Аймақ басшысы белгілі ақын Шәкизада Әбдікәрімовты мерейлі 65 жасымен құттықтады – Kyzylorda News
Басты бет

Аймақ басшысы белгілі ақын Шәкизада Әбдікәрімовты мерейлі 65 жасымен құттықтады

20.09.2021, 15:00

791 0

Kyzylorda-news.kz. Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова белгілі ақын, журналист, облыстық мәслихаттың депутаты, «Қызылорда қоғамдық телерадиокомпаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы Шәкизада Әбдікәрімовты мерейлі 65 жасымен құттықтап, дәстүрге сай иығына шапан жапты.

«Құрметті Шәкизада Өтетілеуұлы, Сізді мерейлі мерекеңізбен барша Сыр жұртшылығының атынан шын жүректен құттықтаймын! Еліміздің тәуелсіздігін нығайту, аймағымыздың қоғамдық-саяси, әсіресе рухани өмірін дамытуға ерекше еңбек сіңірген тұлға ретінде Сізді ерекше құрметтеймін. Бүгінде қасиетті Сыр топырағының киесінен шабыт алған Сіз шығармашылықтың өрлеу биігінен көрініп, туған жұртыңыздың мақтан тұтар тұлғаларының біріне айналдыңыз. Осындай елге құрметті азаматтарымызды үлгі етіп, еңбектерін бағалап, жасаған игі істерін ғибрат ету – біздің азаматтық парызымыз», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Басқосуда «Қазақстан» Республикалық телерадиокорпорациясы» акционерлік қоғамы Қызылорда облыстық филиалының директоры Жағыппар Қарабала мен облыстық мәслихат депутаты, «Ақмешіт ақшамы» газетінің бас редакторы Сәрсенкүл Бихожа мерейтой иесінің еңбек жолындағы елеулі сәттерді еске алып, жылы естеліктерімен бөлісті.

Жиын соңында арқалы ақын көрсетілген құрметке алғыс білдіріп, шығармашылығынан жыр-шумақтарын оқыды. Шәкизада Әбдікәрімов Қармақшы ауданы, «Дүр Оңғар» ауылында дүниеге келген.
Әл-Фараби атындағы Қазақтың ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген.

Еңбек жолын 1981 жылы Қармақшы аудандық «Коммунизм шамшырағы» газетінде әдеби қызметкер болып бастап, 1984 жылы арнаулы жолдамамен «Байқоңыр» телекомпаниясына редактор қызметіне тағайындалды. 1985-1995 жылдары осы телекомпанияның төрағасы қызметтеріне дейін көтерілді. Байқоңыр қалалық «Қазақ тілі» қоғамын басқарып, ғарыш айлағында тұңғыш қазақ тіліндегі «Ақжол» газетін шығарды.
Сонымен қатар, «Қазақстан» телеарнасының Қызылорда облысы бойынша меншікті тілшісі, Қызылорда арнайы экономикалық аймағы телекомпаниясының төрағасы қызметін атқарған.

Айта кету керек, ақын Шәкизада Әбдікәрімов еліміздің өркендеуіне және рухани дамуына ерекше үлес қосып жүрген елжанды азамат ретінде «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. «Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері», «Қазақстанның құрметті журналисі», «Белсенді қызметі үшін», «ҚР ақпарат саласының үздігі» төсбелгілерінің иегері. «Қармақшы ауданының, Қызылорда қаласының құрметті азаматы». Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік және «Болашақ» университеттерінің құрметті профессоры.

0

Пікір қалдыру