Kyzylorda-news.kz. Ақылдың ажар-көркін білім деп бағалаймыз. Өйткені сананың сәулеленіп, ой-өрістің дамуы үшін оқудың маңызы зор. Білім жолында үйренуді, ізденуді тоқтатпаған жанның бағындырар белесі биік болмақ. Мұндайда қағида мен ұстанымның берік болғаны да керек. Себебі «сен тұр, мен атайын» деген кіл мықтының арасынан сауатымен суырылып шығып, ақылымен білім алаңында топ жару оңай емес. Табандылық пен тапқырлық тоғысып, ұтқырлық пен ұшқыр ой үйлескенде діттеген мұратқа жетуге болады. Дамуда бөгелмейтін Ақжайық Тәжі де арман-мақсатына елеулі еңбектің, білімнің арқасында жетіп келеді. 

Иә жерлесіміз Бакуде өткен Халықаралық жобада жүлдеге ие болды. I Халықаралық зерттеушілер байқауына Қазақстан және өзгеде Шет ел мемлекеттерінен 120-ға жуық жас ғалымдар қатысқан. Байқау негізгі 3-кезеңнен тұрды. Қатысушылар алғашқы кезеңде 72 сағатта ғылыми мақалаларды дайындау туралы вебинарға қатысса, келесі кезеңде Алматы қаласы, Абай атындағы ҚазҰПУ-дан ішкі рецензент, ҚР ЖОО-дан рецензент, шетелдік рецензент қатысуымен үздік ғылыми жобаға сараптау жүргізілді. Үшінші кезеңде – Баку қаласы, Khazar University және Әзірбайжан мемлекеттік педагогикалық университетінің базасында өткен «Шығыс-Батыс: Бедел мен әлеуеті» ғылыми басылым редакторларының Бірінші Еуразиялық халықаралық форумында байқаудың жеңімпаздары анықталды. 

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің студенті Ақжайық Тәжі Ақжайық 3 кезеңнен де сүрінбей, финалда ІІІ-орынды иемденді. Оның ғылыми еңбегі Халықаралық деңгейде «Eurasian Scientific and Methodological Journal “East-West”» басылымына жарияланады және арнайы дипломмен марапатталды. Әлемдік деңгейде именбестен білім-білігін сынаған Ақжайықтың ғылыми жетекшісі педагогика ғылымдарының докторы, профессор Шарбан Майгельдиева.

— Жалпы байқаудың талабы өте жоғары болды. Себебі жоба Гарвард стильінде болуы міндетті еді. Әрі ағылшын тілінде өткізілді. Ағылшын тілін жетік меңгерген жас ғалымдар оның ішінде магистранттар мен докторанттар қатысты. Ғылыми жобаны даярлауға 4 ай көлемінде уақыт кетті. Яғни, ерекше қажеттілігі бар балалардың мінез- құлқын оңтайлы деңгейін қамтамасыз ету стратегиялық бағдарламасы жасалынды. Негізі жобаны жүзеге асырмас бұрын тәжірибе жүргізіп, тапқыр тақырыпты да солай таңдау керек. Эксперименттік тәжірибем «Асыл мирас» аутизмі бар балаларды қолдау орталығы және N6 есту қабілеті бұзылған балалардың арнайы (түзету) мектеп интернатында өтті. Алдағы уақытта тек Қызылорда қаласында емес, басқада өңірлерге дейін тәжірибе жасап, дамыту ойымда бар, - деді Ақжайық Тәжі. 

Таңдаған саласына тез бейімделіп, мамандығының қыр-сырын меңгеруге ұмтылу жетістікке жетелейтіні сөзсіз. Төрт жылдағы білімі бәсекеде басып озуға сеп болып, жобасы үздіктердің қатарына ілігуі қуанарлық жайт, жағымды жаңалық. Педагогика-психологияның әдіс-тәсілін үйреніп, жіті зерттегені еңбекте енжар еместігін дәлелдеді. Сондықтан балаларға бағытталған бастамасы жемісін беретіні анық. 

— Менің ең бірінші мамандығым бұл - емдеу ісі. Бұрын медициналық колледжде білім алдым және медицина саласына  жақындығы бар психология саласын таңдадым. Алдағы уақытта медициналық мекемелерге педагог-психолог болып жұмысқа тұру жоспарымда бар. 

Медицина саласында тәжірибеде жүрген кезде көп нәрсе түйдім. Мәселен адамдарға ең бірінші медициналық емнен бұрын психологиялық қолдау аса қатты қажет екенін түсіндім. Яғни қолдау көрсетіп, мотивация беру және оның ішкі күйін түсіне біліп, бағыт-бағдар беру маңызды. Ауырып жатқан науқасқа жылы жүзбен қарап, алдағы өміріне талпынысын жоймауы үшін күш-жігер беру адамдарға үлкен қуаныш сыйлайды екен, - деді ол. 

Тіршіліктің тірегі білім мен денсаулық десек, әсіресе бала жанының сау болғаны маңызды. Тәжірибе негізінде жоба жасап, ғылыми жаңалығын көпке ұсыну мамандығының мақсатын айқындай түсті. Әрі Ақжайық болашақ маман ретіндегі парызын парасатпен түсіне білгені көңілге қуаныш ұялатты. 

Тағы да оқыңыз: