Kyzylorda-news.kz Абай атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған сыныптары бар мектепте Республика күніне орай "Әже сөзі – ғасыр нұры" атты өнер фестивалі өтті.
Фестивальдің мақсаты – ұлттық мәдениетті сақтау арқылы оқушыларды рухани-адамгершілікке тәрбилеу және де ата-ана жауапкершілігін арттыру.
Байқауға әжелер бастауыш сыныпта оқитын немерелерімен қатысып, әже мен немере арасындағы әдемі байланысты керемет көрсете білді. Екі кезеңнен тұратын сайыста қатысушылар өз өнерлерін көрсетті. Атап айтар болсақ, бірінші кезеңде қатысушы әжелер мен немерелері өздерін таныстырса, екінші кезеңде әжесі немересіне тәрбиелік мәні бар ертегі айтып, қойылым көрсетті.
Қойылым барысында қатысушылар "Жалқау", "Жақсылық пен жамандық", "Тәртіпті түлкі", "Қазақ елшісі", "Ер Төстік", "Аң патшасы арыстанның шипасы", "Алтын балта" сынды мәні бар ертегілердің ұрпақ тәрбиесі жолында ерекше рөл атқаратынын түсіндіріп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Жалпы, бала тәрбиесіне әженің қосатын үлесі мол. Баланың дүниетанымын кеңейтіп, бойына адамгершілік пен ізгілік қасиеттерді сіңіретін де, салт-дәстүрімізбен таныстырып, аңыз, жыр, ертегі айтып, рухани азықпен байытатын да – әже.
Байқауды тамашалаған көрермен әже мен немеренің жүрек лүпілін естігендей болды. Әже мен немеренің сахнада бір-бірін толықтырып, қолдау көрсетуі, әжесі немересіне ыммен өзін қалай ұстау керектігін түсіндіруі, бәрі-бәрі балалық шаққа деген сағынышты оятып, тамашалап отырған жұрттың көңілін толқытып жіберді.
Байқау қорытындысы бойынша мектеп директоры Айгүл Өткелбаева барлық қатысушы әжелер мен немерелеріне сый-сыяпат жасап, алғыс айтып, ризашылығын білдірді.
Іс-шара соңында ардагерлер мектеп ұжымына тарту жасап, аулаға бірнеше көшет отырғызды.
