Kyzylorda-news.kz. Өңіріміздің барлық дүкендерінде қант өнімдерін жаппай сатып алу жағдайлары орын алуда. Шағын дүкендерде сөрелер бос тұр. Осы жағдайды пайдаланғандар қант бағасын 450 теңгеге аудандарда 600 теңгеге дейін көтеріп сатқандары белгілі. Ірі супермаркеттер қантты тәулігіне шектелген мөлшерде адам басына 3-4 килограмнан беруге мәжбүр.
Бұл алыпсатарлардың қолдан жасаған жасанды дүрбелеңі дейді Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Айнұр Тлеулеева.
Облыста 334,2 тонна көлемінде қант қоры бар. Оның 106,6 тоннасы сауда үйлерінде, ал тұрақтандыру қорында 100,0 тонна. Жалпы елімізде қант тапшылығы жоқ.
Әлеуметтік желілерде бірнеше күн қатарынан қант тапшылығына байланысты жалған ақпараттар таралуда. Елімізде қант өндірісі күнделікті өндірілуде және тапшылық жоқ. Облыс тұрғындарын дүрбелең тудырмауға және жалған ақпараттарға ермеуге шақырамыз, – деді Айнұр Тлеулеева.
Бүгінде тұрақтандыру қорына «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰҚ» АҚ арқылы қосымша 136 тонна қант өнімін сатып алу бойынша жұмыстар атқарылуда.
«Қазіргі таңда әлеуметтік дүкендер мен бұрыштарда қант бағасы 263 теңгеден сатылып жатыр. Алдағы уақытта 2 вагонмен қант жеткізіледі. Бұл жобамен 4 айға дейін қант қоры жеткілікті деп отырмыз», – деді “Байқоңыр” ӘКК” АҚ басқарма төрағасының орынбасары Жеңісбек Ахметов.