

Ұлық Ұлыс билеушілері Сығанақты астанаға айналдырып, күмістен ақша соғылады. Осы дәуірден бастап, оқымыстылар Сыр бойын ағылып, ел билеген асыл текті тұлғалар осы маңға жерленіп, үлкен мазар пайда болған. Эрзен ханның ұлы Мүбәрәк қожаның есімі мен хижра жыл санағы бойынша 768 жыл таңбаланған 5 тиын Петербургтағы Эрмитаж мұражайында сақталған. Осы жәдігер Сығанақтың астана болғанын, әрі үлкен сауда орталығына айналғанына дәлел. Эрзен осы өңірде 25 жыл билік етіп, халық саны қарқынды өсіп, көлемі ұлғая түскен. Мұны Мұхаммед Шайбани ханның жылнамашысы Фазлалах Исфарханидің «Михманнаме Бұқар» атты жазбасында «күн сайын қалада 500 түйенің еті қуырылып, кешке қарай бір түйір де қалмайды» деп жазған. Сондай-ақ қаланың сырты қалың тоғайда жабайы қой мен ешкі, аң-құс мол болған. Құстың еті өте арзан болғаны баяндалады. Осыдан-ақ, тіршілігі қайнаған шаһар болғанын бағамдай беріңіз.

Отырардан кейінгі екінші маңызға ие қала болғанын ғалымдар дәлелдеп, оның пішімі туралы қызықты мәлімдеме жасауда. Экспедиция жұмысының нәтижесінде қала тұрғындары екі бөлікке бөлініп, шаһиристан және оған үш жағынан жанасып жатқан рабаттан тұрған. Шахиристан бес бұрышқа ұқсайтын мықты қамал болған.Солтүстігі 275 метр, солтүстік-батысы 175 метр, оңтүстік-батысы 190 метр, оңтүстігі 175 метр, оңтүстік-шығысы 320 метр көлемде. Мұнара биіктігі 1,5 метр. Қала 6-7 метр шығыңқы 15 төбешікке айналған. Қасында Сунақ ата кесенесі бар.

«Қаланың шығыс жағындағы қаспасының алдынан 100 метр қашықтыққа күйдірілген кірпіштен (25х25х5см) жасалған ХІІІ ғасырдың аяғында сағана салынып, оның жанына табынантын ғимарат кейінен ХІV ғасырдың аяғымен ХV ғасырдың басында мешітке айналдырылған. Оған басты дәлел ғимараттың оңтүстік қабырғасын тесіп михрап жасалған. Оны айналдыра кіші бөлмелер соғылған. Осыған қарап мұнда мешіт медресе болғанын аңғаруға болады» деген қортындыға келген. «Сығанақ тарихи-мәдени қорық мұражайы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рысбек Асқарұлы:

– Қазақ мемлекетінің маңызды астанасы болған Сығанақты жер астына тастамай, ерекше зерттеп, келер ұрпаққа алып әрі алпауыт ел болғанымызды, сондай-ақ, мәдениет пен өркениеті мықты елдің ұрпағы екенімізді насихаттап, ашық аспан астында музей ұйымдастырып, туристтер тартып, тарихқа жанашырлық таныту керек. Ел болып, елдің өткеніне мән беріп, айтулы ақиқатты ақтару маңызды. Астананың бір көшесіне Сығанақ атауын беріп, орта ғасырдағы тарихты түбегейлі зерттеуге мемлекет басшысы тарапынан қолдау көруі тарихшыларға тың ізденіске жол ашты, – деді музейтанушы ғалым.

Сыр бойындағы Сығанақ, Сауран секілді қалалар сол кездегі өркениеттен хабар беретін тарихи таптырмас жәдігер. Сол дәуірде гүлденген қалалардың архитектурасынан-ақ, Алтын Орданың айбарын сеземіз. Демек тарихшылар көне шаһарды зерттеуді әлі де жүйелей түсу қажет

Жалпы Сыр өңірі қашанда өркениеттің ордасы. Осынау киелі өлкенің топырағында қаншама тағдырлар, елдің ғасырлар бойғы тарихы тұнып тұр. Алаштың анасы атанған өлке төрі төрт бірдей астанаға қоныс болды.  Солардың бірі – оғыздарға отан болып, Қазақ хандығының алғашқы астанасы саналған Сығанақ қаласы. Ортағасырлық Сығанақ қалашығының тарихымен таныстыру (экскурсия) жалғасып, баба рухына Құран бағышталды. Заң ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Сұлтан Сартаевтың рухына арналып ас берілді. Бауыры Дастан ағамыз бен Есенжол Алияров атамыз арнайы ақ дастархан жайып, алыс-жақыннан келген меймандарға төрін ұсынды.

Ас кезінде елдің құрметті ардагерлері, ел ағалары мен баба ұрпақтары және Сұлтан Сартаевтың көзін көрген жандар, шәкірттері мен әріптестері өнегесін өрбітті. Тәуелсіз ел болғанда ауданның алғашқы әкімі болған Ибрагим Абибуллаев ағамыз бастап, Жаңақорғанның жайсаңдары жылы лебізіндерін білдірді. 20 жылға жалғасын ас беру дәстүріне көпшілік риза болып, ниеттерінің қабыл болуына қол жайды. Ата-ананы, аға буынды сыйлап, өмірден өткенге шапағатшыл болуға жайылған ақ дастарханға ниеттесі бауыр-туыстар тілекші екендерін жеткізді.

Түстен кейін «Сығанақ тарихы» музейін тамашалау үшін «Орда Сығанақ» шипажайына жол жүрдік. Музейдің тарихы туралы кітап тарқатылып, музей жөнінде келушілер мен ем алушыларға таныстырылды. Ал, кешқұрым аудандық мәдниет үйінде ҚР мәдениет қайраткері, жазушы, драматург Сая Қасымбектің «Нұрнама» драмасы қойылды.

Міне, бір күндік рухани кеш осылай түйінделді. Тарихтан сыр шертілді, баба басына тағзым етіліп, ел азаматтарына Құран бағышталып, ас берілді. Бұл дәстүр жалғасын табатынын жеткізді.

 

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ

Тағы да оқыңыз: