Kyzylorda-news.kz. Жастардың кәсіпкерлікке ден қойғаны көңіл қуантады. Нарық заманында өздерінің сүйікті кәсібімен айналысып, тәуір табыс тауып, халықтың да қажетін өтеп отырған жастардың жаңа бастамаларына ризашылық танытпау мүмкін емес. Және олар кәсіпкерліктің тың түрін қолға алып, өздері өнім дайындаумен ерекшеленіп отыр. Сондай ізденімпаз жас кәсіпкердің бірі - Жұлдыз Қорғанова. Ол жуырда балғын және кептірілген жемістерден тәттілер дайындайтын сыйлық дүкенін ашты. Жұлдыз дүкенде түрлі мерекелік кештерде жасалатын сыйлықтардың түрлерінен бөлек, тәттілерден дәм татып отыруға арналған арнайы ойынды қарастырған.
Жұлдыз Бүркітқызы 23 жаста. Арал қаласының тумасы. Орал қаласынан агрономдық мамандықты меншіктеген ол «Барсакелмес» табиғи қорығында еңбек жолын бастаған. Бірақ оған мемлекеттік жұмыстан гөрі өзінің сүйікті ісімен айналысу анағұрлым ыңғайлы көрінді және мол табыс әкеле бастайды. Осылайша отбасында аспаздық өнермен жақсы таныс болып өскен қыз осыдан бір жыл бұрын балғын құлпынай мен банан қосылған заманауи үлгідегі тәттілер дайындауды қолға алады. Және пайдалы кептірілген жемістерден букеттер әзерлей бастайды.
– Әжем Жамал торт дайындайтын цехта еңбек етті. Тәттілердің небір түрін шебер дайындайтын. Кішкентайымнан әжемнен көзімізбен көріп, көкейге түйіп аспаздық өнердің қыр-сырын меңгердім. Бұрын үйде отбасым үшін дайындайтын қазіргі күні танымалдылыққа ие болған тіл үйірер тәттілерді неге кәсіпке айналдырмасқа деген ой келді. Алғаш тәттілер мен сыйлықтар дүкенін ашу туралы ойды анам Сәуле айтып, қолдау көрсетті. Кейін жолдасым Нұртуған, ата-енем де бұл іске деген бетбұрысымды бірден құптай кетті. Әрине, «жалғыз ағаш орман болмас» демекші, мен қанша тамақтан букет жасайтын шебер болсам да бір өзім мұндай дүкен ашуға шамам келмес еді. Жанымдағы жақын жандарымның қолдауының арқасында өз арманымды жүзеге асырдым, - дейді Жұлдыз.
Жұлдыз жеке қаражаты есебінен дүкенді заман талабына сай толық жабдықтап, қажетті дүниелермен жасақтап қойған. Мұнда құлпынайлы, бананды шоколадты сыйлыққа алумен қатар, осында отырып дәмін татуыңызға да мүмкіндік бар. 10 адамға арналған шағын орынжай қарастырылған. Дегенмен күнделікті табыстың басым көпшілігі жеткізу қызметі арқылы түсетін көрінеді.
– Бір ерекшелігі дүкенде тәттілерден дәм татып, тынығып отыруға арналған орынның болуы. Мұнда сіз өзіңіз қалаған жемісті тәттінің алдымен дәмін татып көріп, кейін тапсырыс берсеңіз болады. Ашылғанына аз ғана уақыт болса да тапсырыс берушілер баршылық. Жеткізу қызметі де қарастырылған. Көбіне сырт қаладағы адамдар Аралда тұратын жақындарының меншікті мерекелерінде қуанту үшін тапсырыс беріп жатады. Қызылорда облысы аумағы бойынша да тапсырыс алып отырамыз. Мен көбіне өнімнің сапасына мән беремін. Сол үшін піскен жеміс пен ең қымбат шоколадты таңдаймын, - дейді кәсіпкер.
Жақындарының қолдауымен армандаған кәсібін бастаған Жұлдыздың алға қойған жоспарлары мен тың идеялары баршылық. Жастық күш қайратын тұлғалық жағынан дамыту мен табысты әйелге айналуға арнап келе жатқан жас кәсіпкеріміз бір дүкенмен тоқталып қалмай, өз мүмкіндіктерін пайдаланып кәсібін кеңейтуді ойлайды.