Kyzylorda-news.kz Мұрат Ертуғановтың Жалағаш аудандық қорғаныс істер жөніндегі бөлімінде жұмыс істеп жатқанына біраз уақыт болды. Салада 25 жылдық тәжірибесі бар қажырлы маман жастардың Отан алдындағы борышын өтеуіне жол ашып, олардың әскери өмірде шыңдалуына қолғабыс етуде. Қазір әскер қатарында болған балалардың алды әр салада қажырлы еңбек етіп жатыр. Бірақ олар әлі күнге дейін ақыл-кеңес беріп, олардың өмірден өз орнын табуына сеп болған ағайларын ұмытпайды. Тіпті кей күндері сол балалардың ата-аналары да Мәкеңе алғыс айтып жатады. 

Иә, ол «мамандыққа адалдық» деген қағидаға берік, әріптестері де кейіпкеріміздің жұмыстағы табандылығы мен жауапкершілігін жоғары бағалайды. 

– Мәкеңмен әріптес болғаныма біраз уақыт болды, тапсырманы тиянақты орындайды, өз функциясына да мығым. Әсіресе ол әскер қатарына балаларды қа­­былдау алдында ата-аналармен, балалардың өз­де­­рімен үгіт-насихат жұмыстарын жүйелі жүргізеді. Әс­керге баруға енжар балалар болады, кейде ата-ана­лар да балаларын жібергісі келмейтін кездер бо­лады. Осындай кезде біз түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз, кейін ата-аналар да, балалар да түсініп, ойы­мыз бір жерден шығып жатады. Біз осындай жұмыстардың арқасында қаншама баланың Отан алдындағы бо­рышын өтеуіне жол аштық. Қазір олардың алды әр салада еңбек етіп жатыр, – дейді аудандық қорғаныс істер жөніндегі бөлім бастығы Ерсайын Бегімқұлов.

Шынында маусымында әскерге бала қабылдау, олар­дың әрқайсысының құжатын дайындау, медици­налық тексерістен өткізу, бәрі-бәрі оңай шаруа емес. Салаға сыртынан қараған адамға жұмысы жеңіл сияқты, бірақ әсте олай емес. Тереңінен қарасаң, әскери өмір­дегі жауапкершілік осы әскери комисариаттан басталатындай. 

Мұрат Ертуғанов жалағаштық жастардың әскерге баруға ынталы екенін айтады. Тіпті маусымында бұл жағынан мәселе де болмайды екен. Бұған бір жағынан жүйелі жұмыстың сеп болғанын да жасырмайды. 

– Қазір балалар Отан алдындағы борышын өтеуде белсенді. Бірлі-жарым балалардың кейде әскерге баруға құлықсыз болатын кездері де бар. Кейде ата-ана тарапынан да қарсылықтар кездеседі. Біз елді мекендерді аралап, олармен түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Соның арқасында қаншама бала әскерге барып қайтты. Бүгінде сол балалардың өздері де, ата-аналары да келіп алғыс айтып жатады. Біз сол балалармен мақтанамыз, қазір олардың көбісі әр салада жұмыс жасайды, – дейді Мұрат ағамыз.

Кейіпкеріміз 1984-1986 жылдары Украинада Отан ал­дындағы борышын өтеген. Әуе қорғаныс күш­тері қатарында шыңдалған сарбаз әкерде де өзінің табан­дылығымен, қырағылығымен көзге түскен. Сондай-ақ ол балалардың міндетті түрде әскерге баруы керек деп есептейді, себебі әскери өмір азаматты бірінші кезекте тәртіпке, жауапкершілікке баулиды екен.

Иә, кейіпкеріміздің бұл сөзіне алып-қосарымыз жоқ және оның бұлай айтуына нақты себеп те жоқ емес. Оның өз ісіне ұқыптылығы, жауапкершілігі бұл сөзін қуаттайды. Ол тек балалардың әскер қатарында бо­луына жол ашумен шектелмейді, 35 жасқа дейінгі аза­маттардың әскери салада жұмыс жасауына, осы салада білім алуына да қолғабыс етеді. Осы жолда атқарған еңбегі де елеусіз қалған жоқ, талай рет ма­рапат төрінен көрінді. Бірақ кейіпкеріміз мұның бәрінен халықтың алғысын жоғары қояды.

Тағы да оқыңыз: