Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жол және жаяу жүргіншілер қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қаралды. Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев селекторлық режим арқылы қатысты.

Үкімет отырысында көтерілген мәселелерге орай жауапты сала басшыларына бірқатар нақты тапсырма берілді.

Аймақ басшысы автомобиль жолдары мен көшелерге жол белгілерін орнатуды, тозығы жеткен жол белгілерін жаңартуды тапсырды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізі бойындағы елді мекендер тұрғындарына малды қараусыз жібермеуді түсіндіру жұмыстарын жандандыру қажет.

Облыстық полиция департаментіне автомобиль жолдарындағы авариялық қауіпті учаскелерді анықтауға, жол қозғалысы ережелерінің сақталуына бағытталған рейдтік іс-шараларды тұрақты өткізу міндеттелді.

Сонымен қатар, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалына «Қызылорда – Ақтөбе» бағытындағы айналма жол мен «Қызылорда –Сексеуіл» автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмыстарын қадағалау тапсырылды.

Өңірдегі 3525 шақырым автомобиль жолының 1025 шақырымы республикалық, 555 шақырымы облыстық және 1945 шақырымы  аудандық маңызы бар жолдар.

Биыл жол инфрақұрылымын дамытуға республикалық, облыстық және аудандық бюджеттерден 40,5 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат есебінен 168 шақырым автомобиль жолы, көшелер мен көпір өткелдерінде жөндеу жүргізілуде. Жол қауіпсіздігін сақтау мақсатында заманауи бақылау құралдары орнатылып жатыр. Жаяу жүргіншілер қатысқан жол-көлік оқиғалары талданып, қауіпті учаскелерге 15 «Sunqar» құрылғысы қойылды.

Аудандарда 539 бейнебақылау камерасы мен 49 жылдамдық өлшегіш іске қосылды. Қызылорда қаласында 1400 бейнебақылау камерасы, 80 зияткерлік қиылыс және 96 стационарлық жылдамдық өлшегіш жұмыс істейді.

Тағы да оқыңыз: