Kyzylorda-news.kz. Арал ауданында жастар саясатының оңтайлы жүзеге асып, жастарды жақсы іске жұмылдыруда ауқымды істерімен танылып жүрген жастар бар. Олар уақытпен санаспай, бар жастық жігері мен күш-қайратын елдің дамуына, жастардың көкірек көзі ояу болуына септігін тигізуде. Сондай жалынды жастардың бірі – Арал аудандық жастар ресурстық орталығының маманы Нұрсұлтан Алдамұратов. Ол 2023 жылдың қорытындысы бойынша облыстан «Жыл волонтері-2023» номинациясымен марапатталды.
Нұрсұлтан 2020 жылдан бері Арал ауданында жастармен жұмыс істеп келеді. Өзінің тыңғылықты тірлігімен танылған оның жастар ісін жүзеге асырып, ауданның өскелең буынын игілік іске үн қосуға септігін тигізу жолында жеткен жетістіктері баршылық.
– Жастармен жұмыс істейтін аудандық орталықта 3 жылдан бері маман ретінде жұмыс істеп келемін. Және «Жас толқын» еріктілер қоғамдық бірлестігінің жетекшісімін. Өзім де жас болған соң әркез тың идеялар мен жастарды заманмен үндесе отырып, қоғам өміріне бейімдейтін ойлар мазалайтын. Менің жұмысым осы салаға ойысқалы бері өз бойымда жаңа мүмкіндіктер ашыла бастады. Аралда жақсылыққа жаны құмар жастар баршылық. Тек оларды дұрыс бағыттай алсаң болғаны. Олар күн-түн демей елдегі орын алған оқыс оқиға кезінде де, түрлі мәдени-танымдық шараларда бей-жай қарамайтындықтарын көрсетіп, үн қосып жүр, – дейді Нұрсұлтан.
Қиындығы мен қызығы қатар жүретін, қоғамның қай саласында болмасын тысқары қалмайтын жастар екендігі белгілі. Нұрсұлтан үшін жастармен жұмыс істеу, өзінен кейінгі буынға ақылшы бола білу мәртебелі қызмет. Оның айтуынша, аз ғана уақыттың ішінде сүйікті ісіне айналған қызметінің қиыншылығын да елеп, ескере бермейтін көрінеді. «Жалғыз ағаш орман болмас» демекші, Нұрсұлтан өзі ғана жетістікке жетуді көздемейді. Студент жастардың басын біріктіріп, олармен бірлесіп көптеген иігі істерді тындыруда. Мәселен, коронавирус індеті мен өңірдегі қуаңшылық жағдайында, еліміздің әр өңірінде орын алған табиғи апат кезінде, саяси додаларды аралдық жастар өздерінің барлық мүмкіндіктерін көрсете білді. Бір сүйсінерлігі, олар осы қажырлы еңбегіне ешқандай ақы төленбейтінін білсе де тынбай еңбектенді. Солардың басында жүрген Нұрсұлтан жуырда облыстан "Жыл волонтері" атанып қайтты.
– Қызылорда қаласында аймағымыздың белсенді жастары бас қосты. Облыстық жастар ресурстық орталығында ауқымды әсерлі шара өтіп, оған барлық ауданнан жастар қатысқан болатын. Аталған шарада мен де марапат төрінен көрініп, Облыстық "Жыл волонтері" номинациясының иегері атандым. Бұл ауданымыздың жастар саясатына қосқан үлесімнің жемісі деп білемін, – дейді ол.
Нұрсұлтанның алға қойған жоспары көп, өз бастамаларын мұнан әрі де тыңғылықты жалғастыра бермек. Ол өзінің «Жас келсе–іске!» деген ұстанымынан әсте айнымай, тыңғылықты жұмыстарын әлі де көрсете береді.