Kyzylorda-news.kz. Алматыда жерасты өткелінде қызды зорламақ болған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «31» арнаға сілтеме жасап.
Ақпаратты қалалық полиция департаментінде де растады.
Әлеуметтік желілерде Ақкент шағын ауданында бойжеткенге шабуыл жасалғандығы туралы ақпарат пайда болды. Бет-аузын тұмшалаған адам 23 жастағы келіншекке ойына келгенін істеп кеткен. Оқиға болғалы бері үш күн өтсе де күдікті әлі ұсталмаған.
Ақтотының айтуынша, белгісіз адам қоңырау шалу үшін одан телефон сұрайды. Ол өзінде телефон жоқ екенін айтып, үйіне тезірек жетіп алуды қалайды. Сондықтан жерасты өткеліне түсіп, шыға берген кезде жаңағы белгісіз адам мойынан қысып, оны талтырып тастаған.
«Есімді жиған кезде айқайлайын десем, тамағымды қысып, «қазір айқайласаң, сені осы жерде өлтіріп, көміп кетемін» деді. Мен айқайладым, тағы да талдырып тастады», — дейді бойжеткен. Ол қазір далаға шығудан да қорқады.
Белгісіз ер-адаммен арпалысып жүріп Ақтоты жерден тас тауып алады. Таспен қаскөйдің басынан ұрып, қашып кетеді. Үйіне әрең жеткен қыз көршілерінен көмек сұрайды. Тұрғындар жабылып іздегенімен, ер-адамды ешкімді таппаған, оқиға орнынан ізін суытып үлгерген.
Белгілі болғандай, жерасты өткеліндегі камералардың ешбірі істемейді, анығырақ айтқанда, камералар тек онлайн жұмыс істеп, видеоны сақтамайды.
Ал қалалық полиция департаменті күдіктіні анықтап, заң алдында жауапқа тартылатынына сендірді. Қазір олар сот медициналық сараптамасының қорытындысын күтіп отыр.