Kyzylorda-news.kz Жас кәсіпкер Ержан Жайлыбаев жалағаштықтарға техникалық қызмет көрсетіп, автокөлік бөлшектерін сатумен айналысады. Бүгінде ол аудан жұртшылығына қажетті қызмет көрсетіп жүр. 

Кәсібің өрісті болуы үшін ынтаң жоғары, талғамың мықты болуы шарт. Іскер азамат Ержан Жайлыбаевтың ұстанымы осындай. Өз ісінің қыр-сырын терең меңгерген талапты жас бүгінде кәсібінен нәсіп тауып отыр.

Ержанның темір тұлпарға әуестігі басым. Ол өзінің автокөлігін сәйгүліктей баптап, игілігіне күтіп тұтынады. Көліктің ұсақ-түйек қосалқы бөлшектерін жатқа білетін ол темір тұлпардың маркасын да жақсылап есте сақтайды. Осыдан барып, оның ойына қажетті және сұранысқа сай орында көлік бөлшектерін сату идеясы келді. Оның айтуынша, техникалық қызметтерге сұраныс жоғары. Мұны ескерген кәсіпкер жалпы жоба құны 28 млн теңгені құрайтын техникалық қызмет көрсету орталығын ашты. Қазіргі таңда қажетті құрал-жабдықтарды әкеліп, халыққа сапалы қызмет көрсетуде. 

Орталықта автокөлік жуу орны, май ауыстыру орны, автобөлшектер және азық-түлік дүкені бар. Онда барлығы 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. 

– Мен өз кәсібімді ашпас бұрын, бизнес идеямды дамытып, іскерлік қабілетімді жетілдіре түстім. Содан кейін өз алдыма кәсіп ашуға бел будым. Бастапқыда дөңгелек жөндеу орталығының, көлік бөлшектерін сататын сауда орындарында болып, жұмысымен танысып, өзімді сынап көрдім. Қазір техникалық қызмет көрсету орталығын ашып, сұранысқа сай қызмет көрсетіп келеміз. Осымен тоқтап қалмай, кәсібімді одан әрі дамытқым келеді, – дейді іскер азамат. 

Жас кезінен осы кәсіпті армандаған Ержан тұрақты тұтынушылары көп екенін айтады. Бұлай болуы да заңдылық. Себебі ол ең алдымен кері байланысты мықтап қолға алған. 

– Кəсіптің дамуына кері байланыстың қосар үлесі орасан. Тіпті үй-үйге тапсырысты жеткізіп беруді қолға алдық. Басты мақсатым – тұтынушы талғамынан шыу, – дейді іскер азамат. 

Жас кәсіпкер мұндағы жұмысшылардың бәрі нағыз өз ісінің шебері екенін айтады.  Мәселен, желімдеу орталығында еңбек ететін Ринат есімді азамат бұған дейін қала орталығындағы техникалық қызмет көрсету орталықтарында еңбек етіп, тәжірибесін шындап келіпті. Орталық қызметкері мұндағы заманауи құрал-жабдықтар қызмет көрсетуде уақыт үнемдеуге пайдасы тиіп жатқанын жеткізді. 

– Мен бұған дейін осындай техникалық қызмет көрсету орталығында жұмыс жасап, көлік дөңгелегін желімдеу ісін үйрендім. Қазір Ержанмен бірге жұмыс жасап жатқаныма бір жылға жуық уақыт болды. Орталықтағы құрылғылардың бәрі жаңа. Соның арқасында тұтынушыларға дер кезінде қызмет көрсетіп, уақытты үнемдеуге мүмкіндік туды. Жалақым да жоғары. Қазір айына 100 мың теңге аламын. Мұнан бөлек тұтынушылар саны артып қосымша жұмыс жасасақ, тағы да айлығымыздан бөлек қаржы төленеді, – дейді желімдеу ісінің шебері Ринат ағамыз.

Жас болса да үлкен істі қолға алып, тұрғындардың сұранысына сай қызмет көрсетіп келе жатқан Е.Жайлыбаев облыс әкімі тағайындаған “Сыр үміті” сыйлығының иегері екенін де айта кеткен жөн. Өңірдегі қайырымдылық шараларға да қатысып, әркез аз қамтылған отбасыларына бағалы сыйлықтар үлестіріп келеді.

Тағы да оқыңыз: