Kyzylorda-news.kz. Кісі өлтіру дерегі бойынша үстінен қылмыстық іс қозғалған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы жұбайы Назым Қаһарман әлеуметтік желіде видеоүндеу жариялады, деп жазады Egemen.kz.

Ол желіде белгілі бір қолданушының осыдан біраз уақыт бұрын полицияға жазылған арыз негізінде қызының және өзінің абыройына нұқсан келтірмек болған жазбаның шындыққа жанаспайтынын мәлімдеп, арыз жазуға себеп болған оқиғаны баяндап берді. 

«Фейсбукте 28 ақпан күні Елена Семенова есімді қолданушы менің полицияға жазған арызымды толық оқып, түсінбей тұрып, қызымның абыройына нұқсан келтіретін мәнде пост жариялады. Ол айтқандай менің қызым Қуандық Бишімбаевтың екінші әйелінің туысқан ағасынан ешқандай зорлық-зомбылық көрмеді», деді ол.

Назым Қаһарман Салтанат Нүкенованың қазасына қайғыра көңіл айта отырып, арыздың астарындағы оқиғаны еске түсірді.

2023 жылдың наурызында оның қызы мен ұлы Бишімбаевтың үйінде болған. Сол уақытта болған төбелеске балалар куә болған.

«Қызым қорыққаннан маған хабарлама жіберді. Мен ол жаққа бармай тұрып, полицияға хабарластым. Мен бірінші кезекте Қуандыққа ашуландым, олардың қауіпсіздігіне жауап беруі керек еді. Ол жерде не болғанын білмедім. 102-ге телефон соғып, қызыма шабуыл жасалғаны туралы полицияға хабарластым. Оператор сексуалдық зорлық-зомбылық болды ма, жоқ па деп сұрады. Мен оған «жағдайды білмеймін, ол жерде болған жоқпын, келіңдер, анықтайық» дедім», деп түсіндірді Назым Қаһарман.

Кейіннен полициямен бірге жүргізілген тексеру нәтижесінде Салтанат Нүкенованың ағасы қызына зорлық-зомбылық көрсетпегені белгілі болған.

«Мәлімдеме жасаушының айтуынша,  Айтым Амангелді марқұм қарындасының үйіне оның соққыға жығылған суреттерін алғаннан кейін ғана келген. Сол сәтте үйде болмаған жұбайлардың қайда екенін Назым Қаһарманның балаларынан сұраумен шектелген», деп қосты экс-министрдің бұрынғы әйелі.

Оның айтуынша, балалардан жауап алынған. Осыдан кейін Айтым Амангелді балаларға қатысты ешқандай заң бұзбаған деген қорытынды жасалған.

«Мен Айтым (Айбек) Амангелдіні жақын танымаймын. Ол қызымның қасына келіп: «Балақай, қатты қорқып кеттің бе? Бәрі жақсы ма?» деп сұраған», деген Назым Қаһарман желідегі жазбаның жалған екенін алға тартты.

Тағы да оқыңыз: