Kyzylorda-news.kz. Жалағаш ауданындағы «Алтын-Арай» халық ән-би ансамблінің бишілері әдемі би ырғағымен, талғамы биік, ерекше би қозғалысымен халықтың ықыласына бөленіп келеді. Бүгінге дейін де талай байқаулар мен фестивальдерде топ жарған ансамбль өкілдері жуырда маңғаз Маңғыстауда өткен «Біз – күн перзентіміз» атты халықаралық балалар шығармашылығы фестиваліне қатысып, ІІ орынды қанжығасына байлап қайтты.
Би дегеніміз жәй ғана әуен мен ырғаққа ілесе қозғалу емес. Бұл – тұтастай бір ұлттың мәдениеті мен дәстүрі. Осы салада шәкірт тәрбиелегеніне 20 жылдан асқан ұстазымыз Үміт Айтқұлова да халық үшін би өнерінің орны ерекше екенін айтып өтті.
Халқымызда бұрыннан қошеметке ие би өнері – сезім мен нәзіктікті жеткізуші өнер. Көрерменге айтар ақпаратты би тілімен көрсету үшін өнерпаздың тума дарыны, ерекше табиғи қабілеті болуы шарт. Музыкалық ырғаққа сай қозғалыстар арқылы мың бұралған сантүрлі образдарды бейнелеуге тырысады.
Жалпы бұл өнерде әдемі би мен әуезді музыканың негізі – шабыт пен импровизация. Осы екеуін қатар алып жүрген, би өнерінде 25 жылдық тәжірибесі бар, 200-ге жуық оқушы тәрбиелеген «Алтын-Арай» ән-би ансамблінің жетекшісі Үміт Әшімқызымен Маңғыстауда өткен байқау жайында сұхбаттасқан болатынбыз. Бұндай халықаралық деңгейдегі жарыстар оңай болмайды екен.
Бұл байқауға алдымен шақырту жіберіледі. Халықаралық байқауға алған шақыртуды ансамбль жетекшісі түрлі облыстық, республикалық, халықаралық жарыстардағы алған жүлделерімен байланыстырады. Себебі шақырту тек халықаралық байқауларда өнер көрсетіп жүрген өнерпаздарға ғана жіберіледі екен.
Атап айтар болсақ, «Алтын-Арай» би ансамблі осыған дейін облыстық «Таңшолпан», «Дельфий ойындары», «Ұлы дала өрнектері», «Биле-биле», «Ботақан» байқауларында бас жүлде, І орын иеленген. Республикалық, халықаралық «Аманат», «Жеті өнер», байқауларында І орын алған. Сонымен қатар Алматы қаласында өткен «Бозторғай» халықаралық балалар шығармашылығы байқауында І орын иеленген. Ташкент қаласында өткен халықаралық «Ташкентті сүйеміз» атты байқауда шәкірті Әсел Айдосқызы бас жүлдені жеңіп алды. Осы жүлделердің арқасында Маңғаз Маңғыстауда өткен байқауға жолдама алған.
– 2023 жылдың 7-11 қыркүйек аралығында Ақтау қаласында балалар шығармашылығына арналған «Біз – күн перзентіміз» атты халықаралық фестиваль-конкурсы өткізіліп, оған Армения, Азербайжан, Болгария, Грузия және Қазақстаннан балалар қатысып, түрлі жанрда өнер көрсетті. Қатысатын би ансамбльдер өте мықты дайындықпен келді. Ансамбльдерді көргенде шамалы көңіліміз түсіп, уайымдап қалдық, қаншама жерден жол тартып келгенде қалай болар екен деп уайымдағанымыз тағы бар. Конкурс болардан бір күн бұрын байқау ұйымдастырушылары бізге дайындалатын би залына көмектесті. Қыздар күні бойы дайындалып, нақтылап, биді қайта қоюға тура келді. Өйткені екі күн жолда жүргенде ұмытылып қалған, қанша дегенмен балалар ғой. Әр қимылын тазалап, қыздарды орнына қойдық. Қыздар жаз бойы демалмай, қыдырмай күнделікті дайындық жасағанының арқасында осы жоғары нәтижеге жетіп отыр. Өнерпаздарға Ақтау қаласына облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының Музыка және балалар бөлімінің меңгерушісі Бағдагүл Есмұрзаева жетекшілік етті. Осы байқауға баруыма қолдау білдірген бишілердің ата-аналарына, аудандық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Ш.Қалыбаевқа, сектор меңгерушісі Б.Дүйсенбиеваға, Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйінің басшысы Е.Әбуовке алғыс білдіремін, – деді Үміт Әшімқызы.
Қазіргі уақытта ұстаздың қарамағында биге қатысатын 50-ге жуық оқушы бар. Осыған дейінгі тәрбиелеген шәкірттердің ішінен ұстаздық етіп жүргендер де бар. Мысалы, Жалағаш музыкалық мектебінде Үсейін Айбарша хореограф би ұстазы қызметін атқарады. Руханият орталығында хореограф қызметін Алтынбек Манзура атқарады. №202 орта мектеп хореографы Әбділахат Назым, Қызылорда қаласындағы «Томирис би» ансамблінде Досманова Айдана мен Алматы қаласында «Балалар» би ансамблінің жетекшісі Сабытова Айда сияқты Үміт Әшімқызының шәкірттері қазіргі таңда ұстаздың жолын қуып, хареограф қызметінде өздері де шәкірт тәрбиелеп жүр.
Алдағы уақытта ансамбль қыздары Қырғызстан еліндегі халықаралық байқауға шақырту алған. Сол байқауға қызу дайындық үстінде. Сондай-ақ облыс, аудан көлеміндегі мәдени шараларға қатысуды да жоспарлап отыр.
Би өнері жас баланың бойына әр ұлттың төл рухани мәдениетін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын дарытады. Осындай игі қасиеттерді бойға сіңірген тұлғаның өз елінің ғана патриоты емес, өзге елдің де қазынасын құрметтей алатын әрі өркениеттің көшіне ілесе алатыны сөзсіз. Ұлы өнерді дәріптеп жүрген жерлестеріміздің әлі алар асуы алда.