Kyzylorda-news.kz Осы кезге дейін шалғай ауылдар арасында халық қажетіне сай түрлі сала бойынша көрсетілетін қызметтердің сапасына сын айтылп келгені жасырын емес. Ел болған соң қажеттілік туындамай тұрмайды. Ал оның барлығын шеше салу да табан астында болатын жұмыс емес. Ел билігі бұл мәселеде кешенді жұмыстарды қолға алып, маңызды деген шаруаларды кезең-кезеңімен шешудің жолын қарастырып келеді. Дәл қазіргі уақытта ауылдағы ағайынның жатса-тұрса сұрайтыны сапалы жол мен медициналық қызметтің қолжетімділігі еді. Енді міне бұл мәселе де уақыт алға озған сайын шешімін тауып келеді. Нақтысы күні кеше ауданға алты бірдей жедел-жәрдем автокөлігі келіп, аудан меицинасының техникалық базасы толыға түсті. 

Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев жаңа санитарлық көліктердің кілтін салтанатты түрде табыстады.

– Қазіргі таңда өңірімізде тұрғындардың медициналық қызметке қолжетімділігін арттыру, денсаулық сақтау инфрақұрылымын одан әрі жетілдіру мақсатында кешенді шаралар жүргізілуде. Соның бір көрінісі бүгін ауданымызға жедел жәрдем автокөліктері жеткізілуде. Жаңа көліктердің халықтың игілігіне қызмет жасауына тілектеспін – деді аудан басшысы.

Иә, бас ауырып, балтыры сыздаған ағайын үшін көмектің дер уақытын келгені және сапалы қызмет көрсетілгені олжа. Әрбір жанның өмірі үшін күресте мұндай мүмкіндіктердің көптеп қарастырылғаны ләзім. Әсіресе аудан орталығынан шалғайда орналасқан елді мекендер үшін жедел-жәрдем көліктері мүлтіксіз қызмет атқарса, елдегі медициналық қызмет сапасына елдің де көңілі толатыны анық. Осындай қажеттіліктер ескерілсе керек, ауданға келген жедел жәрдем автокөліктері Аққұм, Аралқұм, Жіңішкеқұм, Құланды ауылдық округтері мен Арал қаласындағы «Абай» емханасына берілді. 

Тағы да оқыңыз: