Kyzylorda-news.kz Жылқыны бағу мен оның өнімдерін ел игілігіне жарату, оны баптап, басын көбейту оңай шаруа емес, кәнігі өнер деуге келеді. Қазақ деген текті ұлттың қанына сіңген қасиет, өзгеден ерек болмысын аша түсетін ерекшелік.  Әсіресе қазақтың маңдайына біткен ұланғайыр даланы үйір-үйір жылқысыз елестету мүмкін емес. Төрт түліктің ішіндегі ең қасиеттісі, қадірлісі, тазасы да осы қамбар ата төлі. Халқымыздың жақсы адамды «жылқы мінезді» деуі де тегін емес. Әлемдік зерттеулерде де тұла бойы таза, қаны қызу жылқы малы ең алғаш рет қазақ даласында қолға үйретілгенін дәлелдейді. 

Халқымыздың қазақы болмысын айқындайтын құндылық және ежелгі көшпелі халық болғанымызды білдіретін басты нышан да осы жылқы. Жаңа дәуірдің салтанат құрған уақытында ұлттық құндылықтарымыздан ажырап қалмай, кейінгі ұрпаққа аманат ету парыз. Қазақты тануда жылқының алатын орны бөлек. «Астындағы жалғыз атын беретін» деп қазақтың кеңпейілділігін айтуда үлкен мән жатыр. Жылқы баптап ата кәсіпті жалғаған азаматтар баршылық. Жалағаш ауданындағы кәсіпкерлер арасында дәл осы кәсіп түрін дөңгелентіп отырғандар қатарында «Арсен-Агро» шаруа қожалығының төрағасы Сапар Есжанов та бар. Ат баптаған азаматпен хабарласқанымызда төрт түліктің төресін, қамбар ата түлігін күтіп-баптаудың өзі өнер екеніне тағы бір көз жеткіздік. 

– Атам заманда қолға үйретіліп, көшпелі халықтың қажетіне жараған жылқы малының қадір-қасиеті ерекше. Жылқы тектес халықтың өзі аттан, қазаны оттан түспеген. Көшпелі замандағы халықтың сенімді серігі, көлігі әрі қорегі де осы. Төрт түліктің ішіндегі ең тазасы, ең тектісі, адам денсаулығына ең пайдалысы да осы жылқы. 

Осы кәсіпті қолға алғаныма көп болған жоқ. Өз ісімді бастысы ата кәсіпті жалғайын, қазақтың қасиетті жылқысын күтіп-баптайын, санын көбейтейін деп бастадым. Осы жылы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 7 млн 600 мың теңге несие алдым. 230 гектар жер иелендім. 20 бас аналық жылқы алып, күтуден бастадым. Жылқыларға өзім қараймын. Иелікке алған жерімде жылқыларға жайылым етіп, өзінше үйір қылдық.  Негізі жайылымда еркін жүрген, таңдаған отын оттап, кеудесін суға төсеп су ішкен жылқы түлігі тез оңалады, тез кәдеге жарайды. Өйткені жылқы – еркіндіктің жануары. 

Қазір мемлекеттік бағдарламаның көмегімен кәсіп бастап, оның көкжиегін кеңейтуге болатынын бәрі біледі. Бұлар – елдің тұрмысын түзеуге, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге жұмыс істейтін бағдарламалар. Мемлекет кәсіппен айналысуға барлық жағдай жасап отыр. Өз нәпақамды кәсібімнен табамын дегенге жан-жақты қолдау бар. Тек көзін таба білу керек. Басқа ірі қара малын баққаннан жылқы малын баптау ерекше күтімді қажет етеді. Дегенмен ерінбесеңіз кез келген шаруаны ширатуға, жемісті еңбек етуге болады. Бұйыртса, мал басын көбейтіп, кәсіп көкжиегін кеңейту жоспарда бар, – дейді қаракеткендік кәсіпкер Сапар Есжанов.

Жаппай кәсіпкерлікті дамытуға ден қойған Жалағаш ауданында шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше ден қойылған. Биыл да өңірімізде кәсіпкерлікті әрі қарай дамыту үшін жүйелі жұмыстар жалғасын табуда. Бұған мемлекеттік бағдарламалармен ерекше мән беріліп, халықтың жұмыс жасап жатқандығын атап өтуге болады.  Кәсіпкерлік саласын дамытып, жұмыссыздар қатарын азайтуға бағытталған бағдарламалар әсіресе ауылдағы ағайынға шаруасын оңалтуға оңтайлы мүмкіндік беруде. Бүгінгі кейіпкеріміз бағдарлама игілігін көріп отырған жандардың біреуі ғана. Ал күтімі ерекше қамбар ата төлін көбейтуді қолға алған «Арсен-Агро» шаруа қожалығының төрағасы Сапар Есжанов адал еңбектің қашанда жемісті болатынына сенімді. Кәсіпкер ең бастысы мал басын көбейтіп алуды көздеп отыр. Мал басын арттырып алғаннан кейін өз өнімін нарыққа шығаратынын айтады.

Тағы да оқыңыз: