Kyzylorda-news.kz Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев үшінші ұлттық Құрылтайда: "Жазушылар Одағының төрағасы, Ұлттық құрылтайдың мүшесі Мереке Құлкенов жақында осы мәселе туралы орынды пікір білдірді. Халқымыздың көрнекті тұлғалары бірін-бірі мойындап, өзара құрмет көрсете білсе, ұлтымыз ұйыса түседі деп айтты. Қазір ертеде өткен оқиғаларға, белгілі бір тұлғаларға қатысты талқылау көбейіп барады. Дәл осындай сөз тартыстарының ақиқатына жету қиын, жеткеннің өзінде ел ішіне іріткі салатын мұндай дау-дамайдың еш қажеті жоқ. Әр дәуірдің өз ерекшелігі бар. Әрбір тұлға өзінің көзқарасына, дүниетанымына қарай және өз қоғамының мүддесіне сәйкес елге қызмет етті. Олар, яғни, сол заманның қайраткерлері бір кездері ұстанған бағытына бола дауласса, ендігі ұрпақ кімнің ісі дұрыс, кімдікі бұрыс деп даурығып жүр. Жалпы, бұрынғы және қазіргі тарихтың түрлі кезеңдерін, тұлғаларын бір-біріне қарсы қоюға болмайды. Түптеп келгенде, мұның бәрі – біздің тарихымыз. Бұл – халқымыздың жүріп өткен жолы. Сол себепті, қалай десек те, тарихымызға шынайы көзбен қарап, оны сол қалпында қабылдауымыз керек" деген болатын.

Расында Мемлекет басшысы айтқандай ұлт жылнамасы елді біріктіретін фактор болуға тиіс. "Қазақты бөліп-жаруға болмайды. Біз жалпыұлттық деңгейде ойлауға ұмтылуымыз керек. Мысалы, әрбір қазақ ата-бабасын құрметтейді, рухына тағзым етеді. Сондықтан шежіре біздің мәдени кодымыздың ажырамас бөлігіне айналған. Бірақ біз тек қана осы түсінікпен шектеліп қалмауымыз қажет. Ең бастысы, бұл мәселені ешқашан саясатпен араластыруға болмайды" деген ел Президентінің сөзі өте орынды айтылған.

Расында оларға құрмет қылу баршаның міндеті. Осындай ұлағатты бастама ауданда да басталып жатыр. Әттең ажарын келтіремін десе осы Аралдың өзінде сонау ескіден сыр шертетін шежірелі дүниелер мен киелі мекендер көп-ақ. Тек соны жұртқа танытуда ұқсата алмайтын жеріміз көп. Арабтар жай ғана шөл даланың өзінен туристік әлеуетін қалыптастыра білді. Мысырлықтар ежелгі тас мүсіндер мен Пирамидаларын жұрт көзіне көрсету арқылы еліне табыс әкелсе, жапондар мен кәрістер таза табиғи жаратылыстар мен құбылыстарға құрметпен қарау арқылы әлемдік мәдниет һәм өркениет орната білді. Айта берсек мысал көп. Ал өзімізге келгенде қаншама тарихи жер-су атаулары бола тұра сол жерлерді өзгелерге таныта алмай келеміз. Әйтпесе бізде де мақтанатын жерлер жетіп артылады. Әлем назарындағы құрғаған Арал теңізінің ұлтаны мен құдды тас мүсін тәрізді қырат-жоталардың өзі неге тұрады?! Ол жерді сөзбен суреттеу өз алдына, көзбен көргенге ештеңе жетпейді. Соны қазіргі әлеуметтік желілердің мүмкіндігі арқылы әлемге тарата білсек туристік әлеует қалыптастыруға болар еді. Бұдан бөлек күллі ислам жұртына ортақ тұлға саналған, адамзаттың асыл тәжі Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың көзін көрген сахаба, түрлі аңыздар мен әфсаналарда аманат арқалаушы алып тұлға Арыстан бабтың жеті жайының бірі осы Арал аймағанда орналасқан десе жұрт сенер ме еді?! Қасиетті Ақирек тауының үстінде орын тепкен қасиетті жердің көзден таса қалуы оның лайықты түрде айтылмауында шығар. Осындай қасиет қонған тұлғаны жайын дер шағында күллі түркі жұртына тарата білген Түркістан зиялылары өз мекендерін сол Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи сынды даналардың киелі ошағына айналдырып, қасиет қонған өңір санатына енгізіп отыр. Ендеше сондай мүмкіндік бізде де бар емес пе?! Енді неге осындай қасиетті өңірлерді біз өзге жұртқа таныта алмай жатырмыз? Сұрақ біреу, бірақ жауабы сан түрлі сылтаулармен септеседі.

Жарайды сонау совет заманында мұндай қазақы наным-сенімдер бойынша түрлі жөн-жоралғыларды жасауға мүмкіндік болмаған шығар. Қасиетті дініміз қысымға ұшыраған тұста мұндай мүмкіндіктерге жол берілмегені түсінікті. Алайда еліміз тәуелсіздік алып, Арал өз алдына аудан болғалы да 30 жылдан әрі уақыт болды. Сол жылдар ішінде аудан басшылығына бірнеше азаматтар келіп, олардың әрқайсысы еткен еңбегінің арқасында халықтан лайықты бағаларын алып кетті. Алайда солардың бірі де осы Ақирек тауының үстіндегі Арыстан баб бабаның басына лайықты құрметпен қарай алды ма? Ниет бөлек әрине. Ал іске келгенде ше? Абзал Мұхимов есімді ағамыз Аралға әкім болған кезде ел-жерді аралап, қасиетті өңірлерге табан тіреді. Сонда осы Арыстан баб бабаның жайына соғып, зиярат еткен-ді. Сол кездегі баба басындағы шырақшы Серік есімді ақсақалмен тілдесіп, бұл жердің өзге де қасиеті туралы тәптіштеп сұраған-ды. Сонда өз басымда осы мекен өзге мұсылмандер келіп, зиярат ететін, атағы әлемге жететін қасиетті өңірлер санатына ене ме екен деген жауабы жоқ сұрақ болған еді. Арада бірнеше жылдар өтті. Әлі де қозғалыссыз. 

Биыл Аралға келген әкім Аманжол Оңғарбаев жақын күндері осы баба басына барып, қасиетті жерге зиярат етіп, оның басына кезекті тазалық жұмыстарымен қатар, әктеу, сырлау сынды жөндеу жұмыстарын жүргізген-ді. Оны әлеуметтік желілер арқылы көрдік. Газеттің өткен санында аудан жұртын ақпараттандырдық. «Бардық, құрмет көрсеттік» деумен бұл тақырып та жабылатын шығар деген кезекті ой сана түкпірінде жаңғырды. Жоқ... Олай емес екен.

Туған жерге тағзым ету үрдісін Президент бастамасымен жүзеге асып жатқан «киелі мекен» акциясына ілестіріп әкеткен аудан әкімі А.Сақыпұлы бұл жердің тарихын танытып, туған жердің атын әлемге шығару ісін мықтап қолға алуға ниетті секілді. Бастама көтеріліп жатыр. Алдағы жылдар еншісіндегі екпінді жұмыстар санатына енді Арыстан баб бабаның киелі мекені саналған Ақирек тауындағы айтулы жер енбек. Әрине бұған да үкіметтен ақша сұрап, аз қаржыны ары-бері тартқыламақшыма деген ой тууы мүмкін. Бұл мәселені оңтайлы шешудің жолы да қарастырылып жатыр-мыс. Қалай дейсіз ғой. Бабаның құрметіне, оның басында жасалатын игі жұмыстардың іске асуы үшін үнемі үкімет қаржысына қол жаймау мақсатында арнайы қор құру бастамасы көтеріліп жатыр. Дұрыс-ақ. Негізі мұндай жерлерге іштей құрмет көрсету аздық етеді. Тіпті бұл мақсатқа арнайы қаржы бөлу де жарасымды іс. Яғни, сол қасиетті жерге қиындықсыз жету үшін жақсы жол, қараңғы маңғаз даланы жарық ету үшін түнгі жарық шамдар, басына барып түнеп, зиярат ету үшін арнайы түнеухана немесе туристер тынығатын түрлі санаттағы қонақ үйлер салу біздің туристік әлеуетімізді арттыра түседі. Ал одан кейінгі күтіп ұстау шығындарына арнайы ашылатын қордың мүмкіндіктерін пайдалануға болады. Орынды бастама көтерілген екен, біз де қолдаймыз. Елдің де ендігі тілегі сол сияқты. 

Иә, не нәрсенің де жарнамасы күшті болса құмнан құдірет, судан шима шығаруға болады. Бізге де сол жарнама жағы жетіспей жатыр-ау сірә! Әйтпесе Арыстан бабты білмейтін ұрпақ жоқ. Ал оның жеті жайының бірі Аралда десе және оған бару үшін барлық жағдай жасалған десе, оған қарай тізгін бұратындар саны арта түсер еді деп ойлаймын. Бұрынғы ата-әжелеріміз «Ақиректе Арыстан баб, Түркістанда Қожа Ахмет» деп жиі айтатын тіркес бүгінгі буынның түсінде емес, өңінде жиі жаңғырып тұрса нұр үстіне нұр емес пе?! Енді соны жүзеге асыру ісі тұр алдымызда. 

Тағы да оқыңыз: