Kyzylorda-news.kz Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Дархан Қыдырәлі, Руслан Рүстемов және Наурызбай Байқадамовпен бірге аса көрнекті саяси қайраткер – Мұстафа Шоқайдың құрметіне арналған "Наршоқы" ескерткішіне барып, жұмысын саралады.

Мұстафа Шоқай Қызылорда облысы, Шиелі ауданының Сұлутөбе теміржол стансасынан он бес шақырым жердегі Наршоқы мекенінде 1890 жылдың 25 желтоқсанында (ескіше бойынша) дүниеге келген.

2023 жылдың 16 қарашасында Түркі әлемінің көсемі Мұстафа Шоқай бабамыздың кіндік қаны тамған Сұлутөбе ауылдық округіне қарасты, «Наршоқы» елді мекенінде ұрпақтарының ұйытқы болуымен ескерткіш белгі қойылды.

Мұстафа Шоқай ХХ ғасырдың басындағы қазақ интеллигенциясының ең жарқын өкілдерінің бірі, саналы өмірін қазақ халқының ғана емес, бүкіл түркі халықтарының азаттығы жолында арпалыспен өткізген.

Бүкіл түркі әлемінің тарихи тұлғасына айналған біртуар қайраткердің есімі Сыр бойында да жан-жақты ұлықталуда.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті жанында «Мұстафа Шоқай» ғылыми орталығы жұмыс жасайды.

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде Мұстафа Шоқайға арнайы экспозициялық бұрыш жасақталып, қоладан құйылған шағын бюсті орналастырылған.

Рахымжан Отарбаевтың «Мұстафа Шоқай» драмасы Нартай Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында сахналануда.

Бүгінгі күні облыста 2 мектепке, 14 көшеге тұлғаның есімі берілсе, 2 ескерткіші, 2 бюсті орнатылған (Қызылорда қаласында, Шиелі ауданында).

Алаш зиялыларының есімін ұлықтаумен қатар, соңғы жылдары аймақтың мәдениет пен руханият саласында ауқымды жұмыстар, тың жобалар жүзеге асырылуда.

Аймақ басшысы тарихи-мәдени ескерткіштердің маңызын өскелең ұрпаққа түсіндіру жауапкершілігі мол міндет екенін айтты. Сонымен қатар, ескерткішті күтіп ұстауға, тазалық жұмыстарын уақытылы жүргізуге қатысты тапсырмалар жүктеді.

5.jpg6.jpg

Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Тағы да оқыңыз: